Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рысқұлов әлдеқайда алыстан оралып, бейтаныс жерге топ ете қалғандай, сары балаға «сен кімсің» дегендей сұқтана қарап қалды. Бұрын Рысқұловтың мұнша сұсты түрін байқамаған бала сескеніп, кейін шегіншектейді. Рысқұловтың көзіне бір мезгіл, былтыр Шатқалда шейіт болып кеткен Арман елестеді. Есейіп қалған Арман-Артур есік ашып тұрғандай көрінді. «Соның өзі өң бе еді, түс пе еді?» – деп те бір шүбаланды.

Арман-Артурдың дүниеге келуі де, кетуі де жұмбақ. «Мүмкін сол менің өзім шығармын?».

Рысқұлов сары балаға:

– Қазір барамын. Есікті жап, жаурап қаласың, – деді. Сары бала жылтың етіп, есікті жаба қойды.

Бұл Рысқұловтың қолына өткен күзде келген Бекей бала еді. Оның Ташкентке келуі де бір жыр.

Бірде таңертең дарбаза тықылдады. Рысқұлов әлі қызметке кете қоймаған. Жаңа ғана жуынып, киініп, шайға отырған кезі еді. Сыртқа құлақ түріп:

– Кім болды екен? – деді.

– Ии, қаһар сұққан қайыршы бит, – татар кемпір Мұхсина қолын бір-ақ сілтеді. – Бер де маза берми алар. Ходаем қарғаған аларны. Таң шапақ атпағаш тарсылдатар иңде.

Мұхсина орнынан тұру қаперіне кірмей, шай құйып отыра берді. Бірақ қақпа бүкіл Садовая көшесін жаңғырықтыра тарсылдатты.

– Вот нахалдар! – деп кемпір ашуланды.

– Жоқ, бұл қайыршы емес. – Тұрар орнынан тұрды.

– Шайін де тыныш іштірмилар, отыр инде, китә алар, – деп Мұхсина шыр-пыр болды.

– Қайыршы есікті бұлай қақпайды, олар жасқана жәй қағады, – деп Тұрар көнбей сыртқа беттеді.

Өткен жолы Успенскийдің шабармандары қақпаны осылай қаққаны есіне сап ете қалған. Біреулер тағы да өзін тұтқындай келгендей, шамалы үрей билеген. «Кушекин –Успенский құлап еді ғой. ТүркЦИК төрағасының үйіне бұлайша басып келетін кім болды екен?» Күні кеше ішкі істер комиссары Нысанбаев үйіңізге бір милиционер бөліп, күзет қойдырайын дегенде, Рысқұлов үзілді-кесілді тыйым салған. Енді сонысына опық жегендей де сыңайы бар. Үйден шығып, тепкішектен түсе берді: «Бұл кім?» – деп дауыстамақшы еді, айқайлауға арланды да, асықпай барып, сырғауылды тартып, қақпаның есігін ашты.

Қайыршы дейін десе, қайыршыға ұқсамайды. Ақ полотной кимешек, ақ күндік салған, үстінде барқыт шапаны, аяғында жап-жаңа кебіс-мәсісі, иығында теңкиген ала қоржыны бар әйел, жанында жасы он төрт шамасындағы жылтың көз, қалқан құлақ, қызыл тақиялы баласы бар. Нағыз қазақы ауылдан екені көрініп тұр. Бұл маңайдың адамдары емес. Кимешекті әйел қақпаның ар жағындағы Рысқұловқа қарап тұрып-тұрып, кенет аңырап ала жөнелді. Есіктен бері өтіп, қоржынды жерге тастай салып, Тұрарға құшағын аша ұмтылды.

– О-о-о-у, жалғыз бауырым-оу! Әкеден де, шешеден де емшектес жалғызым-оу! Жалғанда жалғыз жарығым-оу!

Бұл аңырата келген Түйметай екенін Рысқұлов сонда барып білді. Әйтпесе танымай қалған. Бұлардың Талғар таудағы ұясын бұза келген мың тоғыз жүз бесінші жылдан кейін Түйметайды көргені осы. Одан бері де он бес жылдай уақыт өтіп кетіпті. Түйметай үш жастағы қыз еді, Тұрар әкесімен бірге Алматының түрмесінде отырғанда, Түйметай өгей шеше Ізбайшамен бірге Меркеге кеткен. Ал әкесі Сібір айдалып, Тұрар Мерке барғанда, Ізбайша Түйметайды алып Түлкібас асқан. Сонда қайнысы Молдабекке ағайыны зорлап қосқан.

Қыз он алтыға келгенде, Мерке ботпайларының бірі айттырып, ұзатып жіберген...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий