Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Секемді секундтар өте шықты да, сәлден соң баланың бойын бір селкеу сезім биледі. Сары айғырдың үсті оған дүние-әлемнің шоқысындай сезілді. Айнала төңірек бәрі көрінеді, бәріне көз жетеді. Биік дуалдың ар жағында қоңыраулары күңгірлеп шіркеу тұр. Алматыдағы кафедраль собордай салтанатты болмаса да, қоңыраулары сондай сазды, жан-жағына сағыныш сәулесін шашыратып жатқандай. Баланың есіне Приходько мырза түсті. Биік жардың жағасынан ұшып кете жаздағандай бойы дір ете қалды. Иван Владимирович айтып еді: артыңа бұрылып қарама, артың құлама құз, оған қарасаң басың айналады деп. Ұмыта береді байғұс бала, абайламай өткенді есіне ала берді.

Хан базар, ығы-жығы жандар. Әне, ана жерде қобыз тартқан соқыр дуана отыр. Қобыз үні қайғылы, қабырғаңды сөгіп, соның арасынан жүрегіңді суырып әкетердей зарлы әуен. Оған шіркеу жақтан күмбір-күмбір қоңырау үні қосылғанда, мына адамдардың қыбыр-жыбыр күйбің тіршілігі құмырсқаның күн көрісіндей тым ұсақ көрінеді. Ала тақия киген өзіндей бір бала қабақ көтеріп, тостағандап су сатып жүр. Өрісінен айырылған тегене құйрық қызыл қой судың исін сезіп, іші солықтап, мекіреніп қояды.

Базар шайыр сасиды. Семіз қойлардың пысынаған исі ауаны әлем деп тұр. Базар–шопан-атаның абақтысы. Бірақ қойдан жуас мал жоқ, тым құрыса ешкі құсап бақырмайды да, пысынап, іші солықтап, көзі бозарып тұра береді.

Базар шіркін адамға қызық, атқа түк қызығы жоқ. Келеді – қақшитып байлайды да, содан сауданың сарсаңында жүріп, бұларды мүлде ұмытады. Тек базар қазан болып, ауылға қайтарда ғана аттары естеріне түседі.

Сары айғырдың да иесі сол сауда сарсаңына түсіп кеткен болар, атының үстінде бөтен бала отырғанын әзір байқаған жоқ. Осындай жылқыны да ұмытуға бола ма екен?

Байлаулы аттар ауыздықтарын шайнап, пысқырынады, тезек тастайды. Сол кезде мұрынға даладағы көктің кермек исі келеді. Верный түрмесіндегі атқораның таныс исі аңқиды. Көңіл жүйрік, бала бір мезгіл сары айғырды азынатып, Сахалинге сапар шегеді. Иван Владимирович айтып еді, жаяу адам Сахалинге жүз алпыс, жүз жетпіс күн жүріп жетеді деп. Ал, сары айғыр болса ше? Бірақ жолда өткел бермес асау өзендер, теңіз бар деді-ау. Мүмкін, сары айғыр Тайбурыл сияқты бір таудан бір тауға дейін қарғи алатын шығар. Қызыл Жебенің ұшқанын Тұрар өз көзімен көрген. Аяғы жерге тимеген сияқты еді сонда Қызыл Жебенің.

Шәйхана жақтан самаурын кернейлерінің түтіні будақтайды. Кәуап пен самсаның исі бұрқырайды. Сүмелек аш иттер шәйхана төңірегін жағалап, әркімнен именіп, жалт беріп жүр.

Мүмкін, сары айғырдың иесі шәйханада отырған болар. Шәйханадан берірек дөңдеу жерде белін буған ақ бешбеттің сыртынан желегей ақ шапан жамылған, дөңгелек құндыз бөрік киген дәу қарын бір адам жападан-жалғыз екі қолын шапанының астынан өткізе артына ұстап қозғалмай тұр. Мына базар сұрапыл соғыс, ал анау ақ шапан қолбасшы сияқты.

Оқтын-оқтын ақ шапанға әркім-әркім барып алдында бүгжиіңкіреп тұрып-тұрып, қалың топқа қайтып кетеді. Соғыстың қалай жүріп жатқанын хабарлап тұрған адъютанттар секілді.

– «Наполеон, – деді Тұрар Иван Владимировичтің тарихтан айтқан сабағы есіне түсіп. – Сонда Кутузов кім? Ол – оңтүстік бетінде, мен – солтүстік бетіндемін. Кітаптағы суретте Кутузовтың астында ақбоз ат бар еді. Менікі – сары айғыр. Мен – Кутузов! Бородино – урра!».

Бір кезде Наполеонның алдына еңкеңдей басып барған ұзын бойлы өзінің атасы Қырғызбай екенін таныды.

– Оһо, Қырғызбай атамды қара. Наполеон оған бірдеңе деп ренжіп тұрған сияқты. Қырғызбай атам – генерал Ожеро.

Оның да бойы осындай ұзын болған. Алғашқы кезде Ожеро Наполеонды мойындаңқырамай кекірейіп қараған ғой. Сонда Наполеон оған:

– «Генерал! Егер менің айтқанымды орындамайтын болсаңыз, екеуміздің арамыздағы айырмашылықты жойып жіберемін. Айырмашылығымыз неде екенін білесіз бе? – деген. Ожеро түсініңкіремеген.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий