Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өлкеге сыймайтын малдың орнына оқта-текте көрінетін, шашылып жатқан бесті-онды ғана қара бар. Малы аз болған соң, талай ауылдар бірігіп кетіпті.

Шыңғыс сыртының ен қоныстары, мол адырлары, иен жайлаулары көбінше қаңырап тұр. Сонымен қатар ел ішінде күңірену кеп. Жоқ-жітік, қайыршы көбейіпті. Абайдың өз анасы өлгенде, ел ана да төсек тартып, дертке шалдыққан сияқты.

Осыны көріп, ойланған сайын Абай өзгеше бір айықпас зарға батты.

Қаралы көңіл ашылмастай боп екі иығынан басып алды. Үстіне киген киімге, мінер атқа, ішетін асқа да бейілі жоқ.

Көп адаммен тіл де қатпай, үнсіз боп барады. Бірақ, енді өз анасы Зерені ойлаумен бірге, халық деген ананы қатар ойлап кетеді. Әрберден соң екі шер бір қосылып, бір жырға, бір зарға айналды.

Абай әжесінің қырқына жетті. Жайлаудағы көп ел жиылып, Зерені соңғы рет естеріне алды.

Ұлжан Абайдың осы уақытқа шейін аса бір қатты ойға түсіп, азып кеткенін байқап жүрген. Әженің қырқын беріп, жұртты таратқан соң, баласын оңаша алып отырды да:

– Сен осы бір қалың шыңға батып кеттің-ау! Жүдеп кеткеніңді байқаймысың? Жас адам уайым соңына өйтіп сарылса, пайда таппайды. Енді тоқтал. Бойыңды жи. Ерболды шақыртып ал да, атқа мін, ел қыдыр. Сергіп қайтшы! - деді.

Ербол Абайға келгенде Асылбектің бір сәлемін ала келді. Бірталайдан бергі сыйластық бойынша, Сүйіндіктің Асылбегі Абайды қонаққа шақырыпты.

– Шешесі қайтыс болғалы үйден шықпады ғой. Біздің ауылға келіп, қонақ болып қайтсын! - депті. Сонымен екі жігіт Сүйіндік ауылына сый қонақ боп келді.

Баяғы Жәнібекте, сол белгілі әдемі көк өзекте отырған ауылға Абайлар жақындап келгенде, үй сыртына бұларды қарсы алып Асылбек, Әділбек шықты.

Қастарында Дәркембай бар екен. Қонақ жігіттер әуелі Сүйіндіктің үлкен үйіне кіріп, сондағы кәрілерге сәлем берді.

Бәйбішесі мен Сүйіндік осыдан он шақты күн бұрын, Зереге бата оқып қайтқан. Қазірде Ұлжанның денсаулығын сұрастырып, аз сөйлесіп, амандық білісті. Содан кейім: «Жастар кең отырсын, еркін сауық етсін» деп, Асылбектің отауын әзірлетуге бұйрық берісті.

Отау онсыз да әзір еді. Абайлар сонда келді. Тыста да, отауда да Абайды көрген үлкен-кіші жылы сөйлейді. Сыйлағысы келгендей. Соның бірі Асылбектің келіншегі Қарашаш. Үлкен жағынан, әсіресе, сондай жарқын жүзбен қарайтын Дәркембай. Ол Зеренің аруағынан айналып, Ұлжанды мақтап, Абайдың кішкене балаларының аттарын атап, амандықтарын сұрап, оралып жүр. Жазғытұрғы жұттан бері Абайды аса жақсы білген Борсақ, Бөкенші бұл ауылда бірталай адам екен. Бәрі де Жидебай, Мұсақұлдың қонағы боп өткендер.

Бәрінін де қазіргі ажарында ырзалық пен алғыс, құрмет бар. Борсақтың бір шалы:

– Шырағым, жұрт көрген жұттан аманмын деп отырмын. Қарыздарым - бір құдай, содан соңғы - өзіңсің! - деді.

– Құдайға шүкір! Сауын мен аққа ешкімнен олқы емеспіз. Тіпті сол он бес күн ішінде қорыққа тығылған елу ауылдың бәрін байқадым... Өзді-өз ортасында анық күйлі дәл солар бопты! - деп, Дәркембай да шаттанып сөйледі.

Үй ішінде Абайға сыпайы амандасқан Қарашаш аса бір жақын жанның ілтипатын сездіреді.

Бұрынырақ бір кезде Абайға сырттан томырылып, ызалы боп жүрген Әділбек те қазір ол мінезін ұмытқан сияқты. Өзі жүріп, есік ашып, Абайдың қамшысы мен тымағын кереге басына өз қолынан ілді.

Бұл ауылдағы осындай барлық бейіл, бар ажар Абайға дәл бір өз туысының, жақын жанының үйіне келгендей жылылық, достық белгісін білдірді. Тегінде, Жігітек, Көтібақ сияқты өзге жақын елдермен салыстырғанда, Абай Бөкеншіні әрқашан артық көруші еді. Бұл ауылдардың адамына өзгеше бір мінезділік пен адал момындық бар. Және жақсы көрген адамынан қолда барын аямайтын шыншыл бейілі бар.

Қонақшыл жастардың жақсы отауында үш күн бойы ән салып, сауық жасап жатқан кезінде, Абай жаңағы мінезді, әсіресе Асылбек пен Қарашаштан көрді.

Асылбекті Абай көптен бері «Асыл аға» дейтін. Сол Асылбек бұл күндерде Абайға аса бір сүйікті, жақын аға боп кетті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий