Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тәкежан бұл күнде Мұсақұлды қыстайтын. Ол Абайдан бұрын үйленіп, сол жылы енші алып, бөлініп шыққан. Қазір өзі аса малқор да және әсіресе жер қорығыш, қызғаншақ болатын. «Жұрт көзіне түспейтін жер болса, тіпті осы мына үлкен шешелерінің өз аулынан жайылған малды да қуып тастап отырады» деп, барлық көрші малшылар қайран болушы еді.

Абай Тәкежанның сол мінезін биыл естіп, қатты наразы боп жүретін.

Көріссе, суық амандасатын.

Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, қайтып келді. Қысқалау тығыз қара сақалына қар тығылып, шал беттендіріп апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш сызын жасырмай білдіріп тұр.

Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып, сақалының қарын аршып жатып:

– Тәкежаннан күткенше тәңірден күткен жақсы ғой! Мұсақұл, Жидебай, Бараққа мен мал түсіртпеймін деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. «Сабап-сабап айдап таста Дәркембайды» деп, көзімше бұйрық берді. Жұмағұл құдай ұрған, сол сөзді арқаланып, жаңа менімен ілесе шауып келіп, әлгі Дәркембайдың қойын сойылдап қуып жүр! - деді.

– Дәркембай ше? Ол енді қайтеді?

– Түн ішінде мына боранда қайда барады?

– Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсеші!.. - деп, үйдегі жігіттер жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп:

– Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елді қан қақсатып жүретін атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. «Тым құрса, сен аял берсеңші, таңға шейін тоқтасаңшы!» деп ем, өзіммен ерегесіп, аузына келгенін айтты! - деп, тоқырап қалды.

Ербол бар есітіп, бар көргенін айтқан жоқ. Тәкежан Абай туралы қатты сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзін де сабамақ боп ұмтылған.

Бірақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: «Енді тек қолың тарт! Болмаса, екеуміздің біріміз қан-жоса боламыз!» деп, араға түсіп барып, Ерболдан бетін қайтарған.

Бұл жайларды Абайға айтса: «Екі туысқан арасына от тастаған» боп саналатыны бар. Өз басы ондай жан-жалды сүймейтін Ербол мұндайда тартыншақ болушы еді. Абайды ұшқары істерге арандатпаймын дейтін.

Ондайын артынан біліп, неге айтпадың? деп, күйіп сөйлеген Абайға, бұл сыр ашпайтын. Өзінше, Абайдың жақсы досын, тату жолдасын «сақтағаным» деп білетін.

Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр.

Жолдасына сырмінез болғандықтан Абай қазір айт деп қысқан жоқ. Тек жаңағының ар жағында жатқан басқа зіл бар екенін таныды да, аса қатты долданып кетті. Екі беті бір сұрланып, бір қарауытып, түнеріп алды. Азғантай уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да, бір сәтте атып тұрды.

Базаралы, Асылбектер Абайдың байлауын ұқпай аңтарыла қалды. Абай демі дірілдеп, тістене сөйлеп:

– Тұр, Ербол! Менімен бірге жүр! - деді де, өзі шапшаң киіне бастады.

Жеңіл күпі кие сап, шарт буынып, қолына қамшы алды да, есікті қатты ашып, атқып жөнелді. Ербол артынан кетті.

Қамшы алғаны үйдегілерге Абайдың атқа мінбек болғанын білдірді.

Тыста екі көк ат ерттеулі күйде бораннан ықтап, қораны жанасалап тұр екен. Абай ең жақын тұрған біреуін шешіп жатып жолдасына:

– Сен де мін! - дей салып, өзі лезде қарғып мінді. Көк атқа қамшы басып, ақ боранның ішіне құйықтыра шауып, кіріп кетті.

Бұл кезде Жұмағұл Дәркембайлардың елу-алпыстай азғана қойын шоқтай иіріп, тірсекке сабап қуып жүр. Іштеріне талай күннен нәр түспеген. Бүрсең қойлар қашайын десе де жүгіре алмай, ұйлығып, сығылыса береді. Қойдың жылдам баспағанына зығыры қайнаған Жұмағұл иесінен бастап боқтық астына алады. Артынан еріп келе жатқан жаяу шұбырған Дәркембайларды бірде-бір құлаққа ілмейді.

Қуғыннан, бораннан және бүгін кешкі аш жүрістен әбден титықтаған төрт-бес тоқты омақата жығылып, тұра алмай да қалды. Дәркембай қаны қайнап, Жұмағұлды ұстайын деп ұмтылып еді. Аты жарау, өзі сырқынды Жұмағұл маңайлатпай жосып жүр. Қойдың бір шетінен екінші шетіне қарай омыраулап кеп тиіскенде, атының тізесімен буаз саулықтарды домалатып та кетеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий