Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

1913 жылы Омбыда ең әуелі жасырынып жастар ұйымын — «Бірлікті» ашқанымызда, Шаймерденді ұйымның басқармасының төрағасы қылып сайлап едік. Шаймерден сонда-ақ төңкерісшіл еді. «Бірліктің» бір орман ішінде болған жиылысында Шаймерден: «Кішкене баспа машина алайық, баспаға басып қазақ арасына патшаға қарсы сөз тараталық»,—деп ұсыныс кіргізіп еді. Және «революция болса қайтеміз» деген сөз болғанда: «Революция болса, қолымызға қару алып, революцияшылдармен бір боламыз», — деп еді.

Бұл сөздерді көпшілік жаратпап еді. Жалғыз-ақ Шаймерденге мен қосылып едім.

Мұнымызды кейбіреулер күлкі қылып еді. Міне, енді сол Шаймерден маған Омбыдан жазған хатында былай депті:

«Сәкен!

Мен Орынборға ана мырзалардың жиылысына кетіп барамын. Мақсұтым — Бөкейхандарға қарсы шығып, олардың жолының теріс екенін айтпақ.

Сен де олардың кім екенін жұртқа жариялап, түсіндіріп айта бер! Қош! Тағы да хат жазармын...

Шаймерден».

Біз де енді қарап отыра алмадық, бұл жиылған съезден не күтуге болатынын айта бастадық.

Уездік комитеттің жалпы жиналысын аштық. Комитеттің ортасына Орынборда болып жатқан съездің — I жалпы қазақ съезінің қарайтын мәселелерін салдық.

Баяндама жасап пікір алысқаннан кейін, Орынбор съезінің қарайтын мәселелері туралы қаулы шығардық. Қаулымыз «Жас қазақ» ұйымының жобасымен болды. Біздіңше, ең зор мәселе — Россияның болашақ үкіметінің түрі. Мұны біз үлкен қауіпті мәселе деп білдік. Қауіпті болмай қайтеді? — Съезде ылғи жуан болыстар (жаман да болыстар емес, жуан болыстар), үлкен ақсақалдар, қазіреттер болса, олар қандай үкімет жасамақ?..

Міні, сол себепті болашақ үкімет құрылысын үлкен зор мәселе деп білдік.

Бұл туралы біздің комитеттің шығарған қаулысы бойынша, Орынбордағы съезге телеграмма соқтық. Телеграмманы жазған Бірмағамбет Айбасұлы еді.

Телеграмманың мазмұны мынадай еді: «Біз федеративная республикаға ғана дауыс береміз. Басқа түрге қарсы боламыз».

Біздің телеграмма съездің ашылуына дәл барыпты. Біздің осы телеграмманың жөнімен Ақмола облысының атынан барған Сейітов федеративная республиканы қуаттап сөйлепті. Съезд шақырушылардың ағасы Бөкейханов кадет партиясының жобасын съезге алғызбақ болыпты, едәуір далбасалапты. «Россия үкіметі Англия үкіметіндей патшасы бар, парламентті болуы жөн»,—деп таласыпты. Бірақ көпшіліктен жеңіліпті. Съезд федеративная республиканы дұрыс тауыпты. Бұл сөзді съезден кейін Ақмолаға келгенде Сейітов сөйледі.

Іс солай жүріп жатты. Қажы, молдалар, болыстар бізге қас болып алды. Бізді «дінсіз», «елді бүлдіргіш» деп сөз жүргізіп жүрді.

Қайтып келіп «Тіршілік» деген газет шығара бастадық.

Кешікпей тамызда Ақмоланың уездік съезі болды. Съезге Ақмоланың әр болысынан өкілдер келді. Омбыдан облыстық комитеттен әлгі Орынбордағы съезге барған Асылбек Сейітұлы келді. Орынбор съезінің баспаға басылған қаулыларын әкелді. Съездің қалай болып өткенін сөйледі.

Съезде Бөкейхановтардың кадет партиясының жобасын жүргізбек болғанын айтты. Россия мемлекетінің үкімет құрылысы ағылшындікіндей, конституция парламент болғаны дұрыс деп таласқанын айтты. Ақырында жеңіліп, (федерацияға) федеративті республикаға көнгенін айтты. Және жалпы қазақ («Алаш») партиясын жасауға қаулы қылғандарын айтып, баспаға басылған қаулыларын оқыды. Болашақ учредительное собраниеге (жалпы Россия мемлекетінің үкімет құрылысын жасайтын съезге) Қазақстанның барлық облыстарынан қазақ өкілдерін белгілегендерін айтты. Маған: «Сені де Ақмола облысынан белгілеген өкілдердің спискесіне (тізіміне) кіргіздік», — деді.

— Және Рақымжан Дүйсенбаевты белгіледік, — деді.

— Белгілеген кісілеріңнің бетін білмей, белгілеп қоюларың жөн бе?.. Соңыра әркім орыстың әр партиясымен кетсе қайтесіңдер?.. — дедім.

— Неге өйтсін!.. Жалпы қазақтың өз партиясы болады ғой, — деді.

— Олжабай тәрізді адамдардың батасын алған партияда біз болмайтын шығармыз, — дедім. Біраз Сейітовпен қағысып, айтысып қалдық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий