Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сондай лақаптар Абылғазы қатарына Балағаз бен Әділханды да әлдеқашан қосқанды. Алғашқы шақыртуына Абылғазы келмеген соң, Құнанбай тағы да кісі жіберіп, Балағаз бен Әділханды шақыртты. Қараша мен Қаумен Балағазға сәлем айтып, барып қайтсын деп еді.

Балағаз бармаймын депті. Жолдастарына бұл жерде айтқан дәлелі:

– Құнанбай мені аяйын деп отырған жоқ. Қандай айламен қан құстырсам деп, соны ойлап отыр. Ендеше, мен несіне момақан боп, алдына барам? Неден аянам? Одан да әуелі қолына түсіріп көрсін, Құлақтап басып, жығып алсын да, құл ноқтасын сонан соң кигізсін. Әйтеуір сұм атанған екем. Оған жеткен соң «момын сұм», «ақылды сұм», «көнгіш сұм» деген жақсы атқа құштар болар жайым жоқ. Өлсем де, ол жағына өктемей өлем! - деген.

Балағаз бен Абылғазының ендігі қияс мінезі Құнанбайды дағдарта бастады.

Баяғы дағдыға салып шауып алайын десе, мынадай аш-арық боп, суық тартып жүрген елдің ішінен өрт шығарып алам ба деп қорықты.

Ойға келген бір шара - ұлыққа шағу еді. Ең оңайы отряд шығартып, урядниктерге ұстатып, кісендеп тыю.

Бірақ осы тұста заң өзгеріп кетті. Бұрынғы аға сұлтандық қалып, «болыс» деген жаңалық кіргелі жатыр. Тобықтының дуаны да өзгерді: жаздан бері бұл ел Семейге қарайтын бопты. Және түгел Тобықты бұрын бір ғана старшын еді.

Тобықты енді үш болыс ел боп бөлінетін көрінеді. Жаңа дуан жана ұлықтың қолында. Олармен жүз көрісіп, сырмінез болған Құнанбай да жоқ. Ертең сайлауы келеді. Сондай кездің қарсаңына өз елінің ішімен қағаздасып жату лайық емес. Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет.

Бірақ аял қылайын десе, Балағаздар асып барады. Екі бұйрығын орындамады. Енді: «Біржолата құрық әкеткен боп, тіпті дандайсып кете ме?» деп, тағы қобалжиды. Осындай шарасыздық үстінде, Құнанбай бір топ мықты жігітті аттандырып: «Тау ішінде жүргенде үстінен түсіп, тегіс ұстап әкеліңдер!» – деп бұйырып еді.

Оған көнетін Балағаз емес екен. Мойынды қашыққа салып барды да, бірден-екіден бытырап кетті. Титығы құрыған қуғыншылар ел ішіне қайта айналып келгенде, Балағаздар да ілесе оралды. Келе бере Құнанбай жылқысынан тағы алды. Бірақ қауырт алмай, біртіндеп, тай, байталдан алды.

Бұл уақыт ел-елдің қыстауға қонып, ақтан ажырап, нағыз күйзеулікке түсетін шағы еді. Ендігі бірен-саран ұсақ қараны аш-арықтың сойысына алып жатқан сияқты.

Аз күнде Тобықты ішіне келетін болыстық сайлауын тосып отырып, Құнанбай енді Базаралыны шақыртты. Жігітектің өзге жігіттеріндей емес, Базаралы іркілген жоқ, тез келді.

Құнанбай жас тоқалының үйінде екен. Тамға жаңа кіріпті. Үй жылы.

Жасау-жабдық жас жігіттің отауындай. Толық денелі, дөңгелек жүзді Нұрғаным сұлу да, сәнді екен. Әсіресе, қоңырқай келген, үлкен өткір көздері ерекше ажарлы. Жүзінде жастық пен саулық, тоқтық, баршасы да нұрлана түсіп шырай береді. Ақаусыз бетінде мөлдіреген тұтас қызылы бар. Ерге біткен көрнекті мұрнының оң жағында кішкене, томпақша меңі бар екен. Нұрлы қызыл жүзіне біткен қап-қара мең, өзінше, қатты жарасып тұр. Ондағы Нұрғанымның ерекшелігі. Өзге әйелге бітпеген нысанасы тәрізді.

Құнанбайдың сөз бастауын күтіп отырып, Базаралы Нұрғанымды әбден болжады. Ішінен: «Япыр-ай, мына тоқалды қалай таңдап, қайдан тауып алған?» деп, тамашалай қызғанды.

Нұрғаным біртүрлі байыпты және еркін, батым көрінді. Құнанбай мен Базаралыға шай жасатып, соны қызметші қатынға құйғызып беріп отырып, күйеуіне де, қонаққа да қымсынбай қарайды. Бірер ұсақ шаруаның жайын да Құнанбайға еркін айтты. Күйеуі мұны «қалмақ» дейді екен. Шай аяқтап келгенде:

– Қалмақ, шайыңды жиғыз! Мына Базаралымен сөзім бар, - деді.

Нұрғаным асықпай отырып, бұйрығын орындады да, малшы қатынға:

– Сен енді жүре бер! - деді.

Өзі Құнанбайдан төменірек жерде малдас құрып, отырып қалды.

Құнанбай әңгіме бастағанда, Базаралыға қатты сөйлеген жоқ. Балағаз бен Абылғазыны мұның өзіне шағып: «Сенің де бетіңе шіркеу ғой.

Адамшылығың да, арың да бар еді. Сол арыңа салмақ салғаны ғой олардың.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий