Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мұсылман коммунистерінің ауызбірлігі осы суреттен ап-айқын көрінгендей. «Неге мұсылман коммунистері?» – деп Рысқұлов сұрақ қойғалы қашан. «Христиан коммунистері деген жоқ қой. Коммунистерді дініне қарап айдарлай ма екен? «Орыс коммунистері» яки «Ресей коммунистері», «неміс коммунистері» яки «Германия коммунистері» демей ме? Демек, біз «мұсылман коммунистері» емес, «түрік коммунистері» болуымыз керек қой. О баста Кушекиндер «мұсылман коммунистері» атаған да, содан баспасөз қағып алып, ауыз үйреніп кеткен.

Иә, сол мұсылман коммунистерінің III съезі кеше бірауыздан қарар қабылдады: «Бұдан былай Түркістан Коммунистік партиясы – Түрік Коммунистік партиясы, Түркістан республикасы – Түрік кеңестік республикасы болып аталсын».

IІІ съездің делегаттары бүгін ашылатын Түркістан коммунистерінің V съезіне түгелдей делегат. V съезд «Мұсылман коммунистері» IІІ съезінің қарарын бекітуге тиіс. Міне, сынға түсер сәт осы. V съезд аталған қарарды бекіте ме, бекітпей тастай ма? Дауысқа салғанда кім жеңеді?

Съезд бүгін таңғы сағат тоғызда ашылды. Ұлт мәселесі жөніндегі баяндамашы Рысқұлов. Оның тезистерімен Түрккомиссия мүшелері таныс. Элиава келісетін сияқты. Голощекин мен Куйбышев екіұдай. Әсіресе Голощекин қипақтай береді. Рысқұловқа үзілді-кесілді қарсы болған Рудзутак.

Ян Эрнеустович Рудзутак жас жағынан Рысқұловтан едәуір үлкен. Сөйте тұра, Рысқұловпен құрдасша қалжыңдасып ашық жарқын жүретін, ағынан жарылып тұратын доспейіл адам. Ал іс мүддесіне келгенде – ымырасыз. Бұлтаңбайға салмай, турасын бір-ақ айтатын кісі. Курляндияда туған латыш, бала күнінен «Сұрқай барон» деген байға жалшы болған. Он алты жасында қалтасында көк тиынсыз, жалшылықтан қашып, Ригаға келіп, көшелерге тас төсеп күн көрген. Бағбан да болған. «Отто Эрбе» деген зауытта жұмысшы да болған. Атышулы 1905 жылдан бастап революция жолына біржолата түскен екен. 1907 жылы тұтқынға алынып, ату жазасына кесіліп тұрған жерінен әупіріммен аман қалған. Қуғын-сүргін, тұтқындардың неше алуан қияметінен өтіп, ақыры өкпе ауруына шалдығыпты.

– Түркістанның ыстығы маған майдай жағады, – деп еді ол Рысқұловқа.

– Сіздің дертіңізді сап тыятын ем табылады. Көктемге дейін тосасыз, сонда мен сізді Шымған, Өгем тауларына жайлауға алып шығып, қымызбен емдеткіземін. Құлантаза жазылып кетесіз, – деген Рысқұлов. Екеуі аз күнде достасып кеткен. Бірақ сөйте тұра, Рудзутак бүгін съезде Рысқұловқа қарсы шығатын ең пәрменді күш. Онысын жасырған жоқ.

– Мейлі, Ян Эрнестович, съезд қалай шешеді, солай болсын, – деп Рысқұлов та иліккен жоқ.

Жаратылысынан шалқақ біткен кең-құлаш кеудесіндегі жұлымыр жүрек жанып бара жатқандай қыз-қыз қайнайды. Сол алау отты саябырсытпақ болып, Рысқұлов аяз тоңазытқан ауаны сіміре жұтады.

Салқын ауа сексеуіл шоғын қозғағандай, ойды оятып, кенет ойына осыдан бір жыл бұрынғы Осипов ойраны түсті. Ол да осындай қаңтар таңы еді. Ташкент көшелері қанға боялған. Он төрт комиссардың қазасы. Вотинцевтің өлімі... Кушекиннің өкімет басына келуі. Кушекин-Успенский саясатымен сайыс. «Отаршыл» коммунистердің ойсырауы. Өкімет басына Рысқұловтың келуі... Рысқұловқа бұл қос өкімет сияқты көрінеді. Түрккомиссия ТүркЦИК-ке тізгін бергісі келмейді. ТүркЦИК тек формальді түрде қалқайып тұрмақ па? Бәрін Орталықтан келген Түрккомиссия атқара бермек пе? Ал Лениннің Түрккомиссияға берген нұсқауы ше? Түрккомиссия РК(б)П Орталық Комитетінің, Кеңес өкіметі мен үкіметінің Түркістандағы өкілі. Ол рас. Ол – кеңес беруші, ақылшы әрі дос. Бірақ ТүркЦИК-тің күнбе-күнгі жұмысына араласа берсе, өз дегенін ғана орындатып отырса, не болады? Тіпті ТүркЦИК-тің сыртынан билік жүргізіп, Республика өкіметін белден басып жүре берсе, не болады? Әрине, келеңсіз көрініс. Міне, бүгін съезде түбегейлі шешілетін мәселе осы.

Есік жай ғана ашылған, іш жақтан құлағы қалқайған, жұқалаң сары бала, әңгелектей доп-домалақ, тақыр басын қылқитып:

– Аға, шай қайнады, – деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий