Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қасында қатарда келе жатқан Құнанбай жігіт кешеден бері жүрістен талып, қалғып келеді екен. Шоқпарын да қолына ұстамай, тақымына қыстырып қойыпты.

Жол бір бұраң сайға, тастақ жерге жеткенде, Абылғазы жаңағы жігіттің шоқпарын бірақ тартып алып, атынан жұлқып жіберіп, төңкере тастап, өз атының үстінен анау босаған атқа жалғыз-ақ қарғыған.

Құлап түскен жігіт, енді есін жиып, екінші тұтқынның астындағы жаман шабдардың тізгінінен ұстай алды да, айғай салды.

Бұл кезде Абылғазы аттың басын кейін бұрып ап, ағыза жөнелген.

Алдыңғылар хабарланып, шуласып жүріп, ақыл тапқанша, Абылғазы ұзап кетті. Кеш қараңғылығы да қоюлап келе жатқан. Ызғұтты: біреуін қуамыз деп көбінен айрылармыз деп, ілгері тарта берді... Жалғыз-ақ, енді қолдың артына өзі түсті.

Барлық топты шоқтай қып иіріп айдап отырып, Бөкенші асуынан асырды.

Қарашоқыдағы Құнанбай қыстауының тұсымен өтпекші. Сол маңға жақындап келгенде, Төлепбердіні Құнанбайға жөнелтті. Ұстап әкеле жатқан хабарды айтумен бірге, Құнанбай қашқындарды көрем дей ме екен? Алатын жауабы бар ма екен? Соны сұратқан.

Құнанбай Төлепберді хабарын есітті де, қысқа ғана бұйрық берді.

– Мұсақұлға апартыңдар. Тәкежан мен тілмашқа айт, дәл осы бүгінгі түннен қалдырмай, Семейге жөнелтсін. Тегіс арбаға мінгізіп, күзетін мықтап отырып, абақтыға апарып, бір-ақ табыс етсін. Айналсоқтап, жалтақтамасын!

Сыбаға сол! - деді.

Тәкежан Семейге кетпеген-ді. Кешегі жиында Құнанбай жұрт көзінше оған бұйрық бергенмен, артынан: «Өзің барма, кісі шаптыр» деген.

Кеңсесіне қашқындар келісімен Тәкежан асығыс қимылдады. Құнанбайдың айтқанын дәл орындап, осы түн ішінде, барлық жігіттерді Семейдің абақтысына жөнелтті.

Сөйтіп, ел-жұрт Балағаздардың ұсталғаны туралы анық, толық хабар алып болғанша, тұтқындар ұзап кетті.

Бұл күндерде Құнанбай мен жаңа болыстың мінезі, - тырнағына тышқан ілінген мысықтай. Гүрілдеп, айбар шегіп, жота жүні үрпиіп, түстерінен от шашып тұрған. Сөйлесе, шеттерінен қалшылдап сөйлейді. Жазықсыз тепкі көрген, ыза шеккен кісі болады. Екі-үш күннен бері айналаның барлығына:

– Почта талапты Әділхан!

– Не деген сұмдық! Неткен қастық!

– Аяспайтын жаулық қой! Қазынаның қағазын жойып, Тәкежан басы бәлеге ілінсін дегені ғой!

– Шатаққа ұшырап, жоқ болсын дегені! Мұндай сұмдықты көрген бар ма? -десіп, дабыл қағып жатты.

Бірақ ішкі сырға, шынға келгенде, сол өрекпулер қаншалық бақырауық даңғаза болса, солғұрлым жалған болатын. Құйындатып, қара борандатып келгендегі, анық мақсат басқада жатыр. Бұл күнге шейін қаншалық дауласып жүргенмен, бұл елдің ортасында біреуге біреу абақтыға салғызу, жер аударту, каторгіге айдату сияқты істерді істеп көрмеген.

Ертең ес жиғанда, барлық ағайынға сұмдық боп көрінетін іс осы екенін Құнанбайлар таниды. Сол жат қылықтың бетін бүркеу үшін жаңағы жалған шуды басымдатып отыр.

Бұрын өз тұсында мұндайлық істі істемеген Құнанбай, Балағаздар қарсысына келгенде, басқа қырға мінді. Өйткен себебі, Жігітектің мына жастары бастаған істің түбінен ол аса қатты сескенген.

Балағаздар ісін Құнанбай өз ішінде ұрлық деп бағалаған жоқ, тамырлы, түбірлі наразылық, қарсылық деп білді. Анада Базаралы айтып кеткен сөз бен Балағаздардың қылықтары астыртын астасып жатыр. Көпке тимей жеке жерлерге тиетіні және, әсіресе, Ырғызбайдай оқшау топтарға соқтығатыны соны көрсетті. Әлсіз бен көпке тимегендіктен, қалың ел арасында сүйсінушілер көбейіп барады.

Ашаршылық, жоқшылық қамауында отырған жұрт енді осыған ден қойып кетсе, не болмақ? Мұндай ойларға байланған сайын, Құнанбай үрке беретін.

Балағаздарға барды салып, кәр төккен себептері сондайдан туған. Ел жүрегін шайлықтырам, түңілтем дейді.

Бір жағын жаза, бір жағын кінәға сүйеп отырып, үркітіп тыям дейді.

Бірақ осы сырды Құнанбай өз ойында құпия сақтағанмен, ел ішінде сезгендер де болды.

Көпшілік Балағаздарға істелген қаттылықты қостаған да, ақтаған да жоқ.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий