Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Уезд бен облыстың ұлықтары Ақбасқа барлық жұмысты ұттырмады. Өз қолдарымен іс қылмаған бір топты босатқанмен, Балағаздар жағын, Әділхан ісін қатты ұстап қалды. «Ашаршылық, жоқшылықтан туған амалсыз қимыл» деген сайын, қатая берді.

Ресей ішіндегі көп жерден шығып жатқан крестьян қарсылығы ояз бен жандаралдың көз алдына елестеген. Бір ойдан, бұндай іске барынша қатты жаза қолданбақ та болған: патшалықтың зәрлі закон ы ондай жерге барынша қадалмаққа керек.

Тек қана өздеріне сыры мәлім емес сахра уақиғасы болғандықтан және іздеуші жұрт көбейіп кеткендіктен барып, батыл қимылдай алмады. Тайсала соқты. Бірақ соның өзінде де отыз кісінің ішінен он шақты адамға жаза берді.

Басында ол жаза да сұмдық болатын. Балағаз, Әділхандар өмірлік каторгаға бұйырылады деп еді.

Ақбас пен Абайлар барды салып жүріп, көп жеңілдік тапты. Балағаздар каторгаға бармайды. Үркітке жер аударылатын болды.

Қалада жатқан барлық ағайын енді. Балағандармен қоштасқан уақытта жылап айрылысты. Бірақ көріспейміз деген жоқ. «Аз жылдар өткен соң, ел ішіне ораласыңдар, келесіңдер» - деп, алдағы күнге үміт артып ұзатты.

Абай енді елге қайтпақ еді. Соңғы рет Ақбаспен көріскелі келгенде, қарт адвокат Абайға ақыл айтты:

– Сен жас болсаң да ақылды адамсың. Халқыңа жаның ашиды екен. Оның зор қасиет. Бірақ сол елің мен өзіңнің қамыңды шын ойласаң, білім жарығына ұмтыл! Оқу ізде! - деді.

Бұл сөздер Абайдың өз арманының дәл үстінен түскен сөздер.

– Оқуға жаным құмар. Бірақ қайтіп оқимын? Школға түсуге ұлғайып кеттім... Басқа оқудың жолы бар ма? Ақыл айтыңызшы! - деген.

Адвокат көп мәслихат берді. Ең әуелі үлкейгендік бөгет емес екенін айтты.

Жасы қырыққа келіп те білім іздеп, өз-өзінен ізденіп, ғалым болып шыққан кісілер бар екен. Солардың аттарын атады. Және оқушы школға түспей оқуға болатынын да айтты.

Абай тез уақытта қайта келмекке уәде берді. Адвокат частный оқытатын учитель тауып бермек болды. Жалғыз-ақ, Абай өзі бұдан былай өздігінен көп ізденіп, қажымай, қадалып оқуға бекіп келсін. Сонда бұған білім есігі оңай ашылатынын сөйледі.

Жас жігіт талайдан бері көкейін тескен бір түйіннің шешуін тапқандай боп, қуанып кетті. Енді ауылға барып, үй ішінен рұқсат алып, пұл қамдап, тез уақытта қайта оралмақ боп, елге қайтты. Көптен бері жас көңіліне жат боп кеткен, көтеріңкі қызу мен сергек желік тауып қайтты.

Жидебайға келген соң, Абай көп бөгелген жоқ. Ділдә мен шешесінің рұхсатын оңай алды. Басқа кісілермен ақылдасқан жоқ. Соңғы күндер қала жаққа Мырзаханды жөнелткен. Соятын соғым жіберді. Ұстауға пұл керек.

Соған арнап, мұндағы соғым терілері мен бірен-саран ірі қара айдатты.

Енді өзі де жүргелі отыр.

Осы жазда Ділдәнің үшінші баласы туған-ды. Кішкентай, ақсарылау келген Әбдірахман әзір күлуге, талпынуға жарап қалды. Абайдың ең алғаш бейіл бере бастаған баласы осы. Өзінің еті де, түсі де ақшыл келген. Бет бітімі дөңгелек емес, сопақтау және жұқалаң. Қасы, көзі қиылып тұр. Бар тұлғасында нәзік келген бекзадалық бар. Ділдәнің бар баласы, рең жағынан Абайға тартпай шешеге тартып келеді. Бәрі де ақшыл сарғыш. Бірақ мына бала сонымен бірге, туысты, сүйкімді.

Абай Ділдәменен оңаша қоштасты. Көп сөз айтысқан жоқ. Татулық, тілеулестік арқасында қабақпен танысқан. Сөзге сараң, сырға сырдаң Ділдә бір-ақ айтты:

– Кәрі шешең бар, жас балаларың бар. Бізді ойламасаң да, соларды ескер.

Көп сарғайтпай, келе жүр! - деп күлген-ді. Оншалық күрсініп, қиналып қалатын, емес. Ондайға Ділдә шорқақ. Ішінде көп нәрсе жүрмейді. Жүрер болса, қатқыл мінез, қатаңдау үнмен оп-оңай айтып қалып отыратын. Абай әйеліне кешіріммен қарап, иығынан қақты да:

– Мен желік іздесіп бара жатқам жоқ. Адамшылық қасиетін іздеп барам!.. Соны ұққайсың! - деді.

Әбдірахманды киіндіріп тұрып, көтеріп қолына алып, шешесінің үйіне келді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий