Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тынығу керек болғанда, қуғыншылардың жаңа ғана арылтып келген жерлеріне барып бекінеді. Осындаймен бірнеше күн өткізеді де, жалғыз-ақ түннің ішінде, жолдастарының бетін Найманға қарай бірақ түзейді.

Қарашаның аулына Құнанбай жіберген кемпір бұл айланың бірін де білген жоқ. Ол түк білмей қайтушы еді. Өйткені Балағаздар өз үйлеріне мал соймайтын. Алған жылқыларын әсте маңайлатпаушы еді. Жалғыз-ақ, бір-ақ жол ғана Абылғазы ашқарақтық істепті. Найман жігіттерін алысқа ұзатып, қуғыннан құтқарып болған соң, елсіз судың басында бір семіз тай сойылып еді.

Соның бір ғана телшесін Абылғазы өз үйіне әкепті.

Осы ет ел жатар кезде, түнде асылып еді. Бірақ кемпірдің мұрны жылқы етінің иісін біліп қапты. Ол ет піскенше, сырттан аңдып, дәл табаққа салып, Абылғазының алдына келген уақытта оқыс кіріп келіп, телшені көрген. Тайдың телшесі екенін де танып алған.

Құнанбай Байдалыға кісі салды. «Қараша туысқанын өзі қақсын, сыбысы шықты. Айғағым бар. Тек арылып берсін. Егер Қараша танатын болса, Қауменді кепілге өткізсін. Қаумен сезетін болу керек. Жалғанға жанын бермейді. Сенсем, тоқтасам, соның ар-иманына сеніп қана тоқтаймын», депті.

Байдалы Қарашаға салмақ салған жоқ Тұп-тура Қауменге жабысты.

Қаумен өзінің Қарашадан да, тіпті Балағаздан да безгенін айтты. Байдалы болмады. «Не қара деп шық! Немесе ақтап кет. Құнанбай сенен жан алса ғана тоқтайды. Көзің жетсе, адал болса, жан бергеннің күнәсі жоқ. Қайта ағайының мен туысыңды нақақ жаладан құтқарасың» деген еді.

Осы араға жеткенде Қаумен сыр берді. «Тастай алмай жүрген жаным жоқ, ақ екен деп кепіл болар да жайым жоқ» деді.

«Қаумен тайқып шықты. Кепіл болмаймын. Ақ деп ара түспеймін деп, аяғын тартыпты. Қарашаның аулы айыпкер боп шықты!» деп, Ырғызбай іші өрекпи жөнелді. «Ағайынмын деп отырып, жаттан бетер қастық етті.

Жазығымыз не? Кешпейміз, аямаймыз, шауып аламыз, үйелменімен өртейміз» деп, Майбасар, Жақыптар лаулап кетті.

«Азуыңды бас, аяма!» деп, Құнанбайға да салмақ салды.

Құнанбай дәл бұлардай емес. Биылғы жылдың ауыртпалығын ойлап, іштей сескеніп қап еді. Оның үстіне қазір Байдалымен шырайы тәуір болатын.

Ұрылар да жалғыз Ырғызбай емес, Көтібақ, Бөкеншіні қоса шығындатып отыр.

Байдалының өзін де аман қойған жоқ. Олай болса, енді сол Байдалының өзімен тізе қосып, іс істеу керек. Қолдан келсе, соның өзіне жаулату қажет. Тіпті болмаса, Жігітекті кінәға жықпақ.

Сонымен Майбасарлардың алқынын басып:

– Өрекпімей тұра тұр! Қараша қайда барып құтылушы еді! Ең әуелі сабыр тап! - деді де, Жігітек ішіне қайта іске жіберді. Жөнелткені Жұмабай.

Ол әуелі Байдалыға барды. Алдыңғы сәлемді орындап, Қауменді қағып бергені үшін Құнанбай Байдалыға ырзалық айтыпты. Соны жеткізді. Осыдан кейін Қараша мен Абылғазыны Құнанбай өз алдына шақыртқан екен, осыны білдірді. Байдалы да Құнанбайдың бұл мінезін кінәлаған жоқ.

– Ағайынын өзі көрсін! Өз аузымен арылсын! Мұнысы мақұл. Қарашаға жолдаған хабарын мен жеткізейін, - деді.

Бірақ шақырту жетсе де, Қараша мен Абылғазы Құнанбай алдына бармады.

Байдалы зіл салып та көріп еді. Көндіре алмады. Сүйтіп, Қарашалар: «Әрі мал алады, әрі жауап бермейді» деген екінші түрлі айыпқа тағы кезікті.

Құнанбайдың ұпайы көбейіп келе жатты.

Ырғызбай іші енді күндіз-түн Қарашаның аулын баққан. Абылғазы, Әділхан, Балағаз бар - бәрі де ел ортасында жоқ. «Сусып, тайқып кетіпті», дескен хабар шықты.

Сезік пен жорамалдың көлемі ұлғайды. Қараша, Қаумен ауылдарының үйде жоқ жігітінің бәрі де ұры атанды. Абылғазы жалғыз емес. Биылғы қимыл аз кісінің де қимылы емес. Бұлар көп. Енді солардың сонына көп ел болып түсу керек дескен дақпырт бар.

Бұл сөздер, көбінесе, Ырғызбай ішінен шығып, көпке жайылып жатады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий