Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы кезде жастыққа бас қойған екі жігіт осыдан осылай ұйқтап жарысқандай боп сілтесті. Келесі күн түсте бір оянып, қымыз ішіп алып, кешке шейін қайта ұйықтады. Ымырт жамыла және бір оянып алып, тағы қалғып отырысып, елден бұрын тағы ұйқыға кетті. Екінші күннің сәскесінде ғана барып бұл екеуі ел қатарына кіріп, анық сергіп тұрды. Екі түн, бір күн ұйықтаған Абай осы қалың ұйқының уағында өзінің қандайлық абыройлы, атақты жақсы жігіт атымен оянғанын білген жоқ еді.

3

Бұл күндерде бір жайлауларды кернеген жалғыз әңгіме - Бөжей асы туралы.

Ас берген ел, асқа барған ел және үйде қалса да, барғандардан көп әңгімеге қанған ел, - тұтасымен бір жайды аңыз етеді. Сол лақап бір Тобықтының іші емес, алыс-жақындығы, ой мен қырдағы қалың рулардың баршасына да тарап, селдей жайылып кетіп жатыр. Абай өзі ас ошағы мен қонақ үйлердің арасында соншалық бейіл салып, сарп ұрып жүргендіктен, бұл астың қаншалық ұланғайыр уақиға болғанын байқамапты.

Анығында Бөжейдің асы бір Тобықты емес, тіпті бұл өңір, бұл атрапта талайдан болмаған ас делінді. Молшылық, сый-сипат, рет сыпайылық, барлығы да үлгі-өнеге берерлік бопты.

Бүгінгі күн осындай ғып, дақпыртын көрген кәрі-құртаң, жігіт-желең, қатын-бала, әрине, бұл уақиғаны оңайлықпен ұмытпайды. Әңгіме етулері жаз бойы емес, күзге де, қысқа да созылады. Дағды бойынша, мезгіл өтіп, уақыт алыстаған сайын, бұл астың айналасына талай қоспа әңгіме, жаңсақ жамаулар да жабысады. Сүйтіп, келесі жылдарда осы аста жыққан балуан, осы аста бәйгеден келген жүйрік, осы аста жақсы айтылған қалжың, жақсы сөзбен көрінген шешен жандардың аты оқшауланып. ұмытылмай ере жүретін болады.

Бұлай болатын себеп бар да, себепші бар. Ол сол ас берушілерден шығады. Ас өлік үшін ғана емес, әсіресе, тірілер үшін керек. Олар өлімді сылтау етіп өздерінің абыройын, атағын, мақтанын, айдынын да асырады. Сондықтан асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіретті күштілер ғана жасайды.

Өмірде кедейдің асы деген ас болмайтын себебі де сол.

Ал атақтыға, жуанға, мықтыға жасалған ас сол өліктің артқы тобын тағы нықтап, мықтай түседі. Сол үшін ас бергендер өз әрекетін жаңағыдай көпке әшкерелеуге ынтық болады.

Солардың данқ беріп дәріптеуі бойынша Тобықты ортасы бұдан былай осы жылдарда туған баласының жасын Бөжейдің асымен санайтын болады. Ас жылы туған бала ғана емес, астан бірер жыл бұрын туған, бірнеше жыл кейін туғанды да сол астың «аржақ-бержағы» деп, асқар белден бастағандай, межелейтін болады. Бөжей асының атағы сондай. Енді осы жыл түскен келін, осы жыл елген жас-кәрі, осы жыл болған құдалық, бала сүндеттеу, күйеу келу де, баршасы да астың жылымен саналды. Тек адам жайы емес.

Кейде кейіндеп барып атақ алатын бәйгелер болса, солар да Бөжейге ас берген жылы тай еді, құнан еді, немесе, іштегі құлын еді деп сөйленетін болады.

Ұлы дүбір, үлкен астың осындай боп, уақыт өлшеуіне айналып кететіні анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар.

Ерте күнде болған төренің асы, Бопының асы дегендер дәл осындай боп, ұмытылмай келген.

Тобықты ішінің қазіргі мол дабыры да сондай боп, ен жайлаудың барлық тау-сеңгірін, ой-өлкесін қатты жаңғырықтырды.

Міне, осындай ұлы дүбірдің арасында, сол асқа жақсы қызмет етіп, жақсы атақ алған жандардың аттары да қазіргі күнде көптен көп айтылып, ауызға ілініп кетті.

Асты жақсы басқарған Байдалы, Байсал, Сүйіндіктер бір төбе.

Бірақ көп аузына олардан да бұрын ілінген - жас қана жігіт Абай аты бопты.

Айтушылар Абайды ең әуелі Құнанбаймен шайқастырады. Тоңы жібімейтін, зәрі қатты қырыс әкені Абай қатты кінәлапты-мыс.

Талай мың қонақтың ішінде Абай күткен қонақтар өзгеше бір естен кетпес сый көріпті.

Барлық жиынның мейрімін түсіріп, тегіс баталарын алыпты. Сондай бір жұртқа жаны ашитын, жақсылықты көксейтін, ақылы кемел бір бала шығыпты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий