Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Айрылмайды. Ал өзің дереу мынау атқа, мына жер қорығыш Тәкежанның атына мін де, қазір шапқылап отырып, осы маңдағы өзіңдей ауылдарға хабар айт. Мен жіберді де! Шыңғысқа жете алмай, осы жақын маңда қойлары аштан бұралып, қырылып жатқан ауылдар тегіс жүруге жарайтын қойларын алып, азаматтарын сайлап, дәл осы үш қорыққа, Құнанбай қорығына айдап келсін.

Күрек-шоттарын ала келсін! Қойларын қорыққа салып, қар аршып, жан сауғаласын! Осы хабарды мына жақын жердегі - Торғай, Жігітек, Қарабатыр, Бөкенші барлығына айт! Ендігі жұтты көрсек, бірге көреміз! Бар! Шап! Жиып кел тегіс, - деді.

Дәркембай сол бұйрықпен атқа мінгенде, Абай Жұмағұлдың кеудесіне өз атының тұмсығын тіреп тұрып:

– Сен антұрғанның бұдан былай итаршы болғаныңның алды-арты осы болсын! Білдің бе? Ал, Тәкежанға айт, шыдамаса - өле қалсын! Жуандығы мен кәрі болса, жұтап жатқан қойға, аш-арық елге көрсетпесін, дәл маған көрсетсін!

Жөнел!.. Жаяу бар!.. - деп, бұйрық етті.

Бағанадан бір ауыз үн қатпаған Жұмағұл Тәкежан аулын жаяу іздеп кеткенде, Абайлар Дәркембайды өз қолдарынан жөнелтіп жіберіп, ауылға қайтты. Боран әлі бәсеңдемепті. Енді, тіпті, ышқына соғып, қарсы алдарынан қатты ысқырып, зәр төгіп тұр екен. Майда қар ұйтқып, жабысып, көз аштырмайды. Желдің соғуына қарап, Жидебайға беттерін түзеп алып, екі жігіт жарысып кетті.

Таң атқанда жел басылып, жауа бораған боран айығыпты. Алыстағы ақ белден жаңа көрінген күн қып-қызыл екен. Қысылып, қиналып шыққандай. Екі жақтағы сұрғылт бұлттарға қызғылт-сары рең беріп, құлақтанып тұр. Маңайда шаңыт бар. Бірнеше күн ұдайы соққан қатты жел енді бәсеңдеп, аяқтап келгенде, жаяу борасындап қояды. Шытырлаған аяз білінеді.

Дәркембай Абай тапсырған жұмысты дұрыс түсінген. Түннен бері, дәл таң атып, ел тұрғанша тыным таппаған. «Өзіңдейлерге айт!» деген сөзді ол анық ұнатқан. «Малы бардың несі құриды. Қолы ұзынның өрісі де кең.

Сыйластықпен, жегжаттықпен, немесе, тіпті, азынаулақ ақы берумен де Ырғызбайға Құнанбай, Байсалдарға сыйысып кетеді. Бөксе бастыны көргенде, көп көреді ғой. Азынаулақ талшығынан айрылса, шұбырып, қор боп кететін де сол ғой!» деп, Дәркембай өзі көптен айтып келе жатқан осы сөздерін Базаралыға да айтқаны бар.

Көптің күйін зілді қып айтқан Базаралы да осындай кісілердің аузынан анық жайларға мейлінше қанған болатын. Сол Дәркембай Абайдың сәлемін ылғи ғана Қарабатыр, Торғай, Борсақ, Жуантаяқ сияқты осы маңайдағы жерсіз, малсыз елдерге таратты. Солардың ішінде де 15-20 қойлы, 30-40 қойлы әлсіздерге барды.

Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш үлкен қорықты жағалай отырған саны көп, дәрмені азған ауылдарды күншығыс жақтан бастап, күнбатысқа шейін шарлап шыққан.

Аязды, боранды түнде асығып кеп, терезе қаққан жүргінші әдеттегідей суық хабар әкелген жоқ. Үміт хабарын жеткізген. Жұрт үш күннен бергі боран туралы: «Қолда барды әпкетті» деп қойған. Ышқынып кеп шуылдай түсіп, терезені дүбірлетіп, үскіріп соққан жел ұйқыны қуған. Кәрі-құртаң жалбарынуда. Шаруа иелері күрсінуде. Ер-азамат, қатын-қалаш бел шешуден қалған. Күндіз-түні дамыл алмай, мал қораның ішін шарлайтын.

Маңындағы төбешіктердің боз қарағаны болса, шауып әкеледі. Жақын жердегі ши атаулының басын күзеп, қолтықтап келген болады. Тіпті болмай бара жатқанда, онсыз да жаман жыртық қораның төбесіндегі қамысын суырып берген болады. Бірақ, ол талшықтары қарлығаштың қанаты әкелетін тамшыдан да әлсіз еді. Арамза туған қойына бере ме? Сүтін күткен бірлі-жарым сиырына бере ме? Болмаса, жапа-жалғыз түйесіне асата ма? Қайсысына берсе де қарқ қылмайды. Тек, әйтеуір соңғы еңбегін, «өзге өлсе де, осы қалса екен» деген шаруа сүйенішіне ұсынған болады.

Ауқатты көрші мен жері жақсы сыбайластан үміт ету бұл елдерде жоқ.

Дәркембай мына түнде сол сөнген үмітті сергіте келді.

Сонымен дәл күн шыға бере, Құнанбайдың үш қорығына қарай жан-жақтан мал шұбырды. Бұл кезде Абай мен Ербол ат үстінде болатын. Ұзын қорықты жағалап, желе шауып отырып, әр ауылдың шоғырларын қарсы алып жүр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий