Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Залдың алдыңғы қатарынан Валериан Куйбышев, Ян Рудзутак, Шалва Элиава орын алды. Үстелдер, орындықтар әлі сықыр-сықыр, абыр-сабыр әңгіме үзіле қоймады. Рысқұлов залға қасқая қарап тұрып қалып еді, оның үнсіз тұрғанының өзін ескерту деп түсінген қаумиет лезде пышақ кескендей сап тыйылды да, ләм-мимсіз бір тылсым тыныштық, зілдей ауыр салмағымен еңсені басып тұрып алды. Шыбын болса ызыңы естілер еді, қаңтарда қайдан шыбын болсын, зың еткен дыбыс жоқ. Тұмау тигендердің өзі жөтеліп-жөткірінуге бата алмай, буынып бара жатқан бір кез еді.

Рысқұлов осы бір тырсылдаған тыныштықты бірауық әдейі шым-шым ұстап тұрды да, азалы да қаһарлы үнмен:

– Осыдан тұп-тура он бес жыл бұрын, 1905 жылы 9-қаңтар күні, яғни жаңаша стильмен 22-қантар күні Петербург, яғни Петроград көшелерінде пролетариат қаны судай төгілді, – деп бір тоқтады. – Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын, яғни 1919 жылдың 20-қаңтарына қараған таңда Осипов біздің ең таңдаулы он төрт комиссарымызды дуалға тұрғызып қойып, аттырып жіберді. Қасиетті Ташкент көшелері қанға боялды. Тұрыңыздар орындарыңыздан! Революция құрбандарының қасиетті рухын құрметтеп, бір минут үн шығармай қалыңыздар! Олардың жарқын бейнесін үн-түнсіз еске түсіріңіздер!

Түрккомиссия мүшелері бір-біріне қарады. Конференция жұмысын жүргізу үшін күні бұрын даярланған сценарийде бұл элемент жоқ еді, Рысқұлов өзінше кетті. Бірақ Түрккомиссия бұл тапқырлыққа тәнті болды.

Небары бір-ақ минут. Кейде сол бір минуттың ішіне жылдар сыйып кетеді. Әркім-ақ ойға шомды. Революция жолының небір сұрапыл соқпақтары көз алдарына зымырап-зымырап келе қалды. Жетісу мен Адайдан, Әулиеата мен Ашғабадтан, Шымкент пен Ферғанадан, Ақмешіт пен Самарқаннан, Пішпек пен Оштан, Нүкіс пен Шалқардан келген делегаттар революция дауылынан жаңа ғана шығып, конференция залына енді ғана еніп тұрғандай әсер кешті.

Рысқұловтың ишарасымен делегаттар орындарына отырды. Көбінің қиюы қашыңқыраған ескі орындықтардың біразға дейін сықыр-сықыры басылмады.

Рысқұлов бірінші сөзді Мұстафа Субхиге берді. Жасы қырықты алқымдап қалған, қасқабастау, қалың мұртты, дөңбек мұрын, шымыр денелі, бірақ өңі жүдеу Мұстафа Субхи Коминтерн атынан Мәскеуден келген Түркия коммунисі еді. Ол келген екі-үш айдың ішінде Рысқұлов екеуі талай рет кездесіп, көп әңгіме шертіскен. Содан бері бірі Алматы маңында, бірі Анадолыда туғаны болмаса, екеуі ағалы-інілі адамдардай бауыр басып кетіп еді. Түркия коммунистерінің халі мүшкіл-тін. Қаусаған Осман империясының соңғы сұлтаны коммунистердің соңына шырақ алып түсіп, туған елден тұрақ таптырмады. Соның бірі – Мұстафа Субхи де, бірі – ақиық ақын Назым Хикмет еді.

– Түркістандық қаны бір, тілі бір, тілегі бір бауырларға қазіргі таңда жалаңаяқ от кешіп жүрген түркиялық туысқан коммунистерден жалынды сәлем! – Мұстафа Субхи залға, сонан соң президиумге басын иді. Залдың іші шапалақ даусынан жарылып кете жаздады. – Марксизм идеясы Түркияны да кезіп жүр. Осман Түркиясы күйзелістің шыңына жетті. Империализм мен монархия езгісінен Түркия түріктері сансырап болды. Бұл шыңыраудан шығу үшін Түркия коммунистері от пен суды кешіп, халықты қарулы күреске көтеруге әрекет үстінде. Түркістандағы революция бізге үлгі. Түркістан революциясының сәулесі Түркияны да жарық етпек. Ұлы Қазан революциясының шапағатты әсерімен онда қазір Мұстафа Кемел Ататүрік бастаған қозғалыс монархияны жойып, конституциялы республика орнату үшін қан төгіп жатыр. Мұстафа Ататүрік ержүрек түрік жауынгерлерін бастап, қазір Стамбұлдың іргесінде тұр. Соңғы сұлтанның құлайтын күні жақын. Ағылшын отаршыларын туған елімізден түріп шығатын күн таяу. Рас, Мұстафа Кемел Ататүріктің өкіметі – буржуазиялық тәртіптің өкіметі. Біз, Түркия коммунистері, қасірет кешкен Түркияға социализм орнату үшін күресеміз. Біз сіздерден үйренеміз, туғандар. Социалистік революцияның шұғыласы түнек басқан бүкіл Шығысты жарқыратар әлі! Сіздердің конференцияңызға зор табыс тілеймін, бауырлар!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий