Knigionline.co » Казахские книги » Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жан-жақтан Сәтті жаулайтын, бұған еретін жуандарды бұ да терген. Өткен қыс бойында Сәттің болысы Бүргеннің ішінде Сәтке қарсы наразы ағайын болса, соларға сез салды. Партия қылмақ ниеті бар, қарсы тұруға жарайтындарды бауырына тартты. Дос қылып, ат та, ақша да жүргізе бастады. Дәл осындай партияны Сәт келіп, мұның еліне де салмақ болды. Бірақ Жарасбай өз елі ішіндегі наразыларды әзір бойымен басып, жеңіп алып келеді.

Сонымен қыстайғы бір ояз елді қақ жарған Сәт пен Жарасбайдың жаулығы өзге де себептерге қосылып ұлғайып келіп, енді үлкен келелі даудың, тартыстың бірі болды. Ояз келгенде Жарасбайдың тең түсері де, кем түсері де әзір белгісіз. Бірақ үш-төрт болыс бір рудан болғандықтан, солар жымы тұтастығына семіріп, Жарасбайды құр ғана ұлыққа тығылған пысықсымақ көріп, сырттан кіжіне, күбінуде шек білмей барады.

– Жарасбайдың қызуын оп-оңай басамыз.

– Оны қолмен үйретіп аламыз, – деген сөздерді шығара бастады.

Әуелде осындай сөзбен лаулаған жуандар көктемнен бері ептеп іске де көше бастаған. Ел қыстаудан көшерде Жарасбай жылқысынан үш ту бие, бір құр атты ұры әкетті. Жоғалғаннан бері сол малдан дерек болмайтын. Тек кеше Бүргенге іздетіп жіберген жоқ-шылар қайтып келді. Жылқыны Сәттің бай-жуан інісі Сәлмен алғызыпты. Бұны Жарасбайдың сол елдегі достары анықтап отыр. Көлденеңнің алдында жарыққа шығып айтпақшы болып, жүрек жардысын да алыпты. Ал жоқшылар осыны айтып Сәлменге барса, ол жауап бермей, боқтап ұрсып, айдап салыпты. Жіберген жоқшылары қайтып осындай хабар әкелген соң, Жарасбай түні бойы күйіп, қорланудан тыныштық ала алмады.

Таң атысымен ең әуелі мол арыз жазғызып, Сәрсен ақсақалды жоқшы ғып қалаға, ұлыққа аттандырды. Содан кейін қолма-қол қазақ жөнінен қолмен істейтін істің шарасына ауысты. Соңғы жұмыстың тұсында Жаныстың бірталай кісісімен ақыл қосып, ендігі бір қимылға бекінген. Күйін түс ауа қымызға қанып, желігіп шығар мөлшерде болыс Бақтығұлды өзінің сегіз қанат аппақ үйінің сыртындағы көгалға шақыртып алды. Қасында елдегі талас-тартыстар кезінде Жарасбайдың оң қолы болып жүретін серігі – Қоқыш бар: Бақтығұл келген соң-ақ, Жарасбай өз ниетін айтты.

Бір жылдан бері Бақтығұлды шын қиынға жұмсамай, қысталаң сын үстінде Бақтығұл ер қайратына табылатын адам деп сеніп келгенін сөйледі. Бақтығұл алда бір қиын кезең тұрғанын сезді де, Қоқыш пен Жарасбайға кезек қарап, өз басына арналған бір екімді күткендей болды. Дағдысы бойынша алғашқы сезді үндемей тосты. Жарасбай жаңағының жалғасы етіп, тағы бір тұспалдау нобай сөз айтты.

– Мынау елдің пәлесі тыйылар түрі жоқ. Тыныш отырып, мақұл кісі болайық десек, малымыздан құрық, басымыздан сырық дегендей арылар емес. Ел істегенді біз де істейтін кезге келдік білем, Бақтығұл. Сен қасыңа он жігітті таңдап ал да, бүгін кешке барымтаға аттанып барып, тапсаң – Сәлмен мен Сәттің дәл өзінен, ұшыраса алмасаң – исі Қозыбақтың бірінен әйтеуір бір айғыр үйір жылқы айдап кел, – деді. Сөзінің аяғына келіп, осылай түйді.

Бақтығұл әлі үндеген жоқ. Ойына бірталай нәрсе келді. "Пана таптым, адал жолда еңбекке салындым, соған себеп болды деп сенген кісім бұл еді. Бұл мені қайда, қалай жұмсап отыр?" деп, ұға алмай отыр еді.

Сол кезде бұжыр қара, күжірейген жуан мойын Қоқыш қыңыр сөзді қостай берді. Жарасбайдың айтқанын нық байлау етті.

– Қол болмай жол болмайды деп, мал алуды Сәттің өзі бастаған екен. Бірақ оныкі ұрлық болса, сенікі -адал малыңды қуған барымта. Қайда барса да, жауап бермеген соң, істелген орай қимыл екенін орыс-қазақтүгел ұғады, – деді де, күліңкіреп: – өзің немене, шар тартып, шабандап қалғансың ба, батырдың мұндайда желпініп шығатыны қайда? – деді.

Бақтығұл күлген жоқ.

– Батыр – батыр-ау, бірақ болыс, мені осы жолға жұмсамасаң қайтеді? Осы кез ұры еместі ұры ғып құтыртып, талай саққа, ағаш атқа мінгізіп жатқан пәлелі кез ғой. Көргенім аз емес еді ғой. Сақтансам ба деп едім. Менің Сәт, Сәлменмен ұстасар шамам бар ма еді, – деп тартынып көріп еді.

Бірақ болыс бұған ырық берген жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий