Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Күдікпен қараймын. Нәзірлер бір күндік ұранның адамдары. Тыз етпе жүйріктер. Сіз айтып отырған Нәзір 1917 жылдың күзі мен 1918 жылдың басында Орынборда «Қазақ» газетінің редакциясында істеді. «Қазақ» газеті «Алашорда» партиясының тіліне айналған. Сонда Нәзір бүкіл Қазақстандағы қазақтарға «Түсі бірге Түркістанға қосылайық» деп ұран тастағандардың қатарында еді. Енді келіп, дәл қазір Түркістанды бөлшектеп, жеке-жеке республикалар болуын талап етеді. Бір күндік ұран деген осы... Мәселенің төркіні әріде-е-е жатыр... Жарар, Михаил Васильевич, сіз мені, мен сізді иландыра алмадық. Бірақ мен өз пікірімде қаламын. Ал сіз қаласаңыз, тағы да конференция шақыртайық. Көпшілік шешсін. Көпшілік маған:

– Рысқұлов, сенікі қате! – десе, мен көндім.

– Е, жоқ! Он күнде бір конференция шақырып отыруға жағдай көтермейді. Голощекин дұрыс істеген: сізбен келісуін келіскен де ақырғы шешімді, яғни сіздің ұсынысыңыздың бекітілуін РК(б)П Орталық Комитетінің, ВЦИК-тен күткен. Соны біз де күтейік. Орталық не дер екен...

– Күтсек – күтейік! Ең дұрысы: Ленинмен көзбе-көз отырып шешкен абзал. Ленин не айтса, соған тоқтау керек. Ал енді, Михаил Васильевич, түркі халықтарының өнерін тамашалаңыз. Осындағы студенттер концерт беріп, түскен қаржыны аш халықты асырауға бермекші. Жүріңіз, Михаил Васильевич...

* * *

Наурыз әлі шыға қоймай, сәуір әлі туа қоймай тұрса да, Ташкент көктем құшағында еді. Шымған тауынан кешке қарай салқын самал лекілдеп, күндізгі қапырықты сыпырып-сиырып алып кетіп, тыныс кеңейген кез. Терек, қайындардың сырғалары салбырап, мәжнүн талдар иіліп, ашаң жасыл жапырағы зүміреттей жайнап, бір қуаныш, бір мұңның арасында үн-түнсіз тербеледі. Губернатор паркіндегі зау шынарлар ара-тұра бөтен дарақтардың арасынан бұтақтарын өткізіп жіберіп, бүкіл паркті, тіпті күллі аспанды қаусырғысы келгендей, құлашын кеңге жайып, алыптығын танытып тұр.

Парк төріндегі ашық эстрада жақтан керней даусы тымық кешті жаңғырықтырып, қала халқын мазасыз халге салды. «Әлдекім үйленді ме? Көптен бері үзіліп қалған керней үні қайта шықты ғой», – деп көше-көшемен жұрт ағылып, Губернатор бағына жеткенше асыққан.

Ащы керней үнінен парктің ағаштарына қонақтап үйренген ұзақ-қарғалар да мазасызданды. Пар-пар етіп, үдере көтеріліп, іңір қараңғылығында қайда барарын білмей улап-шулап, уда шу болды.

Парк қақпасының алдында Рысқұлов пен Фрунзені сарғыштау толқын шашы маңдайына түскен, ашаң жүзді, әдемі жігіт күтіп алды.

– Ғани Мұратбаев – Түркістан комсомолының жетекшісі, – деп таныстырды Рысқұлов жігітті Фрунзеге. – Бүгінгі кешті ұйымдастырып жүрген осы Ғани.

Өрім жігіт жалт етіп қарап, Фрунзенің қолын алды.

– Жүріңіздер, – деп Мұратбаев аталарын эстрада жаққа бастап жүрді. – Кәне, жол беріңіздер!

Мұратбаевтың ескертуімен қақ жарылып, жол ашқан халық Рысқұлов пен Фрунзені бірі танып, бірі танымады. Сыбыр-сыбыр көбейді.

– Рысқұлов! Рысқұлов!

– Кәне, кәне!

– Қасындағы кім?

– Ол атақты батыр Фрунзе.

– Фрунзе? Рас па?

Бұлар эстрада алдына жеткенше шыжандай адам Рысқұлов пен Фрунзенің келгенінен бәрі хабардар болып, көргісі келіп, мойындарын созып, алға кимелеп, бірін-бірі таптап кете жаздап, маза кете бастады. Әлдекім:

– Жасасын Фрунзе!

– Жасасын Рысқұлов! – деп айқай салды.

Айқай-шу, ұран көбейді.

Фрунзе сәл қысылыңқырап:

– Қайдан біліп қойды? Әлде біздің келетінімізді күні бұрын хабарлап па еді? – деді.

– Жақсының аты елге өзінен бұрын жетеді. Халық арнайы хабарсыз-ақ танып, құрметтеп тұр ғой, – деді Рысқұлов. Іле Мұратбаевқа қарап:

– Бастаңдар, – деді.

Мұратбаев бастырмалы эстрадаға тез көтеріліп, әлі де ұрандап тұрған халыққа қолын созды. Айқай-шу басыла қоймады. Мұратбаев дауыстап:

– Мемлекетіміздің аса көрнекті қайраткерлері Фрунзе мен Рысқұлов жолдастарға жалынды сәлем! – деді.

– Сәлем! Сәлем! – деген үн Ташкентті дүр сілкіндіріп өтті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий