Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Тұра тұр. Ғажап. Көзiмдi ашып алсам түс екен. Бiрақ ән "Топайкөк", дәл Тоғжанның өзi, соның алдында ғана айтқан қалпында, дәл Тоғжанның өз үнiмен айтылып, үзiлмей шырқап тұр. Өзге түс болсын, осы не? Түсiмде анау! Ал өңiмде, ешбiр басқа кiсiнiң үнi емес, шын жарымның өз үнi, қақ қасымнан шығып тұрғаны несi? – деп тағы да таң болған күйде тақатынан айрылды. Қозғалақтап жүрiп кетiп, Шекей үйiне қарай тағы да жалт етiп, шұғыл бұрылды.

Абай осы кеште болған өз халiн түнде де, ертеңiнде де түсiне алмай кеттi. Анығында Ербол екеуi ойлағандай "ғажайып" еш нәрсе жоқ едi. Оның көргенiнiң басы түс болатын. Тоғжанды түсiнде көрiп жатып, тынышсыз ұйқыдан шала ояна бергенде, анау үйдегi ән естiлiп, ол түсiне араласып кеткен. Сондай, ұйқы мен ояудың, түс пен өңiнiң арасында әсiресе шаршаған күнгi ұйқыда болатын қызық бiр, аралық хал едi.

Ерболдың жаңа берген уәдесi бар. Ол Абайға ендi екi айтқызбай, өзi жөнелдi. Кетерiнде жолдасына:

– Жә, тұра тұр ендi, мен барып шығайын. Сен менi тыстан тос, тез шығам! – деп кеттi.

Айтқанындай аздан соң, Ербол Абайға қарай асыға басып, тез оралып келдi. Бiрақ қазiргi Ербол, өзi де, жаңағы Абайдан да бетер аң-таң. Келе бере, жағасын ұстап, даусы қатты шығып, аптыға сөйледi.

– Құдай-ау, сенiң көргенiң түс емес, Абай. Өзi, дәл өзi отыр.

– Не дейсiң, жаным-ау! Тоғжан ба, өзi ме? Бәсе! Бәсе! – деп, Абай үйге қарай жұлқына бердi.

– Тоқта! – деп Ербол қатты бұйырды. Тоғжан емес. Өзi емес!

Абай оқыс бұрылып, қинала түңiлiп:

– Өй, не деп тұрсың? Не деп кеттiң? – дедi. Ерболға ыза бола бастады.

– Өзi емес. Бiрақ дәл өзiнiң егiзiнiң сыңары. Айналайын құдай-ау, айнымаған Тоғжан және сол Жәнiбекте көрген қалпы. Уылжыған жас күнi. Тоғжаннан айырса танығысыз бiр қыз отыр.

– Рас па, өй! Бұ не ғажап? Ән салған да сол ма екен?

– Әндi кiм салғанын бiлгем жоқ. Аты-жөнiн де сұрамадым. Тек көрдiм де, есiм шығып қалды.

– Ұқсағаны шын болса, ән де сонiкi. Басқанiкi болу мүмкiн емес.

– Сонiкi, мен де солай ойлаймын. Түсiн көрiп тұрып, тiптi сұрауды да керек емес деп бiлдiм. Ал ендi бұл не сиқыр, Абай-ау? Шырт ұйқыда жатып, сен қалай сездiң? Тегi бiр көрiпкелiң бар ма, жаным-ау? Түс демеймiн, бұл сәуегейлiк қой бiр. Әлде тiптi екеумiз де бiрiгiп ұйқыдан шатасып тұрмыз ба? – деп Ербол, өзi де шалық шалған кiсiдей бола бастады.

"Айнымаған Тоғжан" дегеннен берi, Абай осы ғана бiр сөздi қайта-қайта күбiрлеп айтып тұр. Жүрегi аттай тулайды. Көңiлiнде қуаныш та бар. Бiрақ, ұқсамай шығып, осының бәрi түс. Сандырақ қана болып, айыққан сағымдай жоқ боп кете ме деген қорқыныш та бар.

Ендi не де болса бiр сәулеге асыға ұмтылып, ұсынып тұр. Өртеп кетерi от болса да, сол ұсынған бойында, талпынбақ та құламақ.

Екеуi де үйге қарай басты.

Сол кезде Шекей үйiнiң есiгi ашылып, далаға қызғылт сәуле түстi. Күле сөйлесiп, тысқа шығып келе жатқан әйел дауыстары бiлiндi.

– Әне, солар да шықты. Қазiр ас iшуге бәрi тегiс бекей үйiне кiредi! – деп, Ербол Абайды өз үйлерiне қарай тартты. Олардан бұрын кiрмек.

Екi жiгiт үйге келiп, бұрынғы орындарына, төрге отырысты. Ербол отқа жақындай түсiп, тезектiң отын көсеп, қағыстырып жатып:

– Жарығырақ босын, осы отқа кiшкене қол тигiзейiншi! – деп жатыр.

Абай асығып күтiп отыр. Жастар онша тез кiрген жоқ. Тыста да әзiл-сыңқыл дауыстары шығып, бiраз бөгелiп қалды. Үйдегi Бекей мен Наймантай су, шылапшын қамдай бастады. Ақ құба әйел енесiн оятып, тұтқыш алып, қазанға жақындап келiп едi.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий