Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ербол, ақылға симаса да, мен бiр сөз айтайын ба? Дәл осындай боп, түсiнде алдын көру, – не соған салынған сәуегейдiң, көрiпкел, бақсы-балшының iсi. Немесе кiтаптар айтатын әулие, пiрдiң iсi. Мен мұның бiрi де емен. Қалайша көрдiм? Мерзiм алып, болжал етiп жүрген жайым емес. Бiрақ ақыл-санамен жүретiн көптен басқа, осындай сезiмтал сергектiк тағы бiр жандарда болады. Ол – ақындар. Осы мен тегi ақын болсам керек! – дедi.

Ербол Абайдың ақындығына ден қоюшы едi. Бiрақ мынау жөндi түгел ұғынған жоқ, үндемедi. Жат жұмбақ деп санаған күйде қала бердi. Абай да, ол да түндегi түс жайын дұрыс түсiне алмай, тек бал ашқандай боп, бұлдыр болжал жасады. Бiрақ " ақын болсам керек " деген сөздi Абай қазiрде бiр айқын сезiлiп келе жатқан шын шабыт үстiнде айтқан едi. Жол Шiлiктi кезеңнен асып ап, тура тартып, Орданың терiскей төсiне қарай сұлады.

Жүргiншiлердiң қарсы алдынан Шыңғыстың желi естi. Алыста, сахараның ғажайып ертегiсiндей боп, сұлу сағым толқынданады. Неше алуан бейнелер, елестер шығып, бадырая түсiп ереуiлдеп қояды. Кейде олар көк мұнар iшiнде қалқып, көтерiлiп, жерден үзiлiп, аспандап кетедi. Кейде тау, кейде қыстау, мола, кейде тоғай сүйтедi. Осы сағым ар жағында, көкшiл мұнар арасында. Шыңғыстың қалың қатпар, қара көк биiктерi көрiнедi.

Айнала, бар дүниенi ал қара көк бетеге мен шашақтанған ал күрең көде басыпты. Анда-санда жол жағасында түп-түп ши кездеседi. Теңселiп, ырғалып, тобыменен бiр ғана нәзiк, ызың үн салады. Өз хорымен өзi боп, бар тобы бiр ынтымақ күйiн тартып шайқала ма? Балапан көгiн бауырына алып, о да жаңа жастық, жаңа көктемдi мәдiктай ма?

Қуаныш,бақыт сездік тұрған ымдап…

Сырымды сөйлеп келем сөзбен сындап,

Ессе бір суыл қағып, жел сырласып,

Изейді шилер басын шын-шын шыңдап…-

деп, Абай бiр құлақ күй iздегендей болды. Бұл күнге дейiн арылмай келген көңiл кiрбеңi, түннен берi, дәл осы сәтте, өз-өзiнен – көзелiп, жадырап кеткендей. Қиял шабыт жолы да сол кеудеде саңғырап ашылғандай. Өлең асығып, қыстығып шыққандай, неше алуан бұралып, тез-тез оралып келедi. Жүректе ұйтқып асыққан қуаныш бар. Орныққан, тұрақтаған ой жоқ. Қызу жастық, кейде тентек, шәлкес сотқарлық тiлегендей де боп кетедi. Қазiргi термелеп келе жатқан өлеңдерi де дәл осы жүрек күйiне сай, үзiк-үзiк шығады. Дiрiлдеген шолақ тыныстай боп, жиi-жиi ауысып, сан бұралады. Сан рет ырғағынан жаңылып, құбыла түсiп, лықсып-лықсып шығады. Әншейiнде өз өлеңi жөнiнде, Абай өзi iздейтiн бiр қалыпты айнымас ырғақ, аумас "уәзiн" жоқ. Бiр кезде ол:

Сенсің жан ләззәті,

Сенсің тән шәрбәті…–

деп шығыс ақындарынша, сүлдер тауса термелейдi. Оған орай өзiнше ән-әуен iлестiрмек болады. Күй тiлiн өзiнен таппақ. Кiсi айтқанды айтса, өз сезiмi емес, оған сай емес, жалған жыр айтып қоятындай көрiнедi. Тағы бiр толқыған сәтте Тоғжан, Әйгерiм екеуiнiң де қастарын көз алдына келтiрiп, мiнсiз ыстық, сұлу көрiктi тамашалап кетiп:

…Жіңішке қара қасы сызып қойған

Бір жаңа ұқсатамын туған айды…–

дейдi. Сол айы бұрынғыдай аспанда емес, алыс емес, бұны таңдап, танып келiп, ендi қасына жақындап төнгендей. Осыны сезген сайын Абай тоқтаусыз жыр тередi. Жүректе, бала күнi, жас бозбала күнi қайтадан қуанып оянып, қайтадан сабырсыз шаттықпен ойнақшығандай. Қазiр қарсы алдында бұлыңдаған сағымдай боп, ендiгi тiршiлiк те ертегi қиял рақатына қарай дулатып тартады. Жастығын, шексiз шат жастығын қайта тапты. Сағынып, сүйсiнiп тапты. Соны табумен бiрге өзiнiң iшiнде қыстығып, бұйығы тартып, бой тежеп жүрген ақындықтың да ентелей тулап қанат қаққанын көрдi. Өлеңiнде ұшы-қиыр жоқ.

Бақыт тапқан, азаттық алған тор құсындай, елбiреп, ойнақ салып келе жатқан, еркелеген сөз бар. Оңай ойнап құралған ырғақтар мен ұйқастар бар. Кезек-кезек ауысқан, шапшаң ауысқан жеңiлдiгiне қарай, соған үйлесе кететiн әндер де ойына әлдеқайдан түсе-түсе кетедi.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий