Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Балама сәлем айт! Көп өмірім қалған жоқ! Зарлаған аш-арықтың қырғынын көрерім қалды ма? Жегім-жесір, кәріп-кәсердің телегей теңіз жасын көрерім қалды ма? «Мені енді ал» деп тілеп отырмын жаратқаннан. Жаназаға жиылған жұртты да ас беріп асырайды ғой. Тимесін, қумасын! - деді.

Жақып бұны естігенде іркіліп, үндей алмай қалды. Кәрі әжесін осындай зар тілекке жеткізген мінездерге Абай күйіп кетіп:

– Әнеки, шешенің қамын жегендерің шын болса, жылатпасаңдаршы!

Қуғызбаймын! - деп, бір-ақ байлады.

Жақып Зере сөзінен соң қайтыңқырап қалса да, Абайға ызғар тастап кетпек.

– Не деп отырсың өзің? Біреудің бетінен алайын дегенбісің? Сөзіңнің аңғарын мен ұнатқам жоқ Тіліңе уақып бол! - деді.

Абай бұл тұста да ашуынан қайтқан жоқ.

– Не деп отырғанымды түсініп отырсыз. Мұндағы жұрт қызыл қарын жас бала емес. Өлмесін білетін болған. Өз қамын өздеріне ойлатсын да, тыныш жатып анау қызығын көрсін! - деп салды.

Бұл күнге шейін Құнанбайға қарсы мұндайлық сөз қатқан ЬІрғызбайды Жақып көрген жоқ-ты. Абайдың тұспалын ұқса да, қазір ол жас жігітті аса тентек санады.

– Доғар! Доғар, шырағым ендігіні! Мына сөзіңді мен айтып бармаспын!

Бірақ, исі Ырғызбайдың жүрегін шайлықтыратын суық сөзді сенен есіттім деп кетермін!.. Сол да жетер болды! - деп, атқып тұрып кетті.

Абайдың жаңа кейіндеп кеп айтқан тұспал сөзінде көп мән болатын. Ол Құнанбайдың осы қыс ішінде істеген бір ерекше мінезін ауызға алған-ды.

Жақып кеткеннен кейін Жидебайға қайта оралған кісі болған жоқ Басқа уақыт болса, сөз аяғы бұлай аяқталмас еді. Үнсіз, жым-жырт қалуына да сол Құнанбайдың жаңағы оқшау ісінің өзі себеп болды.

Тегі, соңғы екі айдан бері Абай менен Ұлжандар Құнанбайға өкпелі, салқын болатын. Үйткені, Құнанбай осы қыста жасы алпыстың ішіне кіргеніне қарамай, жас тоқал алған. Жидебайдағы екі әйелі Ұлжан мен Айғыз болса, Қарашоқыдағы бәйбішесі Күнке болса, солардың үстіне төртінші қатын етіп Нұрғаным деген қызды алды.

Нұрғанымның жасы Құнанбай түгіл, Абайдан да кіші. Сондайлық баласынан кіші қызды аларын Құнанбай үй ішінің ешқайсысына білдірген жоқ.

Бұл жөндегі әңгіме, байлау Қаратаймен екі арасында ғана болған. Жұмыс басталғанда да оқыс басталды. Бас себебі Қаратай болатын.

Өткен жазда Қаратайдың қатыны өлді де, кәрі ақылшы қатынсыз жүрді.

Соған Құнанбай бір күн кездескенде:

– Қатын алуды ойлаймысың? Неге алмай жүрсің? - деген.

Қаратай бұл жайды өз ішінен ойлап, шешіп қойған екен.

– Құнанжан-ау, өзім қатынмын, мен қатынды қайтемін?! - деп еді.

Құнанбай ол байлауын мақұл көрмеген.

– Олай емес қой, Қаратай. Жас күніңде жолыңдағының бәрі саған қатын.

Күтім керек, көрік болатын шақ дәл осы кәрілік қой. Қатынның шын керегі осы шағың, - деген.

Сүйтіп, Қаратайға қатын алғызды.

Сол Қаратай өзі алған күні Құнанбайға да қозғау салып, «енді айтқаның шын болса, өзің де ал! Саған да сол айтқаның енді керек. Бардың бәрі баламен, өз қақымен кетті. Саған енді «өзің» деп отыратын оңаша бір жас иіс керек» деген.

Осының артынан екеуі ақылдасты да, Құнанбай алатын қызды тапты.

Онысы Нұрғаным болған.

Нұрғаным Бердіқожа дейтін қожаның қызы. Бердіқожа Тобықты іші емес, Сыбан арасында, Арқат деген тауды мекен ететін. Ол бұл Арқаға беріде келген.

Әуелде Қаратауға Түркістаннан шығып, көп туысқан шоғырмен келіп еді.

Қаратаудан Арқаға көшкен ұзақ жолында осы Нұрғаным бес-алты жасар, кебежеге мінген бала болатын.

Бері келе Бердіқожаның бірталай туысқандары Түркістанға қарай қайта тартып кетті. Арқаны жерсінбей және «ақ патшаға бодан болған елде тұрмаймыз» деп кетіп еді. Өзі қартайып, балалары жас болған Бердіқожа, азынаулақ үйлермен қозғалмай қалды. Сыбан мен Тобықты ішіне беделі бар қожа болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий