Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шын шаттық деген не? Дәл осы түнге шейін соларды таныған да, татқан да емес ем. Кесін айтасың? Көріп келесің. Жайым, барым сол емес пе? - деді.

Осы күннен соң, аз уақыт ішінде, Жәнібек жаққа Абай тағы барды. Бірақ өз қызығының жақсы дәурені біткен екен... Асылбек, Әділбектер қайтып кепті.

Келісімен Әділбек суық сөз естіп, сезіктенген бе? Жаман бүлініп, жеңгелерін де, малшы-көршілерін де қатты бүріпті. Аулына өлердей сақ аңду қойып, әлдекімге өшіккенін айтыпты.

– Аяғын Жәнібекке қарай басып көрсін! Тірі кетпей-ді! - деп кесесіпті. Жол қиындап, жарық айды бұлт басты.

Онсыз да араздығы көп елдерді енді мынадай іспен өшіктіру, аямастық сияқты. Амал құрып, тағы да бір айықпас қасірет келді.

Осы кезде ел жайлаудан қайтып, ауыл-ауылдың аралары қашықтап кетті.

Абай өзін өзі не күйде, не деген делсалдық дерт үстінде жүргенін аңғара алмай жүрді. Бар дүниеге гүлі солған, шырағы сөнген тұлдырдай қарап, жүдеп кетті.

Әке-шеше өздері ұйғарып, бұйырды да, мұны тағы да қайнына жүргізетін болды. Жалыны да жоқ, тілегі де жоқ сұлық көңілмен Абай көне берді.

Айдалып кеткен кісідей Қарқаралыға кетті.

Бұл жолы ай жарым жүріп, Ділдәні алып келді.

Бұл уақыт елдің қыстауға қонатын шағы. Өз ойының әуресімен жүріп және қайындап кетіп, Абай ел ішінің жайларынан оқшау қалған екен.

Осы күзге Құнанбай тағы да бір топ жанды қырына алыпты. Ендігі кезек Құлыншақ ауылынікі. Анау кездегі «бәле басы сол» деп, «көшіп кетті, жауға кетті» деп, бұларға көптен тісін басады екен.

Жер жағдайымен күздігүні өз қыстауларына қарай көшкенде, Құлыншақ аулы Құнанбайдың қасына кепті. Келгенде, былтырғы тобынан жырылып, жалғыз ауыл боп кепті.

Абай қайтып келгенде, Құнанбай сол Құлыншақтың Садырбай, Наданбай деген екі баласын Жетісуға жер аударып жіберіп, Мұңсызбайды кепілде болсын деп, Жақып аулының шетіне қондырыпты. Құлыншақ Манаспенен жалғыз үй қалған. «Баламды ұрдың, інімді масқараладың» деп, малдарын да тізіп алып, айып-анжыны да баса салыпты. Ағайын ес жиярлық мезгіл бермей, ара түсердің бәріне білдірмей, бір-ақ күннің ішінде осыны етіпті де, баяғысынша түк болмағандай «ақсарбасын», «көкқасқасын» айтып, ру басшыларын жиып, қонақасысын көпіртіп жүре беріпті...

Абай қайтып келгенде, жұлысқан тартыс жоқ. Бірақ, ауыл үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен.

ҚИЯДА

1

Абай үйленгелі бірнеше жыл болды. Ділдә түскен жылдың келесі көктемінде бұл, ардың үлкен баласы Ақылбай туды. Екі жыл өткенде Күлбадан деген қыз туды. Ол бүгінде бірден асты. Қазір Абай үшінші баланың әкесі болғалы жүр.

Ділдә екіқабат уақытында бірнеше айдай ауру адам сияқты болатын. Ас батырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты боп алған.

Аз жылдың ішінде бірнеше баланың әкесі болса да, Абай әлі өзінің осы халіне үйреніп болған жоқ. Оған үйлеріндегі үлкен шешелер де себеп болды.

Ақылбайды Ұлжан өзі баурына салып, өз баласы қып алды. Тілі шығып қалған Ақылбай бұл күнде Абайды әкем екен деп білмейді. Жай, анда-санда ас басында көрініп кететін көп үлкеннің бірі, бөгде таныстай көреді. Абай да оны ыстық көріп бой тартқан емес. Үйткені, ол бала мұның жастығына зорлық еткендей боп, тіпті ерте туды.

Ең алғаш, 17 жаста Абай әке болды. Үйленудің өзі бір тәңір құдіретіндей амалсыздық күні еді. Соның артынан ес жиғызбай, ілесе келген әкелік, тіпті бір мазақтай, қатал зорлықтай көрінген.

Алғаш Ақылбай туған күні Қалиқадай жеңгелер;

– Балалы болдың!

– Енді, міне, сен әкесің!

– Қайырлы болсын! - десіп, күліп қамалаған болатын. Сонда Абай бір ұялып, бір қиналып, не қыларын білмей, атына мініп, кетіп қалған. Аулына үш-төрт күн өткенде бір-ақ оралып еді...

Кішкене Күлбаданды да Абай әлі танып болған жоқ. Ол да күні бойы шешелер үйінде, солардың баурында болады.

Ділдә бейнелес, ақсары, мазасыз қыз кеш болғанда ғана отауға келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий