Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абайды әкелікке еріксіз көндірем дегендей боп, Күлбадан түні бойы ұйқы бермей жылайды. Сонысының өзімен де ол жас әкемен екі арасын бітімсіз қып қойды.

«Тыныш ұйқыдан кісіні шаяндай шағып оятады» деп, Абай оны «Саршаян» дейтін.

Қазір сол Саршаян тағы да жылап отыр. Кеш батып, үй іші қараңғы болса да, Ділдә от жақпапты. Өзі шымылдықты түсіріп, биік төсектің алдына көрпе-жастық салып, жантайып жатыр. Күлбадан шешелер үйінен жаңа келіп, төсекке жатпай, қиғылық салып отыр екен.

Абай бір топ кісімен үйге кірді. Тыста боран. Бұлардың үстері тегіс қалың қар, қырау... Үйге шұбатыла кіріп, мол аяз алып келді.

Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан тынышы кеткен Ділдә басын көтерді...

Абай тымағы мен ішігінің қарын қағып жатып:

– Ділдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды!.. Болмаса апарып тасташы анау үйге! - деді.

Ділдә жарық жағып, шымылдықты түріп қойып, қонақтарға көрпе салды да, Күлбаданды қолына алды.

Күтуші қызыл келіншек отауға кіріп, Ділдәмен сыбырласып алып, қонақтардың қамына кірісті.

Бұл қонақтар Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары, жас жігіттер: Ербол, Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын.

Орталарындағы үлкені Базаралы. Сол төрге шығып, шешініп отыра беріп:

– Жаным-ау, мына құдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі боран!

Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау ел сорлыны! - деп, уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап, ойланып қалды.

Еңгезердей мол денелі болса да, аса сымбатты, нұр жүзді Базаралы қазір отызға жаңа ілінген. Ақ елтірі ішігін желбегей жамылып отырып, таңдайын қақты.

Ділдә дөңгелек үстелдің үстіне шам әкеп қойғанда, жігіттер айнала отырды.

Бұл кезде Абайдың да денесі ірілеген. Жаурынды, сүйекті боп қалған екен.

Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп қалған.

Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен. Жазық биік маңдайы шекесіне таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең кесілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны тотықса да, келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл отты көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады. Жақсы туыс белгісі сияқты.

Әлі ұзармаса да, теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қарасұр жігіт, сонау сұлу болмаса да, ұнамды, сүйкімді.

Оңаша отауға іріктелген жас жігіттер бұл кешті көңілді өткізсе керек еді.

Бірақ жаңа орнықпай жатып Базаралы айтқан уайым сөз бәрін де ойға салды.

Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген. Базаралы осы кешке ғана тау жақтан келгенді. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол жұрттың жайын білмек боп:

– Немене, жұт өзі қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемі қандай? - деп сұрады.

Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті.

– Анық жұт жаппай келмей ме? Бұл соның өзі ғой! Ел дегенде көпті айтамыз да... көп қысылды ғой!.. Мына боран айықпағалы міне үш күн болды.

«Жыл мойыны жақын ба» деп дәме қылысып еді... Көкек аяқтап, мамырға да тақадық. Бірақ ақпан-қаңтардай боп әлі қақап тұр. Енді не қалды? - деп, Базаралы түңіліп отыр.

– Қырылып жатқан қой ғой. Ал, мына ірі қара жағы қалай? Шыңғыста одан үміт бар ма екен? - деп Жиренше тым құрса, өзге малдың аман қалары болар ма екен деп еді.

Тобықтының малы жылқы мен қой емес пе? Ірі қара дегенде сиыр болса, ол кесел қойдан да жаман екен... Түйе де жұтқа осал неме ғой... әйтеуір қолдағы малдың аманы болмас!.. - деді Базаралы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий