Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Байсал, Сүйіндіктерге мұндай ой келген жоқ. Екеуі де әлі күнге құр дағдарып, құр санын соғып жүр. Құнанбай оларға: «Іздесін, іздей берсін» деп сәлем айтты. Бірақ өз топшылауын білдірмеді. Осы кезде көрші руларға бірнеше кісіні жай ғана жансыз етіп аттандырған.

Ол кісілерге тапсыратын сөздерін де бір өзі ғана білді. Осындай бұйрықтармен жіберген адамдары да оқшау кісілер. Ойда жоқ жандар.

Мысалы, Жігітек ішіне, Қарашаның аулына жібергені кәрі кемпір. Сол ауылдағы бір жалғыз үй кірмемен сүйек шатысы бар кемпір екен. Көтібақ ішіне де сондайлық елеусіз кедей шалды жіберді. Торғайға жібергені де бір шал түйеші болатын. Бұл кәрілер әсте сұрау салмайды. Тіпті мал жоғалғанын да білмейді. Жай әшейін құдай деген жандар ғана болады.

Жалғыз-ақ барған ауылдарының үйді-үйлеріне ертеңді-кеш кіріп, ішкен-жегендерін байқайды. Барлық тапсырылған міндет осы ғана.

Сол шебер айланың арқасында, аз уақыт ішінде Құнанбай жауын тапты.

Көп жылқыны алатын алғыштардың ұясын білді.

Сүйтіп ендігі зіл салмағы түсетін жер тағы Жігітек. Оның ішінде Қараша, Қаумен айналасы болды.

Құнанбай бұл жолы тұспалмен, ой жотамен соқтыққан жоқ. Бұрынғыдай емес, дәл мынау тұста кінәсі орынды болатын. Жігітектің бірнеше жігіттері шын айыпкер еді.

Әңгіме Балағаз бен Абылғазыдан басталған. Балағаз Базаралының ағасы.

Жігітек ішіндегі намыскер, отты, пысық жігіттің бірі. Абылғазы Қарашаның баласы. Қарашаның өзі сияқты, көп балалары да шеттерінен сотқар, қияс болатын. Ертерек кезде Құнанбай мен Бөжей арасын ұшқындырып жіберген бір уақиға осы Қарашадан басталып еді. Оған Қауменнің де қатнасы болған. Көпке мәлім Тоқпамбет төбелесі әуелі осы Қараша, Қаумендердің екі атшабарды сабауынан басталған-ды. Содан бері Мұсақұл төбелесі сияқты, Бөжейдің асы сияқты үлкен жиындардың бәрінде Қараша мен Қауменнің ержеткен азамат балалары көп аузына ілініп, көзге түсе беретін. Шетінен намыскер, өркөкірек және мықты, отты.

Осылар арасынан шыққан Базаралы болса, ол әрі сымбатты, сұлу, әрі шешен жүйрік. Жігітек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бітімді жігіт еді. Ерлік пен мықтылығы да сай.

Бірақ биылғы Мамырдың жұтынан кейін осы бір топ жігіт елден ерекше жарым көңіл боп жүрді.

Қалың елмен бірге Жігітек көпшілігі де қатты жұтаған. Жер аз болған тапшылықтан жұтады. Сол көптің ішінде «ақ сирақ» боп қалғанның бірі - осы Қараша, Қаумен ауылдары, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Әділхан сияқты жігіттерде тек қана бір-бір ат қалды.

Жаз бойы бұлар үйден шыққан жоқ. Аштықты да, кемтарлықты да көп көрді. Кісіге барып, көз сүзіп сауын сұрауға, жалпетек болуға намыстары жібермеді. Керек десе, Байдалыдай туысқанға да барған жоқ. Кәсіп етейін десе, мынандай жұтап қалған елдің ішінде түк нәрсенің орайы жоқ. Жалғыз айла -жалға жүру.

Бірақ ол бір ғана өз бастарын асырау болмаса, қатын-балаға талшық емес.

Өмір бойы жалшылықта жүрсе де, көсегесі көгерген қойшы, жылқышы, түйеші жоқ. Алатын ақысы құр ғана «ішіп-жем» болғандықтан, талай жандар атадан бала, баладан немереге шейін үнемі кісі босағасын тоздырумен өтіп келеді.

Жігіттер жаз бойы көргенде, не көрді? Ашыққан баланы көрді. Қаншырдай қатқан шеше мен жеңгені, қатын-қалашты көрді. Айнала күрсіну де күңірену.

Осы жайларға сол жігіттер айла таппай, қарғыс айтатын. Жалғыз-ақ төменшіктеп, жасып айтпайды. Іштегі ызамен, қыжылмен айтатын. Барлығының сондай күйін Базаралы жақсы айтып беріп еді. Бір күн кешке дөң басында бір топ жігіттің ортасында отырып, ызалы мысқылмен сөйледі.

– Ел еру болса, шаңырағына жоқшылық кеп шеру тартады. Көші-қон болса, әке-шешең, қатын-балаң ақтабан шұбырындыға ұшырайды. Жалғыз сиырға артқан ашамайдың үсті де арман бопты. Құдайдың бізден аяған несі қалды?.. -деген.

Осы жазда, дәл осы жігіттерге Базаралы көп-көп күйік айтқан. Аман қалғанның тетігі неде? Жұтағанның жайы неден? Әділетсіздік қайсы? Ол қандай тон киіп, қалайша тіл қатып келеді? Солар туралы түкпірлеп, ойлаған ойларын айтатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий