Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Екінші жағы бұдан да күрделірек, әрі маңыздырақ. Түркістан республикасының географиялық орналасуы аса ерекше. Бұл бүкіл Шығыстың қақпасы тәрізді. Еуропаға «терезе» ашып алғаннан кейін I Петр Шығысқа да «терезе» оюды ойлаған ғой. Сондықтан да Орта Азияға экспедиция жіберген. Иә, мұның бәрі сізге белгілі, Михаил Васильевич. Бә-ә-әрі де сі-і-ізге бел-гілі. Ал енді Шығыстың аузында тұрған Түркістан басына коммунистер келді. Бүкіл Шығыс қолына дүрбі алып қарап отыр. Коммунистер не істер екен деп. Бүкіл Шығыстың бетін бері қарату үшін не істеу керек?

– Не істеу керек? – Фрунзенің басы еріксіз кегжең ете қалды.

– Шығысты үркітіп алмау керек. Ал біздің кейбір коммунистер – «максималистер» алғашқы кезеңде ойсыраған олқылықтар жіберіп алды. Оны сіз білесіз. Сондықтан қайталап айтып жатпаймын. Тек айтарым: Түрік Кеңес республикасы болып тұрса, Шығыс шынымен бізге іш бұрады. Ал мұның өзі көп жеңіс. Әрі десе, біз қазір Мусбюроны жаптық. Ал Шығыс бұрын Мусбюроны танитын. Мусбюроның жабылуын Шығыс теріс түсінбес үшін де, енді Түркістанда кеңестердің әділ ісін дүние-әлем тану үшін де Түрік республикасы керек. Сөз жоқ, РСФСР құрамында. Тек солай! Біз әуелі дербес бөлініп кетуге дейін ұлттар еркіндігін жарияладық. Мен оның қай кезең, қай жағдайда тиімді-тиімсіз екенін жақсы білемін. Ал сөйте тұра, Сталиннің «автономизациясына» дейін шегіну, әрине, келеңсіз жағдай болар еді. Көрдіңіз бе, Михаил Васильевич, ұлт мәселесінің теоретигі саналып жүрген Сталиннің өзі қалай қателеседі? Біздің де қателесуіміз мүмкін. Бірақ қазіргі кезеңде ең дұрысы – Түрік Кеңес республикасы. Бұдан шошымау керек. Мен бір кезде күннің батысынан күннің шығысына дейін өркен жайған Түрік қағанаттығын әсте армандап отырған жоқпын. «Тұрар Тұран дәуірін аңсайды», – деп кейбір жолдастар бекер айтады. Әр дәуірдің келбеті басқа-басқа, оны түсінбейтін мен емес. Ұлы Түрік қағанаттығы да, Тұран дәуірі де келмеске кеткен тарихи бір кезеңдер. Бірақ түркі халықтары тоз-тоз болып, басы бірікпей кетсін деу де қате.

Фрунзе қабағын түйіп, тұнжырап, жұдырықтарын қосақтап, үстелді жай ғана қойғылап-қойғылап қойып отыр екен.

Рысқұлов барлап алды да:

– Немене, ұнамай ма? – деді. Фрунзе жұдырықтарын жазып, жайдарылана күлді.

– Жоқ, Тұрар Рысқұлович, тек біз бір-бірімізді түсінбейміз-ау деп қорқамын.

– Өте өкінішті. Түркі халықтарының халін Түркістанда туып-өскен сіз түсінбегенде, Витебск губерниясында туған Голощекин түсінеді деп мүлде ойламаймын. Оның үстіне сіз отаршы отбасында емес, патшадан қуғын көрген кедей отбасында тудыңыз, қаналған, қиянат көрген, қырсық шалған халықтың психологиясын, арман-тілегін сіз қалайша ұқпайсыз? Біз де еңсемізді көтеріп, ел болғымыз келеді, озық елдермен тереземіз тең болғымыз келеді. Осы да қате ме? Біздің жүрегімізге отаршылдықтың тікені қадалған. Сіз Қызыл тікенді, шеңгелді далада жалаңаяқ жүріп көрдіңіз бе? Көрдіңіз. Табанға тікен кіргенде, кейде суырайын десең, ұшы алынып, түбірі қалып қояды. Сөйтіп ол шіріп, іріңдейді. Кеңес өкіметі біздің жүрегіміздегі тікенді суырмақ болды. Бірақ тұқылы алынып, түбірі қалып қойды. Әлі түгел тазалап болған жоқ. Отаршылдық озбырлығын кешкен біздің жүрегіміз әлі сыздайды. Сіз осыны да сезбейсіз бе?

– Мен Түркістанда туғаным рас. Осы өлкенің ауасын жұтып, суын ішіп өскенім де рас. Бірақ Түркістандағы түркі дейтін халықты мен білмеймін. Мен қырғыздарды, қазақтарды, өзбектерді, түрікмендерді, тәжіктерді білемін. Айтпақшы, тәжіктер түркі тілінде сөйлемейді ғой.

Рысқұлов көзілдірігі жалт етіп, басын шалт көтеріп алды. Тосын сұрақ еді. Сәл кідірді. Іле:

– Оныңыз рас, Михаил Васильевич. Тәжіктер – парсы тілдес халық. Түрік республикасы көлемінде оларға автономиялық облыс беруге біз дайынбыз.

Енді Фрунзе басын кегжең еткізді:

– Ал тәжіктер автономиялы облыс емес, жеке республика болғысы келсе ше?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий