Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Құнанбай, Қаратайлармен әсіресе сыйлас еді. Өзі бірбеткей қыңыр және ойдағысын ірікпей сөйлейтін қатқыл мінезді адам. Көргені мен түйгені көп. Дін жайына жетік, молда кісі. Құнанбай сонысын ұнатып, әрдайым әңгімелес, мәжілістес бола беретін. Сол Бердіқожаның Бурахан деген баласын өз аулына шақырып, бірталай уақыт қонақ етіп те жіберетін. Қарқаралыға барған бір сапарында, қасындағы нөкерлерінің ішіне қосып, ертіп те жүрген. Құнанбай тегінде жігіттің денелі, бітімділігін ұнататын. Бурахан аса сұлу және денелі жігіт еді. Соның тұлғасын тамаша етіп, бір күні: «Бір үйдің ішіне жүз кісі кем-кетікті жиып, соның ортасына Бураханды кіргізіп отырғызып қойса, аналардың кемдігі көзге көріне ме?» - деген. Осындайлық бітім-тұлғасын ұнататын жігітінің бірі Базаралы. Жігітекпен азғантай татулық шағы болса, Базаралыны да мақтай беретін.

Сол Бураханның кіші қарындасы Нұрғанымның басы бос екен. Өзі жас та болса, кесек, ірі денелі, нұр жүзді болатын. Әсіресе толқынды қою қара шашы мен бет бітімі бөлек. Жүзіндегі әдемі қызылымен қатар, бет тұлғасы да сұлу.

Шошақтау біткен, үлкен қара көздерінде аса бір қайратты ашудың және естіліктің оты болатын.

Осы Нұрғанымды Қаратайдың ақылымен Құнанбай тоқалдыққа ұйғарды да, Бердіқожаға кісі салды.

Көп қатын алу әзірше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркіп кетті.

Және Нұрғаным мұның жақсы көретін баласы еді. Өзі ерке, тентек қыз болса да көп қақпайтын. Құнанбай сәлемін есіткен жерде, Бердіқожа томырылып қалып:

– Е, мен баламды кәрі Құнанбайға кішілікке беруші ме ем?! - деді. Бірақ, әкенің бұл арынына Қожаның өзге балалары жібермеді. Бастығы Бурахан боп салмақ салып, екі-үш күнде көндіріп берді.

Құнанбай аулына жиі барып, ат мініп, ойын-сауық салып қайтып жүретін Бурахан, қарындасын беріп, туысқан болуды қатты ұнатқан-ды.

Бердіқожаның көнген хабарын алысымен, Құнанбай қалың малды, жыртысты бір-ақ жібертті. Сүйтіп, осы бір қыстың ішінде Нұрғанымды алып та қойды. Ұлжан мен Айғыз жаңа тоқал хабарын Күнке жіберген сәлемшіден естіген. Ұлжанның өз басы бай қызғанайын деген ойда болмайтын. Ержеткен төрт ұлы бар. Және немере сүйе бастаған тоқтамды ана. Құнанбайды бұл күнде бай деп те санамайтын. Ол балаларының әкесі. Көп өмірі, көп азабы, көп машық мұңы табыстырған жай ғана туысы сияқты. Содан басқа сезімдер суалғандай еді.

Бірақ сонда да ол Құнанбайдың қатын алғанына қарсы болды. Жорға Жұмабайды шақыртып ап: «Біздің тілді өмірде бір ескеретін болса - алмасын, реніш туады. Балаларынан ұялсын, олар ренжиді» деген.

Ұлжан өзі естіген хабарды Абайға айтқан еді. Сонда Абай біртүрлі қатты түршігіп, жиреніп кеткен. Әкесі туралы аса қатал сөйлеп, сынап кеп: «Әке деп сый көруден қалсын. Біржолата жат болсын деген мінез ғой. Осыншалық қыруар жанды адам құрым, санамаған ғой. Шешемен неге ақылдаспайды? Өмір бойғы жолдасы сендермен неге санаспайды? Бізден кіші қыз алып отырып, солар ұялар-ау деп, бізді неге ойламайды? Құптамаймын! Қайта кінәлаймын!

Сен де мақұлдама!.. Әйтеуір, бізді адам санамаған жан ғой. Отқа түссе де, жалғыз өзі барып түссін. Ренжітіп кеткенін біліп кетсін! Айтып жібер!» деп, шешесіне Жұмабайды өзі жеткізіп берген.

Құнанбай Ұлжан сөздерін естіген соң, Күнкемен сөйлесті. Оған біраз жылы ұшырап: «Өзгелер ақылсыз болды деп, сен желікпе! Сен ақыл тап та, мендік бол!» деген.

Күнке әрқашан бұқпа есепке бейім тұратын: Ұлжанның балалары көп.

Оларға болысып отыратын. Зере де бар. Сол себепті Жидебайдағы ауылға Құнанбайдың қырын қарап жүргенін әрдайым өзіне пайдалы көретін. Әсіресе, Ұлжанның айналасындағы үбірлі-шүбірлі молдықты, кеңдікті сүймейтін.

«Түбінде солар көктейді-ау!.. Артық үлес, үлкен сыбаға әкетеді-ау!» деп, үнемі қызғанумен болатын.

Мынау үлкен іс байының өмірі үшін, тіпті өзі үшін де өзгеше болатынын Күнке біледі. Басында көнбейтін боп, наразылыққа беттеген.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий