Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Тоғжанды ойласа, Абай көңілі де бұл шақта арылмас мұңмен жүдейді.

Тіршілік бұны жігіт етіп өсіріп, жастық дәуренінің таңы атқан шақта, сол аспанның асыл, әсем нұры бұл үшін Тоғжан боп танылып еді.

Кіршіксіз таза көңілдің бар қиялы осы ғана. Бірақ, екеуінің арасына өмірдің үлкен бөгеттері, қарсылығы кеп төнді. Алаңсыз тілек, аласыз көңіл созып еді.

Болмады! Бұның аяғында тұсау, оның басында ноқта. Енді міне, екеуін қақ айырған еріксіздік үстінде, бұлардың жүректері ғана бір-біріне талпынып ұмтылады. Бірақ шынжырларын сезіп, шерлі мұңмен өксік өкінішпен ұмтылады.

Қарқаралыдан қайтқан соң, Тоғжанға бір сәлем жолдап, көріспекті тілеген.

Соған Тоғжан шыдамапты. Амалсыз ренішпен қиналып отырып:

– Көрісерлік не бар? Нені тілеп көрісеміз? Өзі соны сезбей ме? - деп, жүрегіне түскен қаяуын сездіріпті.

Соған Абай ем таба алмады.

Рас, Ділдәні Абай сүйіп қайтқан жоқ. Бірақ ендігі өмірге тағдырындай көніп қайтты. Тоғжанның да Мәмбетейде атастырған күйеуі бар. Жалғыз-ақ, ол бар екен деп, Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ. Қайта, Абайды сүйгелі, өзінің қайын жұртын ойламауға тырысатын. Жүрегі үркіп, жатырқап жүретін.

Абай, бірақ қайындап кетті. Енді қайтып көрсетпестей қиын белден асып кетті. Тоғжан сол күндерде оңашада көп жылаған, жүдеп қалған.

Қатты жүрген жігіттер ел жатар кезде Жәнібектің тұсына тақады. Жалғыз-ақ, жұрт жатып қалды, көрісудің орны болмас десіп өкініп келе жатқан.

Жәнібектің кең шалғынды мол өлкесінің екі жағасы биікше сарқабақ болатын. Соның батыс жақтағы бір беліне кеп шыға бергенде, Абайдың құлағы алыстан талмаурап келген әнді шалып қалды. Ербол да естіпті. Дәл жотаның өзіне шығып, екі жігіт аз тоқтағанда, ән айқынырақ жетті. Қосылып салған ән екен.

Күзетші әйелдердің әні сияқты. Жолаушылар тау басына бөгелмей ойға қарай құлады, ұзақ кең өлкенің бойы жыпырлаған ауылдар. Қораларының орталарында, үйрім-үйрім көбіктей боп, қалың-қалың қойлар жатыр. Оттар өшкен, елсіз, жайын аралда қатар-қатар тізілген қаз, үйректің ұяларында, ағарып дөңгеленіп жататын жұмыртқалардай боп, ай астында маңқиып, түңліктері жабық боз үйлер тұр. Алты-жеті бір ұя. Он-он бір үй бір ұя. Төрттен-бестен бір ұя жасап, дөңгеленіп тұрған ауылдар да бар.

Осы өлкенің бойында, барлық ұйқылы ауылдардың үстінен қалқып ән келеді. Жігіттер ілгері басқан сайын, ән айқындап, шақырып тұр. Өлкенің дәл ортасын қақ жарып өтетін кішкене өзен бар. Соның екі жағасы селдір біткен аласа тоғай. Абайлар сол тоғайды құлдап төмен тартты.

Ербол енді аңғарды, ән Сүйіндік аулының тұсынан шығып жатыр екен. Сол ауылдың ар жағында Ерболдың аулы. Бұлар ән айтқан ауылдың үстінен өтетін болды. Жүрістері бәсеңдесе де, әлі де ақжал аттың сумаңдаған жол жорғасымен келе жатқан.

Жалғыз аяқ жолмен кеп, өткелден өтіп, тоғайдың ар жағына шығысты.

Кеңірек алаң бар екен. Сүйіндік аулы көрінді. Ән енді тіпті жақын естілді.

Шырқап естіліп жатқан «Топайкөк» әні.

Абай мен Ербол Бошаннан үйреніп келген жаңа ән бұл өлкеге жайылып қалған екен. Нәзік сұлу дауысты әйелдер «Топайкөктің» кейбір ырғағын теріс айтады.

Тоғайдан өтісімен Ербол барлық жайды тез аңғарды:

– Бәрекелде, мына қызықты қара! Мынау ауыл алтыбақан теуіп жатыр! -деп тоқтай қалды да: - ойбай, жақсы болды! Тура барайық! - деп еді. Абай аттың басын іркіп тоқтап қап:

– Тұра тұр! - деді.

Оншалық араласы жоқ ауылға ойын іздеп келгендей, мезгілсіз баруды Абай ыңғайсыз көріп еді.

– Барсақ та атты тастап жаяу барайық. Кейінірек барайық. Әуелі сіздің ауылға түсейік! – деді.

Мұны Ербол мақұл көрген жоқ.

– Әдейі келген кісі болмаймыз. Есебін өзім табам, жүр! - деп, ілгері тарта берді. Абай екі ойлы болса да, Ерболға сеніп, еріп кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий