Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Бар жүрегімнің құрметі, әулиедей ана, саған арналған» дегені. Сүйтіп аз отырды да, әжесінің екі қолын ұстап, кішкентай алақандарына бетін басты.

Иіскеп сүйіп отырғанда бірнеше ыстық тамшылар да сол әлсіз жүдеу алақандарға тамып еді. Әжесі тағы да сыбырлап:

– Қарағым... жалғыз қарашығым! - деп, Ұлжан жаққа қарады да, - анаңды күт! - деді.

Осыдан кейін тағы бір толастан соң:

– Ішімнен шыққан жалғыз еді ғой... Жалғызға топырағым бұйырсын! - деді.

Бұл сөзді тіпті ап-анық айтты да, қайтып үндеген жоқ. Көзі тағы да жұмылып кетті. Жаңағы айтқаны Құнанбай екенін Абай да ілезде түсінді. Сол сөзді бастай бергенде, Ұлжан басын изеп: «тыныш болыңыз, орындаймыз» дегендей белгі еткен.

Қадірлі ана осы таңға жетпей қайтыс болды.

Абай мен Ұлжан таң аппақ атқанша үн қатқан жоқ. Зеренің дана жүзіне мүлгіп, жүдеп, қадалып отырды. Екеуі де жаңа ғана қастарынан ғайып болған ана туралы өз шерімен, өз ойларымен болып, бар дүниені ұмытқан сияқты.

Абайдың өзі ес білгелі шын жақын жанның өлімін көргені осы. Кәрі анасының қазіргі жүзі көкшіл сұрғылт тартса да, біртүрлі бір зор тыныштыққа жеткен тәрізді. Өлім емес, қиналу емес. Қайта көптен көксеген арманына жеткендей. Соншалық ырза және мейір шафқат нұрын тапқандай.

Күн шыға бергенде, барлық ауыл хабарланып, бала атаулыға шейін тегіс жиналып келген еді. Немерелері мен келін-кепшік үнсіз жыласты. Көрші-қолаң, малшы атаулы да шын күйініп, ауыр-ауыр күрсінді.

Осы таңертеңде Қарашоқыдағы, Шыңғыстағы көп туысқан да көп жетті.

Алдымен келген Құнанбай, Күнкелер болатын. Қалған Ырғызбай да осы күні Түске шейін түгел келді.

Бұл өлімді барлық жұрт тегіс ауыр алғанмен, жыласқан жоқ. Үндемей күтті.

Келесі күн жаназасы болғанда әнеугі елу кедей көршілер де тегіс келген екен.

Көп қауым боп, түгел ардақтап қойды.

Құнанбай мен Күнкелер Зеренің жетісіне шейін Жидебайда қалды.

Әжесінің артын күткен кезде мұншалық көп қара құрықтың болғанын Абай өзі ұнатпаған. Бұ күнде ешкіммен сөйлескісі де келген жоқ. Зерені қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, құран аударуға кірісті.

Анасының әруағына арнайтын дағдылы «Құран хатымды» молдаға оқытпай, өзі оқитын болды.

Бір жұма бойы сол құранды екі аударып шықты. Осы күндерде ас үстіндегі бір әредікте Құнанбай Абайға:

– Жай аударады екенсің! - деп еді. Абай жауап айтқан жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт аударып тастайтын, сыдыртқыш молдаларды есіне алып айтқан. Абай болса, ішкі себебін айтқан жоқ. Ол да жылдам оқи білуші еді.

Абай анасына сауап болсын деп, құранды өзгеше ықласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінажат қып оқиды. Құранның кейбір парасының үстінде ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды.

Онысы - әжесінің адамшылық, аналық қасиеттерін жоқтау еді. Өз ішіндегі адал алғысын бағыштау да дұғалық, тілек есепті көрінетін.

Осы жеті күн ішінде, үй оңаша қалған бір шақта Абай Ұлжанның бір сөзін үлкен ықласпен тыңдады:

Шешесі көзіне жас алып отырып, өз-өзінен:

– Анаң, ана-ақ еді-ау жарықтық! Осы кісінің өсиеті, тәрбиесі болмаса, мен де бір түйіліп қалған қу түйіндей үндемес қатыбас болар ем. Сен екеумізде қарызы бар еді. Тым құрса аруағы ырза болсын. Артын жақсы күтейік! – деді.

Абай өз шешесінің де қартайып қалғанын байқады. Мұның да мейірімді жүзінде ой ауырлап, уайым қалыңдапты. Айтқан сөзін құп алды да, үндеместен бас иді.

Зеренің жетісі толып, құран хатым болған соң, Құнанбайлар қайтып кетті.

Аз уақытта, жылдағы дағды бойынша, жұрт жайлауға көшті. Абай әжесінің қырқына шейін, тысқа шықса, ертелі-кеш анасын жоқтап, зар өлеңдер айтады.

Тау басына шығып, даланы кезіп жүрсе де, анасына бағышталған мұңды ойлардың қасірет жырлары орала береді.

Әсіресе Шыңғыс асып, көп елдің күйін көргенде, біртүрлі жат, жаңа дерт тапты. Байқаса, бұрынғы қыруар елдер кішірейіп, бір-ақ уыс болып қалған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий