Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Дәл бүгiн осы Мұқа мен Көкбайдың тап ортасынан отыруға рұхсат па, қауым! – дедi. Мұқа төмен қағыла бердi.

Мұхаметжан келiп қасына отырғанда, Көкбайдың ойына бiр сезiк кiрiп қалды. Әнде де, ақындықта да осы, отырған жастардың ешқайсысына жол бермеймiн дейтiн кеуде Мұхаметжанда анық бар екенi күмәнсыз. Бүгiн өзiнде бiр қыжал бар сияқты. Мұхаметжан жайланып болмастан, Көкбай соқтыға сөйледi.

– Сақал-мұртына мұз қатып, шақыр-шұқыр басып келген кiм десем, ауыл екен ғой!

Мұхаметжан:

– Ауыл жаман болса, медресенi тастап, құдайдың үйiнен қашып, өзiң неғып ауылға барып жүрсiң?

Бұрын Көкбайдың молдалық оқуын оқығанын еске алып, жұртты күлдiре кеп, Мұхаметжан:

– Үндеме, береке сол ауылда, неғыласың! – дедi.

– Қай берекенi айтасың? – деген Көкбайға:

– Қай берекенi айтсаң да тауып беруге мен кепiл болайын. Тек шайымды iшкiзшi, жаным! – деп паңдана қарады. Осыдан соң Мұхаметжан үндеген жоқ, шайға кiрiстi. Өзгелер iшiп, жеп болған. Кейiн-кейiн шегiнiп, бұрынғыша әңгiме, әзiлдерiне ауысты. Шұбардың тiлегi бойынша ендi жұрт ән-күйге ауды.

Бұл кездердiң бәрiнде Мұхаметжан ашығып, тоңазып келген бетiнде үн қатпай, қызы-қартаны жеп, шайды мейлiнше көсiлiп, терлей iшiп отыр едi. Жұрттың өлеңiн де, әнiн де тiптi тыңдамаған тәрiздi. "Өзегiмдi жылытып алайын" деп қойып, Қысатай ұсынған коньяктан да бiр-екi рюмка iшiп алған.

Әредiкте бiр ретте Ысқақ бұған: "Абай аулына соқтың ба, денi сау ма екен?" деп сұрағанда, құр ғана: "соқтым, сау, сәлем айтты" деп қана шегiнiп шықты. Дастарқан жиылды. Осы кезде боздай шыққан, басым үндi Мұқа "Топай-көкке "сермеп отыр едi. Кейiн жұрттың тiлеуi бойынша тағы да басқа бiр-екi әндi айтып шықты. Соңғысы – бiр қоңыр ескi ән. Сөзi де "аулым көшiп барады көк қауланға" екен.

Осы әнi бiте бергенде, Мұхаметжан жұрттың сұрағанын күтпестен, тамағын кенеп ап, Мұқаның домбырасына қол созды. Анау да әнiн бiтiрiп,

– Осынша ақын жиылып ап, "жабағы арық, тай семiз көп сауғанға" деп отырармысың әлi күнге! Тыңдасаң өлеңнiң өлеңiн тыңда. Сөз олай емес, былай! – дедi де, бөгелместен ән соза жөнелдi.

Бұл кеткен Татьянаның нәзiк назы: "Амал-жоқ-қайттым-бiлдiрмей". Жұрт қалт етпей, тына қап тыңдады. Мұхаметжан әнiнiң бұларға мәлiм бiр ерекшелiгi – ешбiр сөзi шала болмай, анық естiлетiн, алғашқы бiр ауызды естiгенде, тыңдаушылар " бәйiт пе, орыс әнi ме?" деп, ненi тыңдап отырғанын айыра алмады. Аздан соң бұл әннiң өзгеше бiр қоңыр мұңы бар, шер толқытып шығарған, салмақты, терең ән екенi байқалды. Осымен қатар, әсiресе жұртты ұйыта бастаған – өлеңi мен тiлi едi.

Барлық жас ақындар мұңды ғашық лебiзiн ұққан сияқты болады. Бiрақ сонымен қатар, "осылай болса керек едi ғой" деумен бiрге, өзiмiз естiп көрмеген сыр мен шер екен-ау деп, құлай тыңдайды. Екi-үш ауыздан соң Мұхаметжанның аузына барлық елдiң көзi қадалып қапты. Таң-тамаша қалдырған ғажап саз. Және соншалық нәзiк бұралып ырғалған таза сезiмiмен сондайлық бiр ыстық жүрек тiл қатып, үн салғандай. Көзiнiң жасын iркiп тұрып айтқан, көз алдыңда дiрiлдеп, тыныс алып тұрған шыншыл көңiл.

Мұхаметжанның қызара нұрланған жүзiн көрiп, жаңағыдай әсем жырына елтiп отырып, ақкөңiл Ысқақ бiр әредiкте тiл қатып қалды.

– Ой, көмейiңнен айналайын! – дейдi. Әншейiнде күлерлiк те жай. Бiрақ мынау халде ешкiм де тыныштықты бұзған жоқ.

Әншi iркiлмей отырып, барлық "Татьяна-хатын" ақырына шейiн жырлап шықты да, күрсiнiп ап, маңдайының терiн сүрте бастады. Үй iшi сiлтiдей тынып қапты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий