Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осыны екінің бірі біледі. Бірақ, атадан бала, баладан нәсіл сол көргеннен өнеге алары бар ма? Бұл бәледен құтыларлық жол бар ма? Сол туралы арғы бергіде «ел қамқоры» деп аталған жандардың, елге жаны ашып, жол айтқаны, жөн сілтегені болды ма? Қадырбай соны біле ме екен? Осыны сұрады.

Қадырбайға бұл сұрақтар тосын көрінді. Ойланыңқырап отырып, тақпақтап, мәтелдеп кетті. «Баянсыз бақ, тұрлаусыз тіршілік... Бар дүниеде тозбақ бар. Исі аңқыған бәйшешегің де күзі жетсе қуарады... Әл-қуатың кеткенде, алма бет те суалады», деп дүниенің кезегін, баянсызын айтты.

Абай бұл сөздердің шешендігін бағаласа да, ішкі нәрін қанағат қылған жоқ.

Қазақ деген қалың ел, іргелі ел, оның тірлігінің де айнымас берік тұрағы болу керек. Бәйшешектің тірлігі адам тірлігіне місе, мысал болмайды деп еді.

Қадырбай ел дегеннің бәрінің тірлігінде де тұрақсыздық бар екенін айтып, қазақ тірлігі өзгеден артық тірлік деп бағалады.

Абай бұған да тоқтамады. Өзге елде өнер барын, енер деген таусылмас азық, жұтамас байлық екенін айтып кеп:

– Ойлап, байқап қарасаңыз, осы дүниедегі бар, жұртты біздің қазақ шала біледі. Бір елді бір ел жақсы білсе, жақсы өнегесін де алар еді. Сонау адам-ата заманынан бері қарай бір елдің өнегесіне бір ел ортақ боп келген. Соның тапқанын бойына жапсырып, үлгі етіп, өрбіп өсіп келген. Біз болсақ, сол көп үлгіден кенде, көп өнерден кенже қалғамыз. Баяғы заманнан бері айықпаған жұт - сондай артта қалғандық салдарынан, - деді.

Қадырбай мен Қуандық мына сөздің тұсында бір-біріне қарасты да, іштен ұғысқандай болды. Қадырбай өзге әкелердей емес. Баласына ақыл сала сөйлейтін және қыз бала демей Қуандыққа да сүйенетін тәрізді.

Бұл кештегі ұзақ әңгіме мен кейбір жарыссөздер ылғи ғана сол жаңағы «ел», «елдік» деген жайдан болды. Сонда, кәрі ақын жас жігіттен неше алуан соны сөз есітіп кеп, іштей қатты толғанып қалды.

Әншейінде қандай үлкендермен кездессе де оңай ұғысатын жайлар бар еді.

Сол баяғыда шешіліп қойған, «айдан айқын» деген сөздің барлығына мына жігіт басқаша қарайды. Дау айтады. Айтқанда, тауып айтып, тізе көрсетіп тоқыратып кетеді.

Келесі күні қымыз үстіндегі мәжілістерінде осы әңгімелер және де сөйленді. Қуандық дауға араласқан жоқ. Бірақ бүгін ол Абай сөздерін көбірек қостайтын болды. Әкесінің кейбір дауларын қабыл алмай күледі де:

– Әке, қонақтың сөзі ұтымды ғой, - деп қояды. Тағы бір кезде «осы сөзге тоқтау керек-ау!» деп те қойды.

Бұл тұс Абайдың кешеден бергі әңгімені екшеп кеп тоқыратқан жері болатын.

Бүгінгі елдің тірлігін, кәсібін көп сынаған Абайға, Қадырбай жаңағы бір кезде:

– Ендеше өзің не дейсің? Елді бұдан бұлай немен ел бол дейсің? Сынадың, мінедің ғой! Ал енді, шығар жолың бар ма? Соныңды атап көрші! - деген.

Абай осыған орай:

– Елге өнер, білім керек. Оқу, тәрбие керек. Ендігі заман кең жайылыс, ұзақ өріске сеніп, қалың ұйқыны қуат біліп жататын заман емес. Өзге өнерлі елден оқып, үлгі алудың заманы, - деген.

Бұл байлау Абайдың осы дау үстінде тапқаны емес, көптен бергі оңаша ойларының сарқып келген жері. «Ел үшін сол керек және әсіресе, өзі үшін де жалғыз жол, даңғыл жол - сол!» деп білген болатын.

Қадырбай оқу, тәрбие ата мен бабаның тәрбиесі. Балаға соны білмек, бәрінен де асыл деп, дауласа бастап еді, Қуандық сол тұста жаңағы өз байлауын айтқан, Осыдан кейін Қадырбай өзі де тоқырап қалып, қайта ойланды. Ойланып кеп, үндемей отырып барып, ақырыңда:

– Шынға бақсақ, сенің сөзің әділ екен, балам. Бетің де, арманың да көкейіме қонады. Ендігі заман солай болса, болғаны-ақ! Сенің айтып отырғаның осы өз буының мен келер ұрпақтың тілі болар. Тек, бірақ кімге барасың? Үлгі-өнегесін қайтіп аласың? Сол жолда заман адастырмаса болғаны да! - деп, сөзін аяқтады.

Қарт ойша көп қарсыласты. Бірақ байыптап барып, шын мақұлдады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий