Knigionline.co » Казахские книги » Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жарайды, сөз жетерлік болды. Бұл дегеніңнің бәрін мен мақұл көрдім. Қозыбақ аулы сенің ғана дұспаның емес. Дегенің шын болса, дер кезінде сол Қозыбақтан кегіңді алатын шақты да атармын, айтармын. Сен болсаң, мына сөзімді сол сілтеген бетімде атқарарсың. Әзірге Қозыбаққа біткен өр бізге де біткен. Қорықпа. Қозыбақ алмайды, құдай алады жаныңды. Тек әуелгі сөзі басылғанша аял ғыла тұрайық. Кейін түгелдей ығыма аламын. Айтам ғой, әзір Қозыбақ жұмысының арты басылсын. Сол сөз саябырла-ғанша, біздің ауылдың оны-мұны шаруасына, әрлі-берлі жүретін жұмысына араласа тұр. Содан әрі аздан соң болыстық жұмысының бір жеріне өзім орнықтырып алармын, – деді.

Көптен бері тілеген арманы осы болғандықтан, бар қолқасын бір-ақ алған кісідей мәз Бақтығұл мырза кедейдің ақтарылғыш мінезіне ауысты. Өз-өзінен шүлендігі ұстағандай боп, болысқа қолынан келген бар жақсылығын да, бар қадірлісін де аямай, ірікпей беруге бекінді.

– Айналайын болыс, маған әкем істемейтін жақсылық істейтін ажарыңды аңдадым. Керегі бейіл еді. Әуелде менен бойын алып қашар деп ем. Енді болса, өз басыңа достығыма, осы көрсеткен бейіліңе мына астымдағы жирен жорға атымды Жанғазыға мінгізейін деп отырмын. Құдай алдында қарызсыз. Менің аға болғандағы Жанғазыға істеген сыйым осы болсын, – деді.

Болыс үндеген жоқ. Қабылдағаны сол. Сөз де осы-мен біткен еді. Болыспен сөйлескен сөзін дәл жүрер шақта Бақтығұл Қадиша бәйбіше мен Жанғазыға келіп мәлімдеп, оларға да бірталай жібіген жайларын айтты. Іштегі арманын атай отырып, аяғында жирен аттың исі Шалқарға белгілі су жорға екенін баяндап келді де, Жанғазыға соны мінгізбек болғанын білдірді. Жас болса да, малды сүюді берік тоқыған, дүниені ыстық керіп, дәнігіп алған бай баласы қуанғаннан қызарып, күліп жіберді.

Аты шулы жорғаны ұсынғанды бәйбіше де теріс көрген жоқ.

Осыдан соң аз күн өткенде Жанғазы Бақтығұлдың аулына келіп үй ішін көріп, жирен жорғаны белдеуден шештіріп, мініп қайтпақшы болды. Сонымен болыс аулынан тапқан олжасына ырза болған Бақтығұл аяңдап үйіне қайтты. Кетерде мұның қатын-баласына сәлем-сауқат, сарқыт деп болыстың бәйбішесі жаңада сойған семіз тайдың қос қазысын қосып, бір-екі асым тәтті-дәмді ет салып берді. Сол олжамен шыр айланып, түнде күйлі үйге қонып, жақсы тоғайып шыққанға ажарсыз сұрқыл жүзі жаңғырып күреңденген Бақтығұл түс ауа үйіне келіп түсті.

V

Осы күннен былай қарай Жарасбай болыс пен Бақтығұлдың арасында ұзақ шаққа созылған іліктестік басталды. Алғашқы күз бен қыста, жау жағының өсек-аяңы бола ма деп, болыс Бақтығұлды кеңсе қызметіне алған жоқ. Бірақ үнемі аулында сақтады. Өз шаруасының неше алуан керегіне дамылсыз жүргізді. Еш бөтен жаққа мойын бұрғызбай, еңбеккер, де іскер жігіт қылып алды.

Сол мезгілдің тұсында болыс маңында қандай жиын-кеңес болса, қаншалық қалың топ атқамінерлер болса – барлығына да болыс Бақтығұлдың жайын мәлімдеп, әйгілей, жариялай жүрді. Тентекті тыйып, адам етіп алған қамқор, жақсы атанбақты өзі де тілейді. Мұның ажарына қарап, Бақтығұлға бұл елдің өзге басты кісілері де сенген сияқтанды.

Сәрсен, Қайранбай тәрізді Жарасбайдың жанама атқамінерлері болса, өздеріндей көп жуан атқамінерлер ортасында Бақтығұлға әдейілеп, арнап ырзалық айтады.

– Е, рахмет, жөніңді жаңа таптың, қайырлы болсын. Енді адам бол, – дегенсіп, үлкендік-батагөйлік ақжарқын тілек айтқан болысады.

Бақтығұл алғашқы қыс бойына тыным таппай, болыс аулының үлкен шаруасына араласты. Қай жұмыстың болса да орайын өзгеден артық біледі. Нелер қиын істің қисынын оңай табады.

Өзі шаруа жөнін бұрын бүйтіп бой салып істеп көрмесе де, жасынан баққаны жылқы ғана болып жүрсе де, з шаруасына асылында бой салып көрмеген қырсыз болса да, кәзір мүлде өзгерді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий