Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Делегаттар қол шапалақтап, орындарынан тұрып кетті. Мұстафа Субхи мінбеден түсіп барып, Рысқұловтың қолын алып, қапсыра құшып, төсіне төс түйістірді. Зал шапалақтан бұрқ-сарқ қайнап, жаңғырығы далаға да естіліп тұрды.

Рысқұлов делегаттар атынан Субхиге рақмет айтып, Түркия коммунистеріне әділет жолында табыс тіледі. «Мұстафа Кемел Ататүрікке сәлем айтыңыз», – дейін деп тұрды да, айтпады. Мұстафа Ататүріктің Түркияны жаулардан тазартып, халық көсемі болғаны Рысқұловқа ұнайды-ақ. Қиын-қыстау жағдайда кеңес еліне қол созып, коммунистерден, Лениннен көмек сұрағаны да ақылдылық екенін Рысқұлов түсінеді. Бірақ Ататүрік өз еліндегі коммунистерге емешегі езіле қоймайтын. Ол монархияға, отаршыларға түскен найзағай да, Субхилерге де жайсыз.

Төрағалық тізгін Низамеддин Ходжаевтың қолына тиді де, ол:

– Ұлт мәселесі және ұлттар секциялары жөнінде баяндама жасау үшін сөз Тұрар Рысқұловқа берілді! – деп айқайлап айтты. Делегаттар қол соғып, орындарынан тұрып кетіп еді, президиумда отырған Голощекин жан-жағына қарап, жалғыз өзі қалғанына ыңғайсызданып, кіржің ете түскендей болды да, ырғатылып барып өзі де түрегелді.

Бұл екі арада Рысқұлов мінбеге шығып, аппақ бәтес орамалмен көзілдірігін мұқият сүртіп, тазалап тұрды. Ақыры зал тынышталған кезде, мінбе түбіндегі түкпірде отырған стенографисткаларға бұрылып:

– Мүмкіндігінше дәлме-дәл жазып отыруға тырысыңыздар. Менің қолымдағы қағазға сеніп қалмаңыздар, – деп ескертіп алды.

Соның өзінен-ақ делегаттар: «Не айтар екен? – деп ынтыға түсті. Біреу-міреу сыбырлап-күбірлесе «тыныш!» – деп көз аларта зекіп тастап, есіл-дерті мінбеге ауды.

Айтса-айтқандай, Рысқұлов қағазға қарап шұқшимай, адамдарды арбап алғысы келгендей, залға жанарын қадап, әуелі текіректегендей жай бастап, бірте-бірте бауырын жазып, арындап ала жөнелді.

Түркістан халқының басынан өткен ауыр халдер, патша отаршылдығы, үстем тап тепкіні, халықтың азаттық арманы, ақыры... Қазан революциясының таңы – Рысқұлов баяндамасының жолбасы еді.

Бірақ халық тарихи бір формациядан екінші формацияға бір күннің ішінде көше салмайды. Кеңес өкіметі орнағанмен, бұрынғы езілген халық бірден жылы суға қолын мала қойған жоқ. Жоқшылық, жорықшылық, ашаршылық азаптарын бастан кешіріп жатыр. Түркістан республикасын басқарған алғашқы коммунистер, солшыл эсерлер байырғы Түркістанның төл халқының қамын ойламайды. Төл халық кешегі патша шенеуніктері мен бүгінгі кеңес белсенділерінің арасын алғашқы кезде ажырата алмай сорлады. Ондай келеңсіз көрініс әлі де қылаң беріп қалады. Ұлт саясаты Түркістанда өрескел бұрмаланып жүр. Басқаны айтпағанда, ұлт мәселесі жөнінде РК(б)П Орталық Комитетінің радиограммасын Кушекин мен Успенский кезінде жарияламастан, жасырып қойып отырды. Мұндай сұмдыққа қарсы шыққан Рысқұлов пен Кобозевты «контра» деп трибунал арқылы атқызып тастай жаздады. Ақыры Кушекин мен Успенский Түркістаннан қуылды. Оларға қоса шовинистік иісі мүңкіп тұрған біраз қызметкерлер аластатылды.

Рысқұлов тамағы құрғап бара жатқанын сезді. Тамағы құрысып құрғаса-ақ болды, «р» орнына «л» түсіп кетіп, тілі кібіртіктей бастайды. «Мені Сұлтанбекке ұқсады демесін» деп Рысқұлов мұндайда стақандағы шайға қол созады... Қызыл Жебенің шабысынан жел ызыңдап, жер солқылдап жатқан сәтте, қызынып, іштей қиқулап отырған жұрт, сол жүйріктің кенет кілт тоқтағанын көріп, аңырайып аң-таң қалған бір сәт еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий