Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– О-о-о-у, әкесіз арманда өскен бауырым-оу! Шешесіз өскен шерлі жүрек Тұрарым-оу! Сені де көретін күн бар екен ғой. Сүйеусіз өскен сұлтаным, таяусыз өскен тұлпарым, Тұрарым-оу! Сен мені танымай да қалдың-ау. Мен сенің жалғанда жалғыз бауырың, Түйметай деген жетімің, әркімдердің отымен кіріп, күлімен шығып, күң болып жүріп жетілдім. Жатқан жерің жәннаты болғыр Қалипа анамыздың құрсағынан шыққан жалғыз бауырың Түйметай деген мен едім. Пейіште нұры шалқығыр Қалипа анамыздың түр-түсін де білмеймін, елесін де білмеймін. Әкемнің де бет-жүзін танымай қалдым мен бейбақ. Алаштан шыққан арысым Рысқұлдай әкемнің дидарын білсең, сен білесің, Тұрар-ау. Сені көріп, сол сойқан таудай әкемді көргендей болып мен тұрмын... Неге үндемей мелшиіп қалдың, мен Түйметаймын ғой. Әлде тағдыр сені тасбауыр етіп жіберді ме? Жалғыз бауырың келгенде неге жібімейсің? Туысың емеспін бе?

Бұл Түйметайдың көкірегінде көп жылдан бері тесік таппай бітеліп жатқан зар-мұңы, сағынышы, әрі әке-шешесін жоқтауы еді. Дауыс салып аңырағаны Тұрарға түрпідей тигені де рас. Не қой демеді, не Түйметайға қосылып жыламады, безерді де қалды. Қайта үйден шошып шыққан Мұхсина шар-шар етіп, басу айтқан болды. Әуелі не сұмдық екенін түсінбей, әлдебіреу опат болды ма деп ойлаған кемпір, кейін-кейін бұл келгендер Тұрардың туысы екенін сезген соң:

– Булды-булды, сабыр итегез. Қышқырарға бұлми инде, бұл ауыл түгел, қал бит. Әйдәгіз, үйге кіріңіз, – деп Түйметайдың құшағын Тұрардан әрең айырып, үйге зорлап кіргізгендей болды.

Содан Түйметай бір аптадай жатып, енді елге қайтарында Тұрарға:

– Мына бала менің қайным дедім ғой. Елдегілер саған аманат тапсырды. Еті Тұрардікі, сүйегі біздікі дейді. Оқуға түсірсін дейді. Бізден де біреу-жарым оқу оқып, көзі ашық болса, елге сеп шығар дейді. Байғұсқа Құдай өмір берсін, безілдеп тұрған пысық жуәрмек. Өзі тілалғыш, бір мың болғыр. Осы бала болмаса, мен Ташкентті соноу Меркеден тауып келед деген қайда... Баланы алып қал да, мені масыл қылмай елге қайтар. Төре төркінінің үйіне барып жатып алды деген сөзге қалармын, тіршілік бар, – деді.

Түйметайдың қайнысы Бекей бала Ташкентке осылай тап болып еді.

Рысқұлов оны оқуға орналастырды да, жалғызілік болған соң, өз үйінде қалдырды. Мейлінше тызылдаған пысық Бекей оқуды да үлгереді, зыр жүгіріп базарға да барады, үйдің ішін сыпырып, жинап қояды.

Таңғы ауа бойына қуат құйғандай болды. Түнгі қысқа ұйқыда көрген шым-шытырық түстерін есіне түсірмек еді, бәрі бұлыңғыр бір нәрсе. Тек Әбекең есінде анық сақталыпты. Әбекең екеуі Өгем тауының бір биігінде тұр екен. Бұл арадан басқа биіктер толқын-толқын телегей теңіз болып айбынданып жатыр. Шеті, шегі жоқ. Әбекең құшағын жайып жіберіп, кең дүниені сол құшаққа сыйдырғысы келгендей, ұлы дүниеге ұмтылып тұр екен. Оның не сөйлеп, не айтқаны Рысқұловтың есінде қалмапты.

Ал өңінде Әбубәкір Диваевпен кездескені түгел жадында... Өткен жылдың жазы болатын. Краймусбюро төрағасы Рысқұловтың қабылдауын өтініп, Диваев деген кісі келеді.

– Шынымен Әбубәкір Диваев па? – деп анықтап сұрады Рысқұлов көмекшісінен.

– Иә, өзі.

– Онда күттіріп қойғанымыз әбес болды ғой, – деп Рысқұлов орнынан тұрып, кабинеттің табалдырығынан әйгілі ғалым Әбубәкір Диваевты қарсы алды. Үстіне тік жағалы көксұр френч киген, келісті қасқа маңдай, жарқабақтың астында қаршыға көздері әлі де от шашып тұрған қыр мұрынды, сұлу мұртты, шоқша сақал, мейлінше интеллигент шал:

– Сәләматсыз ба, жолдас Рысқұлов! – деп басын иіп, қол ұсынды. – Сіздің уақытыңыз өте қымбат екенін білемін. Сіз қазір үш бірдей басшылық қызмет атқарасыз: Крайком, ТуркЦИК, Краймусбюро... мен таң қаламын: қалай үлгересіз? Сөйтсем, жап-жас жігіт екенсіз ғой. Әрине, жас адам шаршамайды. Бірақ мемлекеттік жұмыс, оның жөні басқа. Ғафу етіңіз жасыңыз?..

– Жиырма төртке жаңа шықтым.

– Ә, бәрекелді! Біздің Салауат жиырма екісінде генерал болған. Жөн-жөн.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий