Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жұт көлемін халық атаулы тек қыстаудағы малдан айырмайды. Қар әбден кетіп, жер дегдіген кезде отардағы жылқы қайтты. Анық сор көрген жануарлардың ажары осы жылқыда болатын. Талай күн бойында ілбумен ғана жүріп, Жидебай тұсына жеткен Құнанбай қосы сан жағынан бірталай кеміп қапты. Әсіресе шошытатын жылқының түсі. Нелер аппал айғырлар мен сақа биелердің өзі де алты айлық аурудан тұрғандай көлеңкесі ғана қалған. Жүндері ұзарып, үрпиген. Аяқтары жуандап, сүйек-сүйегі адырайып кетіпті. Тарамыс, шандыр атаулысының бәрі білініп тұр.

Жылқы ішінің тағы бір жат көрінісі - арасында құлын жоқ. Аман қалды деген Құнанбай жылқысы мен барлық Ырғызбай қостары және бірен-саран Сүйіндік, Байсал, Байдалы ауылдарының қостары. Бірі артынан бірі ілесіп, жылжып, сырғып келіп жатыр. Бәрінің халі де мұсылман кітаптары суреттейтін мақшар күйіндей. Адамзат өлшеусіз ұзақ заман көр азабын шегіп жатып, ахірет күні кебіндерін жамылып, көлеңкедей қалт-құлт етіп бой көрсетеді деуші еді ғой. Мына жылқы тегіс сондай екен.

Құнанбай мен Байсалдар осы қостардың аман қалуына бар күштерін салған.

Атраптағы жері тәуір, азғана руларға қыс бойы шапқыншы айдап шыққан.

Қостарын қалын қардан қашырып, бір күзектен екінші күзекке салып отырып, әйтеуір ірі жағын аман сақтап қалыпты. Артық та болса, қолға жетті. Қыс кетті.

Енді қайтадан қатарға кірді. Мұның аты «амандық». Өйткені, өзгеге қарау керек.

Басқа рулардың қостары өз халдерін осылай деуге жараса, тіпті жұт көргеміз жоқ дер еді. Шынында, көп-көп қостар көз ұялтарлық боп, жұрдай боп келді. Қос деген, Тобықты ішінде мың жылқыдай мөлшерді білдіретін болса, Торғай, Жуантаяқ, Топай, Жігітек, Бөкенші сияқты елдердің бір қосынан қырық-елу, жетпіс-сексен ғана мінгіш қалғаны бар...

Көп елді шошытып, жағасын ұстатқан, таңдайын қақтырған сұмдық апат содан білінетін.

Әркім өз аулы, өз жайының күйігіне кетті. Біреуге біреудің қатынас хабары да азайды. Көп ауылды жайратып, үй жығып кеткен дауылдың артындағы хал сияқты. Арық-тұрағын күтіп, көктемнің қара суығынан аман алып қалу шарасы жалпақ елді жаппай басты. Жылқы қамынан аман болған Жидебейдағы ауыл ғана. Қостар келісімен Құнанбай Шыңғысқа айдатып алып, барлық ендігі күтімдерін өзі басқарған.

Күн әбден жылынды. Көк те шыға бастады. Енді Жидебайдағы қыстаудың айналасындағы жемтік иістеніп барады. Күн асқан сайын соның өзі бір дерт әкелетін сияқты. Ұлжан осыны ойлап, киіз үйге шығып, қыстау басынан жылжып қонайық деген.

Ертең таң атысымен жүк шығартуға бұйырып еді. Бірақ дәл осы күні кешке Зере сырқаттанды.

Кәрі әженің сырқаты біліне салысымен қысып кетті. Басында ыңқылы күшті боп, тынысы ауырлап келіп еді. Келесі күні дәрмен азайып, өздігімен қозғала алмайтын болды. Абай мен Ұлжан қатты сескенді де, Зеренің қасын күзетті. Сусыны, төсегі, бар күтімі екеуінің ғана мойнында. Өзге жанды көп кіргізген де жоқ. Жұрт аяғын ауырлайды деп, үй ішін оңаша ұстауға тырысты.

Зере науқасының келесі күні түнінде Ұлжан енесінен күдер үзе бастаған болатын. Абайға айтпастан Қарашоқыға кісі жүргізді. Сүйтіп, түн бойы ұйықтамай күзетіп отырған келіні мен немересіне Зере таң алдында ең соңғы рет көз салды. Әжесі көзін ашқанда Абай үміттеніп қалып, қадалыңқырай түсті.

Науқас ана бірдеме айтайын деген тәрізді. Ол ажарын Абай өзі таныған жоқ.

Ұлжан байқады. Екеуі де қатар сырғып, жақындай түсіп төніп келгенде, Зере бір нәрсені сыбырлай бастады.

Дене күші бітсе де, ойы сап-сау. Тек үні әлсіз.

– Өнегем... болса... тірлігімде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетім болса...

құлағым, тілім барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейін!.. Енді қайтейін!..

Бүгін мынау әлім біткен шағымда, не дәме етесің екеуің!.. Не күтіп маған телміресің?.. - деді. Осы сөздерін көп қиналып, ұзақ айтып еді.

Сөйлету зорлық сияқты. Бірдемені айту да орынсыз.

Абай екі қолын төсіне қойып, әжесіне тағзым етті де, басын иді. Өзінше:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий