Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жұрттың бәрін таратып, жайғастырып болған сөн, сол үйге өзі де келген еді. Шеткі үй оңаша екен. Ішінде бір ғана төсек бар. Иесі қартаң әйел ерте тұрып кеткен сияқты. Екі жас ыстық құмарлықпен, жалындап табысты. Тығыз жерде, тар уақытта кездескендіктен екеуі де үнсіз еді. Қалтқысыз келіп, іркілмей қосылғам құшақтары бұларды сол үнсіз, жым-жырт толқын ішіне ілезде тартып әкетті.

Осыдан соң тағы да бірнеше күн ойын-сауық болды. Абай мен Қуандық арасы тең жастардың жақсы достығына айналды. Бірақ бары сол ғана. Екеуі іркілмей табысқанмен, жалындаған махаббат тумады. Абайға Қуандық оңаша кездескеннен көрі, жұрт көзінше көп ұнайды. Оқшау жерде Қуандықтың ашықтығы әлдеқандай кекселік сияқтанып, жігіт жүрегіне қатаң тиеді.

Қуандықтың Керей ішінде қайын жұрты бар. Күйеуі бірнеше рет келіп кеткен екен. Өзінің бұрын алған қатыны бар. Қуандық соған тоқал боп бармақ.

Қайындап келген кездерінде қалыңдық оны сүйе алмады. Әрқашан салқын қалатын. Сол мұңдарын Абайға сөйлеп кеп, сұлу қыз өзгеше бір тілек ойлағанын айтып еді. Абай жауап айтпай ойға түсті. Бірнеше баланың анасы болған Ділдә бар. Рас, Қуандық Абайдың теңі. Тәрбиесімен, өнерімен, ақыл парасатымен де өзгеше жан. Сөз жоқ.

Әлі күнге өз өмірінде кездескен әйелдердің ішінде Абайдың өнерлі, сұлу, қайратты қыз көргені осы.

Бірақ Қадырбайдың ренішінен аттап өту, Ділдәнің балаларын ұмыту, оңай істер емес. Осының бәрінің үстіне, Қуандықты ақылы сүйсе де, жүрегі оншалық бой тартпайды. Осы күндердің өзінде де Абайдың көңілінен Тоғжан ұмытылған жоқ. Қайта, мынандай шешен, ашық, атақты Қуандықпен тайталасқандай боп, көз алдына шын сүйгені елестей береді. Абайға ол әкелген ғашықтық, ол ұсынған жүрек, ол берген нәзік ләззат бұл дүниеде қайта оралып келместей.

Онымен тең жан тумастай, табылмастай еді.

Тоғжан есіне түссе, Абай тар төсекте де Қуандықтан тартынып, құшағын ірке береді.

Қуандықтың Абайды сүюі де жігіт мінезіне орай сияқты. Ыстық оттан да құрметтеген сыйластық көп. Бірақ сонда да Қуандық тілегінен қайтқан жоқ.

Абай өз ақылымен дәл байлауын айта алмады да, Қуандықтың өзіне ақылдасты.

Егер Қуандық рұқсат етсе, осы жайды Қарашаш пен Асылбекке айтып, солар нені ұйғарса, соған байласайық деп еді. Қуандық қарсы болған жоқ.

Қарашаш пен Асылбекке Абай бөлек-бөлек сөйлесіп еді. Баяғыдан Абай басына тілеулeстігі күшті Қарашаш мына сөзді қуанып тыңдады да, тез қостады.

Бірақ бұл қанша мақұл көрсе, Асылбек соншалық жатырқап, қарсы шықты.

– Бұл іс болмайды. Қолдан келмейді. Жазығы жоқ Алшынбай қызын Күнекең ренжіте алмайды. Алшынбайдан кетісем демесе, саған рұқсат етпейді.

Қуандық қайын жұртына жаман атты болады. Соның бәрі жиылып кеп кәрі Қадекеңе дерт болады. Менен басқа кісі естімесін. Осы арада қалсын! - деп, Абайға қатты салмақ салды.

Сондай сөзді Қуандыққа да өзі айтты. Сүйтіп екі жас алғашқы ойларынан басылып қалды. Бірақ айрылысар күнгі соңғы кездескен сағатында Абай мен Қуандық келер күнге үміт артып қалатындарын, әлі де ойланып көретіндерін айтысты.

Екеуі аса жақсы сыйластықпен өзгеше тату дос болысып, бір-бірін қимай айрылысты. Сертпен кетісті.

Қадырбай аулынан қайтып, Тобықты жайлауына жеткенше арада екі күн өтіп еді. Қарт ақынның қонақшыл досжар ұясын Абай оңай қия алмады. Жақсы мекеннен ұзаған сайын Қуандықтың да бар мінезі қадірлі көрініп, қымбат тартты.

3

Биылғы жайлау жылдағы жайлау емес. Жаздың өзі күздей жабырқау, жүдеу болды. Күн райынан емес, халықтың көңіл шырайынан солай болған.

Құнанбай сияқты атқамінерлер өз ауылдарына жылдағыдай топ жия бермейді.

Бұрын Ырғызбай ішін кернеп жүретін қау-көрік сөздер, ұр-көппе желіктер де саябыр. Қоныс, өріс ретінен таласатын жен жоқ. Ырғызбай ортасы сияқты, Байдалы, Байсал, Сүйіндік, Қаратай сияқты азғана жұрт болмаса, көпшілікте мал аз. Сырттың қалың көгін аясын ба! Тұтып тұрған ақтығын аясын ба?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий