Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бірақ осы күндер бойында Абай ән салып, қалжың айтып, келелі кеңес те сөйлеп жүргенмен, өз ішінде жабырқау. Ол жайын өзге жанға сездірген жоқ.

Соншалық қадірлі, ыстық көрінген Сүйіндік аулы Жәнібекке келе берген кештің өзінде-ақ Абайға бір толқын салған «Арман!» деген аты бар, орны толмас бір жара. Кеудеден оқ өтіп кеткен жер сияқты өшпес, бітпес уайым. Бәрі де бір Тоғжанның ардақты атымен, нұр жүзімен, шыншыл таза жүрегімен байланысқан мұң болатын.

Абай ең алғаш келген күні Сүйіндіктің үйіне кірген жерде сол «жарын» жоқтады. Бар дүние орнында. Бар адам сол халінде. Бұл жерде, бұл маңда Тоғжан жоғын білсе де, Абайға мынау ата-ананың үйі қазір әкеп, Тоғжанын да көрсететін сияқтанған. Есік ашылса, сол кіріп келетін сияқтанып, үйде отырған шағында, құлағына алыстан шылдырлаған шолпы үні келгендей болатын.

Асылбек отауына қарай басып, ең алғаш табалдырықтан аттап кіріп келгенде, Абайға осы отаудың оң жағы тағы да бір бақыт шымылдығын көтерердей көрінген. Сол ақ жібек шымылдық, сол биік сүйек төсек, сол жасау, тегіс орнында. Сондағы достар қолымен, мынау Қарашаш, Ербол қолдарымен тықырсыз ашылған, бөгетсіз достық есігі де мінекей.

Аса сырлас, нәзік жақын болып, Абайдың көп барлайтын Қарашаш та міне.

Бірақ бұл күнде достықтың осындайлық ыстық ұясының бәрі де дәрменсіз.

Абай өзі қандай шарасыз болса, олар да сондай. Тоғжан жоқ.

Өмірде әсте ұмытылмас, қадірі кемімес жақсы Тоғжан Абай жүрегін осы күндерде тағы да бір өзіне тартты. Ендігі - сағыныш пен өкініш. Әлдеқайдан қабысқаны белгісіз, бірақ, жақында Абайды сондайлық жүдеткен ана уайымы мынау жердегі, мынау шақтағы сағыныш уайымымен жалғасып, бірлескендей болды. Екеуі де жазықсыз тазалығымен, адал шындығымен табысса керек.

Сыртымен ән салып, қалжың айтып қойса да, Абай анық байқаған көзге жиі-жиі жабырқай береді. Үндемей күрсініп қалады... Бұл үйде жас жігіттің дәл осы күйін іштей танып жүрген Қарашаш қана. Ол Абайдың күрсінуінде өзгешелеу терең күйік бар екенін байқайды. Жас жігіт кәрілерше «аһ-уһ» демейді. Бірақ ақырын күрсінгенмен, демі дірілдеп барып, кеудесінен лықсып шыққандай болады. Өксік сияқты, жалынды леп бар. Көп жылап қиналғанның артынан келетін дәрменсіз күрсін тәрізді.

Қарашаш кейде Абайға қабақ шытып қарайды да, жаны ашиды.

Үшінші күні үйдің бір оңаша кезінде Қарашаш өз төсегінің жанында тұрып, Абайға:

– Абай, қалқам! Осы сен менің Еркемді ұмытпағансың-ау! Жайлауынан ел кеткендей, иесі кеткен жұртқа келгендей болдың ба? Байқадым-ау, мен соны! -деп, аз ғана қызарды да, сыпайы жүзбен күле қарады.

– Жеңеше, рас! Таныдың, несін жасырам! Көңілің сол күнде де жүйрік еді. Дос жүрегің әлі орнында екен. Сондықтан таныдың ғой. Бір сәтін ұмытсамшы! Барлық көргенім көз алдымда. Көңілімнен арылмайтын бір ой бар... Тоғжан кіріп келіп маған деген өкпе-назын айта жөнелетін сияқтанады да тұрады! - деді.

– Екеуіңнің жолың да, женің де бөлек еді, қимаймын! Еркем сорлы нені айтпап еді маған? Шын ғашық еді ғой өзіңе!.. Кетерінде оң сапар тілеген жоқ.

Өлім тілеп кетті. Өзіме сонысын да ашып айтты ғой? - деп, Қарашаш бір сыр сөйледі.

Екеуі де шарасыз ауыр мұңға батып, үндемей жүдеп қалды.

Абайдың көз алдында Тоғжанмен ең соңғы айрылысар шағы соншалық ап-ашық айдай айқын боп келді. Қақ қасында тұрғандай, жаңа ғана болып өткен хал сияқты.

Тоғжан сол бір желсіз, тыныш кеште, жым-жырт сайда ымырт жабылар шақта Абайды өзі іздеп келді. «Жетсін!» деп шақыртқан да өзі болатын. Күйеуі соңғы рет келіп, алып кетерінің алды. Бүгін-ертең құда, күйеу жетеді деп отырған кез болатын.

Бұл күнге шейін соншалық арлы, ұялшақ болған, нәзік қорғаншақ болған Тоғжан, дәл сол кеште біртүрлі есіп, бекіп келді. Жалынды, арманды сөздерін шешен қып айтты. Көзінде жас, денесі дірілдей түсіп айтқан-ды. Әр кездегі үйреншікті ерке әдеті бойынша, Абайдың төсіне бетін басып тұрған-ды.

Баурына кіріп, құшақтай тұрып, нелер айтпады?..

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий