Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осыдан кейінгі екі күн, екі түн бойындағы әңгімеде Абай Қадырбаймен дауласқан жоқ. Бірақ аса бір ықыласты, ұғымтал тыңдаушы боп отырып, ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайын сұрастырған.

Қадырбай бұл мәжілістер тұсында даңғыл жолға түскендей боп, жазылып кетті. Кейде соқтырып, өлең айтып кетеді. Өзі жаңылып ұмытыңқырап қалған жерлер болса жалт етіп Қуандыққа қарайды. Әрі сұлу, әрі майда мінезді Қуандық әкесінің мүдірген жерлерін тез айтып, есіне түсіріп жібереді.

Бұрын талай естіген сөздерін әлі де құмарланып, сүйсініп тыңдаған ажар көрсетеді. Жалғыз айтыс-талас сөздер емес, елдің мұңын-шерін айтқан ойшыл ақындардың сөздерін де Қуандық жақсы ұққан екен.

Қарт ақын әр сөзінің тұсында әлдебір ертегіндей алыс ақын Садыққа соға береді. Бала кезінде өзіне өзге ақындардан өзгеше көрінген сол Садекең екен.

«Көргені мен білгені ұшан-теңіз. Ол кісінің айтқаны мен жеткізгенінің мың да бірін білмейміз. Тегін емес, кеудесінен нұр саулаған ақын сол еді, жарықтық!» -деп сөйлейді.

Садық Қадырбайдың айтуында жай ақын емес. Өзінше бір көреген жан сияқты.

Абай осы орайда Қадырбайдың сол Садықпен айтысқанын сұрап еді.

«Садық пен баланың айтысы» дейтін Арқаға мәлім айтыс. Сондағы бала осы Қадырбай болатынын Абай жақсы білуші еді. Бірақ Қадырбай ол сөзге көп тоқтаған жоқ.

– Біздің Садакеңмен айтысар шамамыз кәне? Әншейін бір жалғыз ауыз сөздің тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. «Айтысты, жеңді» дейтін сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңіп отырған соң, мұндағы елдің намыс етіп, көтеріп әпкеткені... - деді де, басқа әңгімелерге көшіп кетті.

Қадырбайда үлкен мінезділік, кеңдік бар. Өзімшіл емес. Мақтан сөйлеген «шыға шаппа» емес. Сонысы, және, жалғыз Қадырбайдың өзінде емес. Осы кәрі ақын есіне алып отырған Садықта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай өсиеттерінің түбіне бойласаң ақындық - дарыған күш, үлкен қасиетті жақсы ақыннан қалған айшықты сөз тегінде заманның қасіретін айтады екен.

Көргені мен естігеніне көз салып, көп ойлап кеп топшылағанда, Қадырбай осыны түйіпті.

– Сол сарынның бәріне кейде ақырын жатып, құлақ салып байыптасам, бір шерге бір шер ұласып, қосылып жатады екен өзі. Көкейкесті күйін тыңда күңіренген жырын тыңдашы. Абай, сен кешелер бір орынды сөз айттың, балам.

Осы елдің өткенінің бәрі де тегінде өзі кешкен өміріне сүйсіне алмай кеткен екен. Көп сарынның ішінде басымдап, өктеп келіп жататын бір сарын бар.

Сонысы қуаныш пен шат-шадыман, мәре-сәре емес-ау! Көптен көбінше заман уайымы, заман дерті-ау. Арыдағы арманын айт, кешегі осы елде болып өткен мамырдың жұтын айт. Бұл туралы да осы күні кеп ақын зар төгеді... Бәр-бәрі де шат болған елді аз көреді. Шаңырағы күйреп жатқан күйзеулікті айтады ғой.

Сол текке айтылып жатқан жоқ. Сен айтқандай панасыз, айласыз болғандықтан туып жатыр. Жалын атқан көптің дерті айтқызып жатыр ғой! -деп Қадырбай, бір үлкен түйін түйді.

Содан кейінгі әңгімелерде Абай мен екеуі, жас-кәрі демей, аса жақсы ұғысып кетті.

Арғы-бергіден тағы да көп сөздерді сұрастырып кеп, Абай Қадырбайды енді анық таныды. Сонау бір жас күндерінде Абайдың аса жақсы көрген ақыны Барлас еді. Беріде Шөжені білді. Балтаны көрді.

Қазір бірнеше күннен бергі әңгімелер тұсында Абай Қадырбайды солармен көп салыстыратын. Ойы дана, мінезі майда, жолы даңғыл қарт ақын Абайдың бұрын көрген ақындарына кейде ұқсап, кейде ұқсамай кететін сияқты. Енді кеп екшегенде, солардың бәрімен Қадырбайдың шындап барып, тереңдеп туысып жатқанын ұқты.

Осыны ұққан сайын, барлық осы кәрілерді жанындай жақсы көре бастады.

Өз халқының ішінде өзгеше бір ғазиз, жақсы жандар осылар сияқты.

Жаңа Қадырбай айтқандай арғыдан бері қарай терсе, елдің үлкен арқалығы осылар сияқты. Бір сәтте мынау сұлу қартты Абай өзінің әкесіндей түсініп, іштей тағзым етіп, шындап тұрып бас иді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий