Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Тамақ пен күтімі бір басқа ғой. Ертең ат шабады, балуан күреседі. Әр алуан бәйгелер бар. Түйе бастатқан тоғыздан бәйге шығарыпсыңдар. Жақсы екен! Ағайынның аянып қалатын жері емес қой. Менің балам ол үлестеріңнен де қалмаймын дейді. Соның ақылымен мына бір бұйымды әкеліп ем! - деп, қалтасынан жібекке ораған бір кесек түйін алды да, Байдалыға ұсынып тұрып: -Бәйгенің бір тоғызының басы осы болсын! - деді.

Бергені үлкен кесек күміс - «тайтұяқ» болатын.

Осы күні малдар тегіс сойылып болып, азық-түлік ас үйлерге әбден жайғасқан шақта, екінді кезінде, Қазбалаға қалың қонақтың алды ағылып, жете бастады.

Байдалы, Сүйіндік, Ызғұттылар қонақ үйлердің орталық жеріндегі биікше төбенің басына шығып, келушілерді тосып тұрғалы бірталай уақыт болған.

Қонақтар төрт тараптың бәрінен қырық-елуден, жиырма-отыздан, лек-лек болып, аттарын жай-жай бастырып, жылжып келе жатыр. Әр топтың алдынан кереші күтушілер шауып шығып, сәлем беріп, жөндерін біліп, үлкендер тұрған төбеге қарай бастайды. Дағды бойынша шет елдің сый қонақтары әуелі ас иелеріне сәлемдесіп, асқа береке тілеп барып, қонақ үйлерге түсу керек.

Күтушілер болса, әрқайсысы өзді-өз үйлеріне алатын қонақтардың ру-руларын алдын ала білетін.

Абай жігіттері: Жиренше, Ербол, Базаралы, Мырзахандар да сол қонақ тосушылардың тобында жүр.

Абай өзі қонақ үйлерінің қасында, қырық-отыз жігіттермен, Жетісу жағының қонақтарын тосып тұрған.

Басында жүздеп келген қонақтар күн батар шақта мыңға жетіп, одан да асып барады. Жігітек, Көтібақ, Бөкеншілер тіккен үйлердің бірталайы өз қонақтарын қабылдап, қарсы алып жатыр.

Абайдың қонақтары ымырт жабылар кезде ғана көрінді.

Бөжейдің шешесімен туысқан нағашы ағасы ақсақалды, келбетті қарт екен.

Соның өзі кепті. Ол төбе басында, өзге қонақтардан бөлекше белгі жасап, атынан түсіп, барлық үлкендермен құшақтасып амандасты. Қасындағы жиыны мол. Жетісудан келе жатқан Семіз, Найман, Жалайыр, Матай, Сыбан да тегіс осы кісінің маңында екен. Алды сол нағашының тобы. Олар елу-алпыс кісі.

Солардың артынша, Найман тымақты қалың топтар қауырт көріне бастады.

Нағашы тобы мен артқы аттылардың бәріне жататын үйлерін көрсетпек боп Ызғұтты, Сүйіндік алға түсті.

Нағашылар жақындасып келгенде, Абайлар барлық жігіттермен сәлем беріп, түсіріп алысты. Ақсақал нағашыға Сүйіндік Абайды таныс етіп, Құнанбайдың баласы екенін айтты.

Абай «қош келдіңіз, нағашы» деп қол қусырып тағзыммен қарсы алған.

Барлық мол үйлерден мынау он үй өзгеше, оқшау тұрғанын қонақ атаулы аттарынан түспей тұрып, ерте таныған еді. Бұл үйлерге өздері түспей, басқа жерлерге орналасқан қонақтар: «Анау бөлек үйлер кімге арналған? Онда кім қабылдайды екен?» десіп, сұраса бастаған-ды. Сол ретте ол үйлер Құнанбай баласы тіккізген, Бөжейдің нағашы жұртына арнап тіктірген үйлер екенін де білісіп қалған.

Ақсақал нағашыны қасындағы үлкенірек кісілермен іріктеп отырып, Абайлар дәл ортаға, ең жасаулы үйге кіргізді. Өзге топтарын да дамыл көрмей қарсы алысып, қатар үйлерге кіргізіп жатқан.

Нағашылар бәйгеге қосқалы бір баран, екі қылаң жүйріктерін әкепті.

Құйрық-жалы сүзулі, үстеріне бала мінгізген, үкілі-тұмарлы аттар оқшау байланды.

Алыс-жақыннан келген қалың топтардың бәр-бәрі де әзірше осылай бәйгілерін жұтындырып, көлбек қақтырып, келіп жатыр.

Алғашқы топ келісімен, өзге қонақтар да іркілген жоқ. Көз байланғанша он үйдің алтауы толып қалды. Әзірге Жетісудың алыс руының бәрі аталып жатыр.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий