Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Керімбала күлкісін тыйған жоқ: - Әй, білмеймін, кімге салсақ та, құлқыным таза дей алар ма екенсіз, Абай? - деп, сезігін айта бастады.

Мына сөзі әлгіден де жайсыз. Тоғжан ашумен тыймақ болып:

– Қойшы, Керімбала! Күлкінің де орны бар ғой. Не деп барасың өзің? - деп, ұнатпай қалды. Керімбала Тоғжанға жалт етіп, ренжіп қарады.

Абай бұл қызды ашумен тыймай, майда мінезбен тыймақ.

– Керімбала, жұрт аузы жеңіл ғой! Ұшқары қалжың құрбыңа ауыр тиіп, жазықсыз жаманат келтіруі мүмкін. Ондай сөзге жұрт алдында сақ болу керек емес пе? - деді.

Керімбала бұл сөзді дұрыс түсініп, қайта күліп жіберді. Қазір ұялып күлгендей. Мінезі жақсы, жүрегі таза баланың ұялған күлкісі тәрізді.

«Тоғжанды ренжіттім бе?» дегендей боп, құшақтай алып, ерте беріп:

– Ал, енді ашуланба! Ендігәрі айтпай-ақ қояйын! - деді.

Үшеуі де топқа қайтты. Осыдан әрі көптің ойыны созылса да Абай мен Ербол бөгелген жоқ. Ертең ерте жүреміз деп, ауыл иелеріне рақмет айтып, асқа да қарамай кетіп қалды.

Келесі күні айтқан сөздерін ақтағандай боп, екі жігіт Бақанасқа кетті.

Қаратайдың аулына барып түстеніп, кеш батқанша сонда болды да, сол күні ымырт жабылып, ел аяғы басылған соң ғана Жәнібекке қайтты.

Ақырын жүріп, дабырламай келді. Жерқылаң түстес жігіттерді иттер де байқамай қапты. Ауылдың шетінде отырған Ербол үйіне жым-жырт кеп түсті.

Осы түн ел әбден ұйқтаған кезде, Абай мен Ербол үй тонайтын ұрыларша жасырынып бұғып, ептеп басып кеп, Асылбек отауының есігіне жетті. Екеуі де киіз есікті жамылып тұрып, іштегі ағаш есікті ашудың амалына кірісті. Үй ішінде ояу жатқан әйел бар екен. Шолпы сылдыры естілді. Кәрі кісі болмау керек. Бұл үйде шолпы тағарлық екі-ақ кісі болуға лайық. Оның бірі - жеңге, бірі - Тоғжан.

Ойлағандай жақын адам жігіттерге:

– Ақырын! - деп, сыбыр етті де, есікті өзі ашты. Үй іші қараңғы. Жігіттер үйге кіргенде, жаңағы дауыс тағы сол сыбырмен:

– Абай... - деп, дыбыс берді.

Абай қолын созды. Кимешегі бар жеңге екен. Абайды қолынан ұстап, төрге қарай жетектей берді де, артына шала бұрылып Ерболға:

– Сен қайта бер. Өзі барар! - деді.

Дұрысы сол еді. Ербол ақырын басып, қайтадан шығып кетті.

Абайдың ілгері созып келе жатқан оң қолы жібек шымылдаққа тиген кезде, алдынан қарсы қозғалып келе жатқан Тоғжанның ыстық саусақтары мұның бетіне тиіп еді. Екеуі де шапшаң ұмтылысып кеп, қатты құшақтасты да, ұзақ-ұзақ сүйісіп, үнсіз жабысып тұрып қалды. Дірілдеген демдері қосылып, ыстық еріндері енді айрылмастай табысқанды.

Тып-тыныш жаздың таңы сары қабақтан баяу атып, түріліп келе жатқан шақта Абай мен Ербол Жәнібектен жөнеле берді.

Азғана жүріп, қарсы қабақтан асты. Ай батқан, жұлдыздар да сиреп, бір-бірден сөніп жатыр. Боз көденің арасынан үркіп ұшқан торғайлар аспандап ап, қалықтап тұрып сайрай бастады.

Абай жүрегі де сыр мен жырға толы. Жеңіл тымақтың бір құлағын жымырайта киіп, сары жорға аттың жайлы бір жүрісіне салып, Ботақанға қарай беттеп келе жатып ән бастады.

Ауылдан бірталай ұзап кеткен соң Абай барлық ашық сұлу даусымен аса бір сезімді ырғаққа салып, көп жырлады. Жүрегін толтырған қуаныш та, назды мұң мен толқынды ыстық ой да барлық пердесіз, қытықсыз шынын осы әнге табыс еткен. Сөз де бөлек... Қайдан шыққан? Қашан айтылған? Қандай нәзік жан осындай боп, бар шынымен сүйе білген? Мәлім емес. Шырқап келеді.

Бір тоқтамай, мүдірмей, соншалық бір шебержүйрік тіл тауып, жыр самқайды.

Қандай жолмен, қанша жүргенін де білмейді. Бір шақта Ботақан ошағында отырған ауылдардың төбесі көрінді. Абай сонда ғана әнін тоқтатып, Ерболға қарады.

Жолдасы Абай күйін ұққандай боп, жымиып қана күліп, сүйсіне қарап келеді екен. Абай атының басын іркіп, тоқтаңқырап тұрып, Ерболды ат үстінен құшақтады да:

– Ербол, сынама мені! Өмірде атын ғана есіткенім болмаса, бақыт деген не?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий