Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Қайда жүрсең, аман жүр! Жаным да, тілегім де бір сендік, Базекем! -деп, тағы бір рет асығыс сүйді де, жалт беріп жүріп кетті. Келгені мен кеткенінің арасы бір ғана сәт. Жалғыз-ақ сол сәттің ішінде Базаралыға бар дүние төңкеріліп түскендей көрінді. Нұрғаным да кеудесіне сыймастай қуаныш әкетті.

Ол қуанышы - өмірінде ең алғаш татқан әйелдік махаббаттың қуанышы болатын.

Құнанбай әнеугүні Базаралының сымбатын мақтап, туысына сүйсінген еді. Бүгін кешке, дұшпан көзі болса да, бұндайлық азаматқа аяныш керектігін айтты. Осы екі кездің екеуінде де қырқылжың қарт өз аяғының қаншалық шалыс басылғанын, қалайша жаңсақ кеткенін сезген жоқ еді.

5

Абай мен Ербол қалаға кеп жатқалы бірталай күн өтті. Құнанбай балалары қалаға келсе, Тінібек байдың үйінде жатушы еді. Семейге Абайдан бұрын келген Тәкежан сол құданың үйіне түскен екен. Қасында Майбасар мен тілмәш, атшабарлары бар. Қоршап жүрген топыры көп. Соны көріп Абай мен Ербол Семей қаласының өзі ішінен пәтер алды. Орталық тұста Кәрім дейтін момындау саудагер бар еді. Балалары жоқ, ерлі-қатынды екі бас. Үш бөлмесі бар екен. Сол үйге түсті.

Қала арасы салт аттыға соншалық қолайлы емес. Бұрын баларақ кезінде қалада өскен Абай, сол қаланың ыңғайына икем, салт атты қойды да, шана жегіп жүретін болды.

Қазір Ербол мініп келген семіз көк атқа кәшаба шана жегіп, екі жігіт қатар отырып, сар желдіріп келеді. Күн ашық болғанмен, шытқыл аяз екен. Көше бойының шыныланып қалған қалың қары, көк аттың тағасы тиген сайын сықырлай түсіп, кірш-кірш етеді. Бұлар Семей қаласының даңқты адвокаты Ақбас Андрейдікіне келеді. Алғаш келе жатқаны осы.

Жігітек адамдарының ісіне Абай Семейге келісімен белсене кірісті. Бұл уақытта қала толған Тобықты. Әсіресе, қуғын көрген Жігітек пен қуғын салушы болыстар жағы қаптап жүр. Болыстар бұрын көрсетілген отыз кісінің жайындағы сөздерін «расқа шығарамыз, барарына барғызамыз» деп, сотқа да, ояз бен «жандаралға» да қағаз тоғытып жүр екен.

Жігітек кісілерінің әзіргі бастығы Бөжейдің баласы - Әділ. Бірақ оның өзі де, ақылшылары да кеңсе тәртібі мен қағаз тартысын білмейді. Ерте келсе де, жөн таба алмапты. Абай ең алдымен солардың ісін түзу беттетті. Ұстауда жатқан Балағаз, Әділхандардың қатын-баласы атынан арыздар жолдады. Болыс қағаздары баратын жерлердің бәріне енді жарыса түскен қарсы сөздер бар.

Тәкежан да есік-тесікті көп білмейді. Онысы Абайға мәлім. Бірақ оған кіріс-шығысты оңайлататын кісі Тінібек. Абай жақын арада сол Тінібекке кісі салып:

– Тәкежан Құнанбай баласы болса, менің де жөнім сол. Біздің болыс осы жолы абырой алатын, жақсы ат табатын іспен келіп отырған жоқ Өзін де, әкесін де жаман атқа ұшыратып, қарғыс алатын іске басты. Тінібек орынды кезде болысқан. Бірақ дәл бұл жолы жалған намыс дегенді айтып, ағайынның обалына қалғалы отырған Тәкежанға болыспасын! Шын достық ойласа, қайта тыюға себепші болсын! - деген.

Мұнысы Тәкежан жағын әлсіретем деген іс. Тінібек Абайға өзі кеп сөйлесіп, біраз іркіліп қалды.

Осымен қатар Абай істеткен бір жұмыс: адвокат жалдау. Облыстың үлкен адвокаты Ақбас, қазірде Балағаздардың ісін алып, жоқтаушылардан арыздар жиып, соны өзі өңдеп жазып, тиісті жерлерге беттетіп жатқан.

Абай мен Ербол Ертіс жағасындағы жалғыз қабат тас үйдің терезесінің алдына келіп тоқтады да ішке кірді.

Ақбасты бұлардың алғаш көргені осы. Бет ажарында оншалық кәрілік белгісі болмаса да, шашы аппақ, сақал-мұрты бурыл кісі екен. Бойы зор, бас бітімі ірі кел-ген, келбетті. Түсі ойлы кісідей салқын. Көзілдірік арқылы көрінген мөлдір көк көздері салмақты сабырымен, барлай қарайды.

Бұл үйде Ақбастан басқа, қара мұрт, таңқы мұрын тілмәш отыр екен.

Абаймен уақыт байласып, әдейі кеп тосып отырған. Ол мінезі жеңіл, білімге шолақ адам. Бірақ облыс сотының тілмәшы осы. Бір тәуірі, орысшаға жүйрік деседі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий