Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Үй іші Қадырбайдың қалжыңына күле бастады. Абай өзі үй иесі болғандықтан сыпайылық жасап, аз сөйлермін деген. Бірақ мына Сыбандар шет елдің адамдары сияқты емес. Тобықтының өз ауылдарының адамындай кең отыр. Жауап айтқысы да келеді. Айтар сөзі де даяр сияқты. Тек қонаққа кеп отырған үлкен кісімен жауаптасса, әдепсіздік болар ма екен? - деп екі ойлы болды. Өзі байқамастан тамсанып, басын шайқап еді. Қадырбай шалып қалған екен.

– Кәне, бірдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт! - деді.

– Ендеше, Қадеке! Әкесі құрдастың баласы құрдас дейді ғой. Оғат айтсам ғафу етіңіз! Бірақ аса бір көңілі керен кісі болмаса, өлеңді сүймейтін жан бола ма? Менің әкемнің де сүйетін өлеңі болар. Жалғыз-ақ сіздің есіңізде қалғаны, әлгі бір «Шұбарым, арғымағым, кер маралым, өз заңынша болкендік жандаралым!» - деген өлеңді жақтырмай, сынап сөйлеген сөзі болмаса! - деді де, ақырын күліп қойды.

Үйдің іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты қарқылдап күліп жіберді.

– Япырай, мына баланың өзіме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгімені естіген екенсің-ау, ә? - деп, үй ішіне жағалай қарады. - Мынаның айтып отырғанын көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Күнекең соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп, сын айтып еді. Балам, сен дауыңды тауып айттың! - деп, тағы күлді.

Абай осыдан әрі үндеген жоқ. Тегінде соңғы кезде барлық үлкендерге талас сөзде соқтығыңқырап сөйлегенді қатты ұнатушы еді. Өзі қоймай сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкінген жоқ.

Қайта мұндайдағы қатқыл көңілі бір ырзалық тапқандай болды.

Бұл үйдегі қонақтар ұзақ отырып, кеш жатты. Орындарын жайластырып, тегіс жатқызып болып, түңліктерін жапқызып, Абайлар ас ошағына қарай қайтқанда, жаздың қысқа таңы сарғайып атып келеді екен.

Қазбаланың түстік жағындағы үлкен қоңыр биіктер бозғыл тартыпты.

Жұлдызы сиреген көкшіл аспанда Тезектің қарашоқысы айқындап көрінді.

«Таң келедіні» бұл атраптың қатпарларына, ұйқысы қалың көлеңкелі сай-саласына елдің алдымен сол мәлімдеп тұрған тәрізді.

Абай, Ербол, Ызғұттылар ас үйлерге жақындай беріп, өзара күңкілдесіп:

– Қазір таң атады. Бүгін ұйқы бола қоймас!

– Ұйқыны қояйық!

– Отын-су ерте қамдалсын.

– Қымыз! Қымыз кешікпесін! Бар үйдің де сабалары сарқылып қалды.

–Ұйқыны қойып, тез қам қылайық! - десіп, келесі күннің қамына жұмылды.

Келер күн ең ауыр күннің өзі болды. Астың дәл үлкен күні осы. Абайға тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ.

Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде, барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең қараған елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді.

Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты.

Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Нағашыларға арналған күтімнің қапысы жоқ, оқшау сый болды.

Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақбоз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолыңа үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ. Астың қалың думан, қызу ордасы қайнады. Әңгіме, дүкен қарақшы айналасында болады.

Байсалдың хабарын құлақтана салысымен, барлық жұрт аттарына ұмтылды.

Жал-құйрығы сүзілген бәйгелер де киікше басып, ойқастап шықты. Аз уақытта қалың ел ат үстінде әзір болды.

Жиынын Абай тегіс болжай алмады. Ол атқа мінбеген, мінбекші де емес.

Өйткені мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдің адамдары болғандықтан, бүгін тарамайды. Ендеше кешкі сыйына тағы әзірленіп тұру керек. Сол себепті Абай мен Ызғұттылар өз шаруасының қарбаласында жүр. Маңындағы жігіттері де тапжылмай, қастарында қалған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий