Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бағанадан бері соншалық көп, тілсіз сәлем жолдаған Абай, енді әннің сөзін өзгертіп алып, басқаша айтып кетті. «...Сағындырған ғашық жар ынтығы іште жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен?.. Бар дүние, бар сырын, барлық бақыт тілегін бір өзінің шұғласына құрбан етем деп келсе, не дер екен! Сол күнде де қатты болса, қайта серпісе, әділдігі, рақымы кәні!.. Ол шақта үміт бермей өртемес пе еді? Кінәламай жазаламас па еді? Сондай қаталдықты көрерлік ғашығы қанша ғайыпты еді?» деген бір өзгеше сыр кетті.

Тоғжан алғашқы бір аузына тыңдай ғана ерді де, тоқтап қалды. Сөз бұл өңірдің айтып жүрген белгілі өлеңі емес. Мәнін, шынын жалғыз Тоғжан өзі ұқты. Нұрлы қара көздерін төмен салып, үнсіз мүлгіп тыңдады.

Абай жалғыз өзі төрт ауыз өлеңді сыры терең «Ақ-қайың» әнімен айтып барды да, баяу ғана тоқтады. Жүрегі барлық бүркеулі шынын да, ыстық жалын сырын да осы әнге, осы арадағы өз сөзіне салған. Ол ақын боп, мұңды жар боп шешілді. Осы әннің тұсындағы Абай Ерболдың күнде көріп жүрген жолдасы емес. Көз алдында өзгеше боп ескелеңдеп, самқап шыққандай көрінді. Ән басылды. Абай әлпеншектен түсті де, шетірек шықты. Қасына Асылбектің келіншегі кеп, әнші екенсің ғой дегендей мақтау айтып тұр еді. Құр әдеппен жымиғаны болмаса, Абай оның сөзін аңғарған жоқ.

Алтыбақан қасындағы ән мен ойын тағы біразға созылып барған соң, Ербол тың ойын бастады. Онысы - «ақсүйек», содан кейін «серек құлақ» еді.

Жастар тегіс қатты даурығып, шулап жүріп, үлкен желікпен ойнады.

Серек құлақ ойнында қасқыр болған Ерболдың өзі. Ол «қой» алып қашатын.

Абай көп қыздар мен келіншектердің арасында қалжыңдасып отырып:

– Мен қой болам! - деген.

Ерболдың көп есебі бар екен. Ебі шебер қасқыр болды. Әуелі бір-екі келіншекті, қыздарды алып қашып, далаға тастап, содан кейін бір кезде Абайды алып қашты. Жүгіртіп әкетіп бара жатып жолда:

– Сен анау шоқ талдың түбіне барып, мені аңды! Аздан соң Тоғжанды алып қашам! - деді де, қайта салды.

Абай тал арасында тұрып, Тоғжанның «қолды болуын» тосты. Көп күткен жоқ, Ербол алып қашты. Бірақ бұл жолы «қой» алу оңай болған жоқ. Көп ішінен, әсіресе, Керімбала қатты айғайлап ұмтылды. Тоғжанды Абай тұрған жақтан басқарақ бір ағашқа апарып, оған да бірдеңе айта салып, Ербол қайта шауып кетті.

Абай бұл кезде Тоғжанның, жанына қалай жеткенін білген жоқ. Екеуі қалың ағаштың арасында, ай сәулесі үзіліп түсіп тұрған бір алаңқайда кездесті.

Бір-біріне ұмтылып келгенде, Тоғжан жылап жіберіп, Абайдың құшағына кіре берді. Жасқа толған көздерін сүйген жігітін төсіне басып, тұрып қапты. Екі иығы шошынып қысылғандай, дір-дір етті.

Абай:

– Тоғжан, жыламашы! - деп, шашынан ғана сүйіп, қатты құшақтап қысып тұрғанда, Тоғжан басын жоғарырақ көтеріп:

– Көрісейікші бір! Сағындым! - деді . Дәл осы уақытта:

– Тоғжа-а-н! Қайдасың? Қасқырға берер Тоғжаным жоқ! Жүр, - деп айғайлап, күліп жүгіріп келе жатқан Керімбаланың даусы естілді. Абай Тоғжанды асығып қысып, бір-ақ сүйді. Қызарып толқыған ыстық бетінен сүйді.

Керімбаланың жақындап қалған сыбдыры естілгенде, Тоғжанның бөркін түзеп кигізді де:

– Ертең тос! Есебін тауып көреміз! Келемін! - деді. Қалың жапырақ арасынан түскен ай сәулесі теңгедей бір жарығын Тоғжанның он көзіне түсірді.

Кірпігінде үлкен бір тамшы жас іркіліп тұр екен. Қастарына Керімбала жүгіріп келгенде, екеуі жай ғана қатар тұрған. Керімбала әдемі ақ тістерін ақсита күліп, бөркін шекесіне салып, бар денесімен бұраңдап, ойнай келіп:

– Е-е, мұнда ма едіңдер? Қозымды қасқыр жей ме десем, қойдың өзінің де жегісі келе ме, қалай? - деп, барынша шаттанып күліп, Тоғжанның иығына бетін басты.

Жазықсыз ерке қыздың күлкісі сияқты. Бірақ мынандай, ойдағысын ірікпейтін Керімбала, қазір айтқанын көпке де айтуға мүмкін.

Абай соны ойлап:

– Жала жаппаңыз, Керімбала! Басымызға күн туып, қолды болған соң, бізде не жазық бар?! Амал қане? Мұңымыз бір болғандықтан кездесіп тұрмыз! - деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий