Knigionline.co » Казахские книги » Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сол шақ түс ауып бара жатқан мезгіл еді. Бақтығұл тезірек ақтармалап, арқардың шек-қарнын алып тастап, етін бұзбастан, белінен бір опырып терісіне орап, жирен атқа зорға дегенде көтеріп арта салып, екі жағын шылбырмен мықтап таңып алып, атты жаяу жетектеп, ойға қарай тартты.

Күн екінді кезі болғанда, манағы қарағайдан өтіп, үлкен таудың ішінде, өзеннің жағасында отырған бай ауыл қыстауының үстінен кеп шықты.

Бұл – Шалқардың болысы Жарасбайдың аулы. Бақтығұл таңертеңнен бері қарай үндемей қамданғанда келмегі – осы ауыл. Арқарды да болыстың бәйбішесіне атып ала бармақ-ты. Мұнда келуге бекінгені бүгін ғана емес, Қозыбақ аулы шауып кеткен түннің ертеңіне-ақ еске алғаны Жарасбай болыс болатын.

Жарасбай – құр ғана болыс емес. Болыстықпен ғана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар; "ер, мықты" деп көпке аты жайылған адам. Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы басқа болыс, хажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ. Сүйенетін пана іздеп, үлкеннің ығын ойлаған шақта Бақтығұлдың үміт еткені осы Жарасбай болған. Барын берсе де, соған беріп, құлданамын десе де, айтқанына көніп, қайтсе де Жарасбайға жағынып көрмек.

Далада жалғыз жорытқан көк бөріше бар сырын өз ішіне түйіп, тығып келген тіршілік енді мұны талдырған. "Бағымды осымен де бір сынап көрейінші. Қозыбақ аулының атаған абақтысынан құтқарса, осы құтқарар болар ма?" деп, бір байлау жасаған.

Бай болыстың аулы көп малын тау мен ылдиға, құмға беліп-беліп отарлап жіберіп, енді ауыл иесі күздің суығынан қашып, қораға көшіп келіп, жарым-жартысы тамға кіріпті. Кеш тақаған соң, ауылдың басты еркектері тыста жүр. Арқар өңгерген Бақтығүл қораның алдына келіп сәлем бергенде, болыс арқарға көз салып, сәлемді жылы шыраймен алды. Ұзын бойлы, қызыл жүзді семіз болыс, басына сусар бөркін киіп, ақ елтірі ішікпен қыз-қыз қайнап, қызара бертіп, ажарланып тұр екен.

Мұның жасы Бақтығұлмен шамалас: – 37-лердің мөлшерінде. Қасында қошаметші екі ақсақал мен жеті жасар үлкен баласы, бірен-саран кедей-кепшік, малшы-көрші тұр.

Бақтығұл амандасып, аттан түскенде, қыстаудың кісі жүретін есігінен қолына құмған алып шығып келе жатқан толық денелі, ақсұр жүзді бәйбіше көрінді. Жайлы тыныш өмір әлпештеген таза, семіз күй байқалады.

Қанжығаға қызыл-жоса қан болып, төңкеріліп түскен шаңырақ мүйізді арқар бәйбішенің де бейілін тартты. Амандасып келіп, еркектермен бірге аттың о жақ, бұ жағына шығып, ол да арқарды тамаша етті. Бақтығұл соны байқап:

– Бәйбіше, бүгін таңертең осы ауылға келейін деп, атқа мінсем де, аң еті таңсық шығар, әуелі бір тауға шығып, аң көздеп көрейінші деп ем. Мына біреу көз болды, арнаған кісім өзің едің, кіргізіп ал, – деп байыпты сөйледі.

Бәйбіше көзін сықситыңқырай күліңкіреп, "қайтеміз?" дегендей, болысқа қарады. Жарасбай әйелінің бөгелгеніне күлді де:

– Кіргізіп ал, несі бар дейсің? Өз тасыңның аңы екен, бермеймін десе де, алып қалатын женің бар емес пе? – деп, сезін қостаған жұрттың бәрімен бірге сықылықтап күле берді.

Екі шалдың біреуі – осы ауылдың ежелгі көршісі, Жарасбайдың әкесімен сыйласқан досы. Мұның барлық мал-жанын басқарып жүретін аға дос есепті кісі. Өзі малқор да; пайдакүнем; Жарасбайдың жанкүйері Қайранбай. Сол бәйбішеге қарап:

– Қадиша, ал, қарағым, малай қатындар қайда, кіргізіп алсын. Қозыбақ аулы арамдағанмен, мұның қолындағының бәрі арам деп пе ең? Бұл Бақтығұл өзі тегінде ер кедей. Кеңлі түскен кісісіне жалғыз атын түсіп беретіні де бар. Арылмай жүрген бір қырсық та. Болмаса аларын да, берерін де біледі. Кемсінбеңдер! – деді.

Бақтығұлдың келген сапарына бұл сөз анық арман етер сөз еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий