Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әр ойынның арасында қыздар мен жігіттердің кезек шырқаған айтыстары, ән жарыстары да көп. Сыбан ойыншы, сауықшы ел болатын. Әсіресе, осы ауыл Қадырбайдың әкесі Ақтайлақ заманынан бері қарай, айтыс пен әннің қан базары. Кішкентай күнінен бері сол қалың думан ортасында өскен Қуандық -мынадай ойын-қызықтың жаны есепті. Өзіне серік, дос қыздары да көп.

Сыбан мен Найманның ескіден келе жатқан әдеті қыздарын жастай ұзатпайтын. Сыбан қызындай үйде қартайтамысың?» деген сөз, өзге көршілес елдерге мәтел сияқты болған. Қадырбай аулында, мынау отауда сондай жетіп отырған, жасы отызға тақап қалған қыздар біреу-екеу емес, әлденешеу. Соның бәрі шетінен қалжыңқой, ашық. Ойын-сауыққа жаны құмар, шетінен әнші, өлеңші боп шықты.

Бар жиынды бастап отырған Қуандықтың өзі. Оның тамаша күлкісі әрдайым сыңғырлап шығып, күйдей созылып, жұрттың бәрін еліктіріп отыр.

Қуандық ойын үстінде жігіттерді аямайды. Мәз болып күліп отырып, қызара түсіп, қатты жазалайды.

Өзіне жаза тартатын жер келсе де саспайды. Күлкісінен жазбай, міз бақпай отырып, бар жазаны оп-оңай көтеріп кетеді.

Осы кеште Абай мен Қуандық қатар отырып, әзілмен, әнмен, айтыспен де көп жарысты.

Ең алғашқы айтысты Қуандық өзі бастаған.

Арнап сөйлеген кісісі Абай. Бұрын айтысқа көп салынбаған Абай әуелі ән жағына салмақ салып, сөздерін ойлаңқырап, бөгеліңкіреп айтып отырды. Сыбан ішіне Арқаның көп сұлу әндері жайылмаған екен. Абай соларды айтумен және ырғақ, нақысын жақсы жеткізумен Қуандық әнін баса берді.

Алғашқы бір қағысулары осымен өтіп, ойын арасында айтысқа тағы оралып келгенде, Қуандық ән айтпай, термеге түсті. Айтыстың әні емес, сөзін сарапқа салайық дегені. Абайдың құлақ күйі сияқты бір жеңіл, жорытпа термесі болатын. Ол да соған түсіп, енді Қуандықтың өзіндей, жылдам шығармаға ауысты. Барған сайын, Абай бойын кең салып, шешен айтуға, шапшаң айтуға оңай төселіп барады. Ендігі айтысты өзі де тілегендей. Бойына екпінді сергек бір жалын біткендей болды. Бірінің сөзі бірін жанып салып, екі жасты анық шабытқа шақырып отырды.

Қуандықтың екі көзі күлімсіреп, ақша беті бал-бұл жанады. Жас жігітпен өз жарысын рақат деп білген тәрізді. Бұл жастардың айтыс сөздері сыпайы қалжыңмен бір-бірін мақтау. Жігіт сол әзіл құрмет арасына «махаббат», «ғашық от» деген сияқты жайларды араластырып, тұспалдай береді. Қыз болса:

«сыпайы құда, сый азамат, келген сапарыңды құрмет етем. Затың жақсы, өзің жақсы. Әншейін бір әлдекім емессің. Екеумізге де жарастығы сыпайы сыйластық», деп бейнелейді.

Көп көзінше ашық айтысқан әзіл құрметтері осы. Бірақ жай отырып, ақырын сөйлескенде, сұлу қыз бен мәнді жігіт осы кеште көбірек ұғысып еді.

Оған басшы болған Қуандық. Жұрттың дырду-думаны молайып, бір жерде ән шырқап, бір жерде күлкі-тартыс басымдап, керіс боп жатқанда Қуандық Абайға мойын бұрып: - Өлең байғұс көп орамға келе бермейді. Жұрт көзінше не дейін, Абай? Көңілімнің айтпағын әнім іркіп қап еді. Шын сөйлессем, саған айтар сырым көп! - деген. Осы сөзінің өзін де күліп отырып, жұрт көзінше сезікті етпей айтты. Ашық сөйлеп, батым келіп, Абайға өзгеше көңіл бөлетінін білдірген. Екеуінің іштей ұғысулары бұл кеш емес, алдыңғы күндерде-ақ мәлім сияқты еді.

Абай Қуандықтың ақ саусақтарын қатты қысып отырып, екі бірдей жүректің жан тамырлары бір соққанын сезді.

– Екеуміздің жүрегіміз бір соғады-ау! Көремісің? Айтқаныңа қуандым.

Мені де өзіңдей көр! - деп қалды.

Осыдан соң бұлардың әрбір күлкісі, әзіл сөздері, қабақ қимылдары -барлығы да сондайлық бір тәттілік, қуаныш белгісін көрсетіп отырды. Ойынды сылтау етіп бір рет сүйіскенде, бұлардың жүздері де шын ләззаттан белгі беріп, бір-біріне ып-ыстық боп тиісті.

Осы түннің қылаңдап атқан таңында, қонақтар тарай бастаған шақта, Қуандық Абайды шеткі үйге қарай жөнелтті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий