Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жау алыста деп еркін шауып келе жатқан Төлепберділер үздік-создық келе жатқан. Балағаз қуғыншының алдындағы Жұмағұл мен Елеусізді ілгері өткізе беріп, тиіп кеп кетті. Екі жігітке қарсы бұлар үшеу боп араласқан. Қайың сойыл, қара шоқпарлар екі-үш рет айқұш-ұйқыш тиісті. Әрі мықты, әрі айлакер Балағаздар Жұмағұл мен Елеусізді мегдетіп кетті. Ес жиып, айғай салуға да мұрша бермеді. Балағаздың өзі мен Абылғазы ана екеуінің сойылдарын ұшырып-ұшырып жіберіп, бір-бір-ақ салып ұрып жықты.

Екеуінің астындағы аттарын да іліп алып, тартып кетті.

Қуғыншының алдын оп-оңай ұйпап алып кеткен жауларға отряд енді беттей алмай қалды. Барлық топ ұйлығып тұрып-тұрып, сол арадан кейін қайтты.

Бірақ тек қайтпады. Қашқындар атшабардың басын жарып, атын алып кеткендіктен, қайта жүрген сапарда бұл отряд момын елді шапты.

Жігітек ішіне келіп бейбіт отырған Қараша, Қаумен ауылдарының ірі қараларын қуып кетті. Жалғыз бұл ауылдар емес, көршілес Үркімбай, Қарақандардан да мал алды. Әр үйдің бір-бір бұтартарын, жапа-жалғыз сауындарын қуып кетті. Бұндай істер де бұл күнге шейін болып көрген еместі.

Не көрсе, айыпкердің өзі көретін. «Қолы еткеннің мойны көтереді» десетін.

Тәкежан жаңа сұмдық бастап, кемпір-шал мен қызыл қарын жас баланың талшығына да шеңгел салды.

Кешке шейін осы хабарды тегіс естіген Жігітек ауылдары үрпиісіп қалды.

«Заман не боп барады? Күн райы қалай бұзылды? Ит ашуын тырнадан алғаны ма» деп тіксінді. Сыбайлас Көтібақ, Бөкенші де мынау қимылдарды ұнатпады.

Әсіресе, батқаны - жазықсыз Қауменнің жаза шеккені. Бұның Балағаздан безіп шыққанын жұрттың бәрі есіткен. Ал Үркімбай, Қарақандар болса, тіпті жазықсыз.

Кімнен көрерін, не деп көрерін білмесе де, қалың ел: «Тағы бір бәле түйілді» деп, күңкілдеп қалысты.

Болыстың кеңсесін Тәкежан Мұсақұлға әкеп, өз қыстауына құрған-ды.

Айналасында тілмаш, старшын, атшабарлармен бірге, Майбасар, Жақып сияқты ақылшылары көп. Топыры мол. Бұл жиын Балағаздың қылығына кіжіне түсіп, Жігітек ішіне істеп отырғандарын орынды сыбаға деп білді.

Осыдан үш күн өткен соң отряд қайтып кетті. Бұлар кешелер тағы шығып, іздеп көрсе де Балағаздарды кездестіре алмаған.

Тегінде жұртты сескендіріп, қашқындардың жүрегін шайлықтыру үшін шығарылған отряд еді.

Жаңа ұлықтың қоқан-лоқысы істелді. Енді қайтқанына болыс та қарсы болмаған. Оларды жөнелтіп жіберіп, қазірде «піргауар» жиып, қағаздарын мығымдап қалаға шағым жолдағалы жатыр.

Тәкежанның әскер әкелгенінен Абай жиренген болатын. Қалың елді өрекпіткен сотқар қылықтарын Жидебайға келуші жұрттан есітіп, Абай атқа мінген-ді.

Мұсақұлға келсе, Базаралы да сонда екен. Ол Абай көзінше Тәкежанға салмақ салды.

– Алыссаң, тентек деп бізбен алыс. Онсыз да титығына жетіп отырған момында нең бар? Қатын-баламызды аштан қырам демесең, алғаныңды қайтар!

Жалғыз-жарым сауын мен тірлігі осы сен әкеткен азғана қарада тұр.

Жайымызды ұқ, ағайын... - деп еді. Тәкежан оң сөйлеспей ашуға басты: «Әлі түк көрген жоқсың. Балағаз, Абылғазыны ұстамай басылмаймын. Елге әрекет салып отырған мен емес. Солар!» - деген.

Базаралы ыза болды.

– Ендеше, Балағаз ұсталғанша тамам елді көгендеп, тізем десеңші.

Тәкежан бұған қарсы дүрсе қоя берді.

– Әлі сен қайдан ара ағайын боп шықтың? Өзіңді би ететін кім осы? Балағаз үшін айыпкер етпей, кепіл етпей отырғанымды неге ағайындық деп білмейсің?

Шынға келсең, мен айтайын, Балағаз тыйылмайтын болса, ендігі отқа сен күйесің. Құтылмайсың!

Бұл зілінен Базаралы қорыққан жоқ.

–Ой, жаратқан тәңір, ақыл иесі болған естиярмен сөйлесіп отыр екем десем, жаңылыппын ғой. Сен де бір атарман екесің ғой. Бүйткенше, атшабарың Жұмағұлдан жауап алып, қайта беруім екен ғой! - деді де, тұрып кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий