Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осыдан соң Шүкiман "Топайкөкке" шырқап кеттi. Көркем үнi ерiксiз ұйытып барады. Жiбек талдай жiңiшке бұралған, бөлек саз тапты. Абайға ән жер үнi емес, өмiрде сiрә естiлмеген, сымбат пен сыр лебiзiндей. Жiгiттердiң өзiне таныс болғанмен, "Топайкөк" бұрын мұндай үнде, дәл осындай жан бiтiп, iшiн ашқан емес-тi. Абай табынып, ұйып тыңдады. Бiр ғана сәтте Шүкiман жүзiне көзi түсiп едi. Сұлу жас қыз ендi қымсынбайды. Барлық сезiмтал жүрек, тал бойы мен күй ырғағына берiлген екен. Жiңiшке қасы кейде аз шытынап, кейде көтерiле керiлiп, iш толқынынан леп-леп елес бередi.

Қазiргi Шүкiман нәзiк ырғақ, мөлдiр саздың тұсында бар қасиетiн аша түстi. Өзгеше өнер нұрымен балқыған, ерекше сұлу едi. Әнiнде, ашық айқын бiр келiстi сарыннан басқа, үзiлмей iлескен, майда, рақат саз, бiр күмiс лебiз толқын бар.

Жiгiт жүрегiне, әсiресе, сол iлес үн өзгеше ыстық әсер етедi. Көз алдынан нелер сұлу көрiнiстер өтiп жатыр. Ай сәулесi сылдырап аққан жiңiшке бұлақ жүзiне түсiп, жарқырай қуана ма? Түн үнiне сүйсiнiп кеп, нұр сәулесiн төккендей бола ма! Сондай бiр сурет, әсiресе, көп елестейдi. Шүкiман тағы да баяу толқытып, салмақпен еркеленiп кеп, ақырындатып барып тоқтады. Жұрт тегiс жым-жырт сүйсiнiп, бағына тыңдап қалған екен.

Абай демiн iшiне тартып, үздiгiп қалыпты. Қуаныш, бақыт араласқан жарқын жүзбен қатты күрсiндi. Шүкiманға қарап, үндемей басын идi.

– Айтушысына кездеспей жүр екен ғой, сорлы! Мынандай боп айтылған "Топайкөкте" арман жоқ! – деп, Ербол тамашалап отыр.

Бұл Абайдың да ойы едi. Бiрақ ол iштегi рақат күйiн бұл арада сөзбен айтып жеткiзе алар емес. Көңiл толы нұр сәуле тұр, кернеп толқытқандай. Тiл қатып, сөйлеп көрсе, сол шексiз рақатын өзi бұзып қуғандай болар едi. Жалғыз ұғып бiлгенi, iшiнде күн туғандай. Анық бақыт сезедi. Күдер үздiрген, жоғалтқан бақыт, қайта оралып өзi келiп, еркелеп аяп, қайта тапқандай.

Осы сәтте Абай ойында қайтпас берiк байлау туды. Бiр кезде жастық, амалсыздық, әлсiздiкпен айрылып едi. Кешiрместей кiнәлы едi өзi сол үшiн. Ендi мынау жұлдызынан көз жазбақ емес, айрылмақ емес. Дүние ойран болсын. Ата-ана, ағайын-туған жат көрсiн. Барлық әлем оғат десiн, безсiн бұнан. Сонда да мынау көрiктен Абай безбек емес, айрылмақ емес. Айрылар болса тiрлiк те керек емес. Бар мұрат арманы ендi қайтып бұрылмастай боп, осы қиял, осы байлауға бекiп отыр.

Жастар жиыны тарқағанда, Абай Шүкiманға қайта-қайта бiр сөзбен алғыс айта бердi. Демi дiрiлдеп, жүзi өзгерiп жiгiттiң аузына басқа сөз түспей тұр. Шүкiманның көңiлi жүйрiк, сезiмтал едi. Ол сыпайы сызылып, қызара күлiп тұрып, Абайға соңғы рет көзiн салды. Қазiр ол бағанағы жiгiт емес. Алғаш көргендей паң, суық танылған Абай емес. Жүзi жылы, мiнезi майда жан секiлдi. Барын iрiкпей жабыса тартар, жақсы адамдай сезiлдi. Шүкiманның көрмеген, күтпеген жақсысы сияқты. Қыз оны туысындай көрдi. Жақын шырай берiп, ұзақ қарап, қоштасты. Жатарманға келгенде, Шүкiман бiр жақын жеңгесiнiң үйiне кеттi. Әуелi күйеу қонақтарын ертiп шықты да, содан өз үйiне оралған жоқ.

Ертеңiнде Абай мен Ербол Шiлiктi кезеңнен аттанып шығысымен, Шүкiман жайын ауызға алысты.

– Керiм... Керiм... Несiн айтасың! – дедi Абай.

– Әй, керiм! Әй, керiм! – деп, Ербол да сұқтанып, тамсанудың үстiнде едi.

"Абай" қалай айттың, қалай айттың?" деп жолдасының жаңағы айтысын қайта-қайта қайыртты да:

– Ал мен бiр нәрсе айтайын ба? Бұның Шүкiман деген аты сұлу емес. Сай емес. Жаңа ат қоямыз. Оны дәл осы арада сен таптың. Шүкiман аты қалсын, шын аты Әйгерiм! Әйгерiм болады! – дедi.

Бұлар әңгiмесi тағы да түндегi түстен басталып ғажап, қайран шындықпен аяқтаған, таң-тамаша сырға оралып кеп едi. Екеуi де ұзақ сөйлегенмен, не сыр барын, нендей халден осының бәрi туғанын бiле, ұға алмайды. Дағдара бередi. Ең аяғында Абай өзi бiр тұспал, болжал жасады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий