Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Боларын бір сұмдықтың біліп едім,

Ауылы қалқатайдың қашықтапты...

Ала шапандар, биқасап шапандар, сырмалы қара шапандар, түрікмен сеңсең бөріктер, ала тақиялар, айыр ақ қалпақтар, дөңгелек бұйра бөріктер, ақ сәлде, көк сәлделілер жапырыла қол соқты. Кирпростың шәкірті Құрманбек Жандарбековтің «Зәуреш» пен «Бозжорға атынан» соң сөз «Сәярға» берілді.

«Сәяр» ансамблінің жетекшісі Исмағұл Рәми дөңгелек қара тақия киіп шығып, көпшілікке тағзым етіп, татар әртістерін таныстырды: Гүлсім Болгарская, Ғабделбәри Файзуллин-Болгарский, Мәрфуға Мұртазина, Валиулла Мұртазин, Корим Тинчурин, Ғабдолла Камал, Ғабдолла Карим, Сара Байкина, Зәки Баязитов, Ғабдрахман Мангушев.

– Шоқынған татарлар ма? Болгарскийі қалай? – деп сыбырлады Фрунзе.

– Жоқ, Михаил Васильевич, бұлар да өз тарихын ұмытпауды ойлайды. Болгар, яғни Бұлғар мемлекеті болған баяғыда. Еділ бойын жайлаған. Соны меңзеп тұрған фамилия ғой, – деді Рысқұлов. – Ірі болуды кім аңсамайды? Бұлғар – кезінде кемел мемлекет болған.

«Осы бір детальдің өзімен де өз идеясын шегелеп жатыр. Не деген бас?» – деді ішінен Фрунзе.

Бұл арада «Сәяр» Ташкент түнін ән мен биге бөледі. «Ғалия-бану», «Сағыну»,«Сарман», «Тәфтиляу», «Өмірзая», «Гүлжамал», «Мәрфуға» бірінен бірі өтердей, өзекті өртеп, жанды жалынға орап, дүниенің уайымын ұмыттырып, арман әлеміне, сүйіспеншілік, махаббат еліне шақырады. Иінтірескен, өзге өмірді ұмытып, тек сахнаға мойын созған жүздеген жан татар өнер шеберлерін шетінен қайта-қайта шақырып, осы бір тәтті кезең таусылып қалмаса екен деп үздігіп, меймандарды жібермеуге тырысты.

Бірақ ләззаттың да шегі бар, әрі десе сирек те келте кездесетін бақытты шақ қожырар шақ та туды. Исмағұл Рәми шығып, Түркістан, Ташкент халқына рақмет айтты. «Сәяр» түгел қосылып, «Салағыш» әніне салып, халықпен қоштасты:

«Салағыш, Салағыш!

Мин китәм жырақларға,

Бағырем, хуш! Бағырем, хуш!»

– Түсінікті ме? – деді Рысқұлов Фрунзеге.

– Түсінікті. Өзіміздің «хош» қой. Тек «бағырем» не?

– Бауырым, яғни туысқаным, бір туысқаным, қарындасым, қардашым, емшектесім...

Фрунзе: «Тағы да өз идеясын шегеледі», – деді ішінен.

Концерт бітіп, Рысқұлов пен Фрунзе қоштасарда, Фрунзе:

– Айтыңызшы, Тұрар Рысқұлович, қазақтардың көп қырылғаны рас па? – деді.

– Рас, Михаил Васильевич, отырықшы ел өйтіп-бүйтіп жер сауады, сауда-саттықпен айналысады. Ал мал баққан қазақ екі жыл қатарынан соққан ашаршылық соғысынан сансырап кетті. Бір ғана Перовск уезінде Гержот миллионға жуық қазақты қырды.

Фрунзе Рысқұловқа көңіл айтқандай, үнсіз ғана қос қолдап иығынан құшақтап, тез бұрылды да қайта-қайта жөткірініп кете барды. Соңынан қарауыл солдат қараңдайды.

* * *

Фрунзе жаңа ғана көріп-тыңдаған концерттің әсерінен әлі айыға алмай келіп, үстел басына отырды. Қолына қаламұш алып, шыны дәуіттегі сияға бір батырып, неден бастарын ойлап, ақ қағазға тесіле қарады. Ақ қағазға тесіле берсең, не жазарыңды сол сыбырлап айтатын сияқты. Қаламұш әуелі кібіртіктеп барып, көсіліп жүре берді.

«Қымбатты Владимир Ильич! – деп бастады Фрунзе Ленинге арнаған осы хатын. – Оралдан Ташкентке келгеніме де біршама уақыт болып қалыпты. Менен бұрын мұнда Түрккомиссияның басқа мүшелері келгенін өзіңіз білесіз. Элиава, Рудзутак, Куйбышев, Голощекин жолдастар едәуір жұмыс атқарып үлгеріпті. Туркістандағы жағдай күрделі де әрқилы. Ағылшындардың тіміскі әрекеті, басмашылардың озбырлығы, Жетісудағы кулактар мен ақтардың сойқаны Түркістандағы тіршілікті қиындатып тұр. Бірақ біз бұл қиындықты көп кешікпей жеңіп шығатынымызға сенімім мол.

Бұдан гөрі күрделірек қиындық – Түркістандағы мұсылман қауымынан шыққан коммунист басшылармен тіл табысу. Бұл ретте біз тығырыққа тіреліп тұрмыз...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий