Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абай Ұлжанның шақыртуымен үйге келді. Жолшыбай даланнан, шошаладан, ауыз үйден етіп келе жатып, Абай бұл ауылдың неше алуан қамдарын көрді. Бар жерге қазан асылып, ыстық істеліпті. Үш жерге үлкен ағаш келіні орнатып алып, жұмысшы қатындар келі соғып, бидай түйіп жатыр.

Піскен қазандардан астау-астау көже мен азнаулық ет түсіріп, үй-үйлерге әкетісіп барады. Аш-арықты күтуге Абайдың шешесі кіріскен көрінеді.

Көктемде азық азайған кезде, бір үйден мол тамақ табу оңай емес. Күту де бір күн емес, бірталайға баруға мүмкін. Сондықтан, бидай түйгізіп, көже істеуді өнімдірек көрген тәрізді.

Қарсы үйде бір кезек боп келген он бес-жиырмадай еркек-ұрғашы, сол ыстық асты ішіп жатыр екен. Абай, астарын қымсынбай ішсін деп, ол үйге бармады. Үлкен тамға кірді.

Келген жерде сәлем беріп, жорға Жұмабаймен амандасса да Тәкежанға қараған жоқ. Екі туысқан суық кездесті. Аз отырған соң, Жұмабай Абайға әкесінің сәлемін айтты. Бірақ Тәкежан түндегі булықтырған ашу үстінде көп жайды аңғармапты. Шағымын аз ғана қып апарыпты. Ол Дәркембайды ғана сөз қылған екен. Мына бүгін таңнан бері маңайдағы тамам елдің келіп, ошарылып жатқанын жеткізбепті. Дәркембайдың өзін келтіргенді сұмдық көрген Тәкежан, мынандай бәле болар деп, тіпті ұйғармаған-ды. Қазірде осы ауылға кеп білгелі, біржолата жарыла жаздап отырған.

Жұмабайдың айтуынша, Дәркембайды паналатқанды Құнанбай теріс депті.

«Татымсызға еткен жақсылықтың қайрымы жоқ. Дәркембай менің басыма бір кезде қас ойлаған адам болатын. Оның амандығы да өзіне олжа. Абай жақсылық істейім десе, досқа істесін. Мынаған ара түспесін! Қайтарсын!» -депті. Абай бұған көнген жоқ. Және ұзақ жауап та айтқан жоқ...

– Әкем елге өнеге айтар мұсылманмын дейтін. Мұсылманшылық қаза көрген халыққа рақымшылық етуді фарыз етеді. Тәкежанның дегеніне иланбасын. Мен мұндағы халыққа уағда беріп қойдым... Асырап жатырмын.

Ренжімей рұқсат етсін! - деп бір қойды.

Тәкежан тырсиып, күйіп отыр еді. Ұрса жөнелді:

– Ондай сопы болсаң, басыңа сәлде киіп, Дәркембайға арнап құшыр жисаңшы!

– Қажет болса, құшыр да жиям. Халық қырылар болса, амандығым садаға!..

– Ендеше бар әне, ел ақтап кет!..

– Оған кетуден бұрын, әуелі өзімде бар мен сенде барды ортаға шығарып, үлеске салып кетемін.

– Онсыз да салыпсың ғой!.. Бір Дәркембай емес, қыруар елді қаптатыпсың!

Сен бір өзің емес, бәрімізді қара жерге отыртайын депсің!.. Ол, ол ма? Ен әуелі мына шешелеріңді де аштан өлтірерсің, бүйте берсең!

– Шешелерімнің қамын сен жемей-ақ қой, білдің бе? Менің аналарым інде жатқан суыр емес, анау сенің Қаражан деген сараң қатының сияқты. Барын ортаға сала біледі. Халық көргенді бірге көрсе де, қабақ шытпайды. Мен осы кісілердің өздері тапсырған соң істеп отырмын. Өзінің қарынбайлығын әкеп мұндағыларға пана қылмақ қой... Үйдегенше, осы аналардың тәрбиесінен садаға кетсеңші Қаражан екеуің! - деп, Абай Тәкежанға қатты қадала қарады.

Соңғы сөздері әкенің балаға ұрысқанындай біртүрлі ірі, салмақты.

Тәкежанның бұдан арғы айтайын деген жауабын Ұлжан айтқызған жоқ.

– Жә, жетті! Болды енді екеуіңнің салысуың! - деп, тоқтатып қойып, өзі Жұмабайға бұрылды да:

– Сен енді қайта бер! Абай бұндағы аш-арық ағайынды шақырып қойыпты.

Біз болсақ, барымызды бөле жерміз. Әзір қысталаң жоқ. Біз үшін қиналмасын ондағылар. Беріп жатқанымыз өз сыбағамыз. Баласының абыройын төкпесін, екі айтқызбасын елге! - деді.

Тәкежан ұрыстан тоқтаса да, шеше сөзіне көнген жоқ. Мойнын сырт қайырып, тымағын киді де, шығуға айналды. Мұның осы ажарына қарап қойып, Ұлжан қатты сөйледі.

– Әй, сен ана Қаражанға сәлем айт! Аулына барған аш-арықты қыңратқымай оң шыраймен күтсін, құтырмасын!.. Ол әкелген мал жоқ! Көзін ашып қарасын! - деді.

Тәкежан мен жорға Жұмабай кетіп қалды.

Бұлар үш қорықты түгел аралап шықты. Келген ауылдар мен барлық мал санын көріп, санап алды да, Қарашоқыға қайта тартты. Ендігі шағымдары тіпті үлкен болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий