Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай күз бойы өзінше бір оқшау, жалғыз болған. Көбінше, домбыра тартып, күй күңіренте береді. Шешен қоңыр домбыра биыл тіпті ділмәр болып алғандай.

Көп-көп сырлар айтады. «Саймақтың сары өзенін» тартса да, «Қос қыздың жылағанын», «Боз торғайдың шырлағанын» тыңдаса да баяғы сарын көп жайды баян ететін болды. Нелер айтады? Желді аяқ желмаясын жосытқан Асанқайғы да, ашты күйін бебеулеткен Алшағыр да - барлығы да тыным таппай безек қағады. Ылғи бір көргеніне көне алмай, аңсағанын ала алмай, зар-зар шеккен күйінділер. Бәрінің де қасиеті - іздене талпынады, толғана ширығады.

Енді Абай ойының көбі, осы жазда Қадырбайдан естіген, соған өзі айтқан үлкен толғауларының жайы. Қадырбай сонда: «Өткен заман талай шерін тастап кеткен» дейтін. «Ақынның аңсауынан, әншінің ырғағынан, күйшінің кер толғауынан соны көр» дегендей болатын. Абай өз ойына, сол өткен күндер тілшісі болған кәрі домбыраның сырын жалғайды.

Бұрынғы қызық, сауық дегеннің, жастық жүріс дегеннің бәрін де әзірше ұмытқан тәрізді.

Осы жақын шақта Ербол келіп, Абайды ертіп әкетпек болған. Еліктіріп, қызыққа салмақ болатын. Кейбір жүрістерді еске салып, сұлу қыздардың аттарын атап еді.

Абай бұған да салқын қарады. Сол Ербол қонып жатқан күндерде, «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» деген ұзақ бір жыр жазды. Мұнысы Ербол ұсынған желіктерге өзінше жатырақ қарай бастаған бет сияқты. Ерболға айтқан жауап та осы. Домбыраға қосылып, ұзақ әнмен айтып бергенде, Ербол дауласа жөнелді.

– Тәңір, өзің жас дәуренге қош айтайын дегеннен аманбысың? Жиырма беске жасың келмей жатып, бұ неменең? Ондайыңа көнетін кісі жоқ!.. - деген.

Абай Ерболдың наразылығын түсінді де, күліп қойды. Оңаша кездерінде бұрынғыша домбыраға қосылып, көп ойларын термелеп айта беретін. Енді бірнеше күн бойынша, жалғыз күйі осы «Сап-сап, көңілім» ғана болды.

Ербол бұл өлеңнің түбін жақтырмаса да сөзін ұнатты. Сондықтан кейде Абай әніне қосылып та кетеді. Осымен, дәл бір он күн бойына екі жас жігіт өздері кешіп өткен ең алғашқы албырт жастыққа ұзақ-ұзақ «қош-қошын» айтқандай болды.

Сүйтіп жүріп, бір күні Ербол қайтатын мезгілге жеткенде, Абай тағы да сырласқандай боп:

– Кәрілікті шақырып жүргенім жок, Ербол. Жастығымды неге қияйын?

Дүниенің оны айырбас етерлік қай тәттісі бар. Мәлім ғой. Тек енді бала жастық пен албырт жастық орнына нәрлі жастық іздеймін. Бұл жолда да құштарым көп.

Ендігі көксегендерімді айтсам да, көкірегім қарс айрылады. Бір білерсің...

айтармын! - деген. Мұнысы анық сыры.

Құнанбайдың шақыртуы осы әңгімелер үстіне келген. Сол күні Ербол қайтып кетті де, Абай Қарашоқыға тартты.

Ел орынға отырар кезде Абай Қарашоқыдағы қыстауға тақап еді. Тоғайлы өзекте, қарсы алдынан келе жатқан жалғыз салт аттыны көрді. Бойы ұзын, екі иіні есіктей біреу екен. Жақындап келгенде, өз інісі Оспан боп шықты. Қараңғы кеште енді ғана аңғарып, Абай таңданып қалды. Әншейінде күнде көріп жүрген інісін дәл мұндай үлкен денелі деп білмейтін. Қазірде он сегіз, он тоғызға кеп қалған Оспан тіпті алпамсадай боп кетіпті. Абайдан әрі биік, әрі сүйекті, ірі.

Оспан қатты жүріп кеп, Абайды таныды да, шұғыл тоқтады. Тоқтай сала, күле сөйлеп:

– Бүгін әкемнің алдына бара қап ем. «Аузың ораза ма? Бес уақыт намаз оқимысың? Мұсылмандық парызын атқарамысың?» деп, дәл бір Мүңкір-Нәңкірдей тергеуге алғаны. Шынымды айтып: сол атағаныңыздың бәрінен осы жайын құлан қандай таза болса, мен де сондай тазамын дегелі бір тұрдым да, бата алмадым. Шатақ шығатын. Сонан соң қайтейін? Е, бәрі де солай дегенім.

Осыған ырза болып, өзімді мақтап, күні бойы қасында сарғайтпасын ба кеп?!

Амал жоқ, дәретсіз намаз да оқыдым. Өтірік ораза да болдым. Бүйте берсе, шындығына біржолата көзін жеткізейін деп, өзімен бірге ауыз да аштым. Жаңа ауыз ашарға істеген барлық ыстық тамағын сыпырып-сиырып жеп, үйге қайтып келемін. Міне сүйтіп, әкеңізді алдап соғып келе жатқан Оспан біз боламыз, -деп қарқылдап, ұзақ күлді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий