Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Міне, бұл біздің қазақтың кәсібі, – деді Ақкөз Тұрардың иығынан сипалап тұрып. – Ноғай айна-тарақ сатады: сарт қауын сатады; қазақ жоғалған жылқысын іздеп хан базарда жар салады. Өмір осы. Малын ұры алады, жерін патша тартып алады. Осының бәрін ішіңе тоқи бер, бала! Міне, мына жайма базарға қара. Тіршілігінің түріне болайын. Анау өлесі шалдың алдында не жоқ: сынық тарақ, ескі кебіс, тот басқан шеге, түйреуіш, шамның білтесі, ағаш түйме... Осы кәсібі. Онсыз оған өмірдің қызығы жоқ. Бір жолы мен сияқты бір қазақ осы жайма базарды жағалап жүріп бір ақ дәрі көріп, сатушыдан:

– Мынау не? – деп сұрапты.

– Бүрге өлтіретін дәрі, – депті әлгі.

– Е, жақсы болды ғой, маған сатшы, – депті қазақ. Енді келесі бір аптада әлгі қазақ жайма базардан ақ дәрінің иесін тауып алып:

– Әй, сарт! Алдағаның не? Дәрің бүрге өлтірмейді екен. Ақшамды қайыр! – дейді.

Сатушы саспастан:

– Сен оны қалай бердің бүргеге? – дейді.

– Қалай беруші еді? Текеметке сеуіп тастадым.

– Е, бекер болған. Бүргелерді жеке-жеке ұстап әкеліп дәріні иіскету керек еді де, – депті сатушы саспастан... Аңқаумыз бала, аңқаумыз. Қашан ғана қаһарланар бұл халық. Әттең, қайран сенің Рысқұл әкең сияқты отқа қызған тастай ұлдар көп туса ғой бұл елден.

Ақкөз аттар байлаулы тұрған жаққа беттеді.

– Сенің әкең баяғыда Түлкібастан Меркеге келген соң екеуміз бір жылдай жұп жазбай бірге болдық. Айтса, әңгіме көп. Енді кездесіп тұрармыз. Әлі айтып берермін. Міне, мынау сол әкеңнен қалған белгі, – деп Ақкөз күміс ерді күректей қолымен сарт еткізді. Ақжал сары айғырдың шылбырын мама ағаштан шешіп, басын бұрып, күпшекті күміс үзеңгіге аяғын көтере берді.

Ақкөз атқа қонғанда, бұрынғыдан да айбынды көрініп, аруақтанып кетердей екен. Тұрар еріксіз өз әкесімен салыстырды. Әкесі де ат үстінде ер-азаматтың сұлтаны болатын. Бірақ ол тым лыпылдап, тым тістеніп тұратын. Мынау жайбарақат, тіпті маңғаз, ай маңдайлы шапыраш шара көз, нарттай нұрлы, нау тұлға екен.

Ол ат үстінен еңкейіп тұрып, Тұрарға қолын созды.

– Рақмет, аға, – деді Тұрар қоштасуға қимай.

– Оқы, шырағым, жалғызбын деп жасыма. Әкеңнің ошағы өшіп, қазаны төңкеріліп қалды екен деп қапаланба. Мен адам танысам, сен тегін емессің, тексіз емессің. Әкеңнің өшіп қалған ошағын сен жүрегіндегі оттан тұтатарсың әлі. Сенің әкең есіме түскен сайын менің кеудем жауыр аттың арқасындай сыздайды. Тірі болса, бір келер. Жә, қош...

– Рақмет, аға...

Ақкөздің жаңағы сөзі жүрегін жалындатып жібергендей, өзінде бір жойқын жігер пайда болғандай бек қанаттанып, қатайып қалды.

«Әкеңнің өшіп қалған ошағын жүрегіңдегі оттан тұтатарсың», – деді-ау. Бәлкім, ошағы өшкен, қазаны төңкерілген тек біздің үй ғана емес шығар. Өшпесе де өлегізігендер көп қой. Солардың да отын тұтатуға керек шығар, аға».

Бірақ бұл ойын ол әзір дауыстап айта алмады. Алыста қалған Талғар таудың бауырындағы жерошақ көзіне елестеді. Оның күлін алдақашан жел суырып әкеткен. Одан бері жаңбыр жауып, қар жауып, жерошақ опырылған. Бесағаштағы Тау-Шілмембеттің жеркепелерінің орнында бүкшиген-бүкшиген кішкентай төбешіктер қалған. Олардың үстін ызалы, ызғарлы жалау сияқты шоңайна тікен басқан. Шоңайна тікен кешке таудан жел соққанда ызыңдап әлдене айтқысы келер. Бірақ оның тілін кім түсінеді? Шоңайна тікеннің ызыңы... Оның тілін білген бар ма...

Бағанағы дуана аттылы Ақкөздің алдынан тағы кездесіп:

– Уа, Ақкөз, атыңның дүбірінен таныдым. Аттандың білем ауылға. Ал жолың – шыдыр, жолдасың – Қыдыр болсын, жолбарысым! – деді.

Дәл бір ұлы жорыққа шығарып салып тұрғандай, жаюлы қолын жиып алып, қасаң қайыстай бір жапырақ бетін сипады.

Тұрар интернатқа қайтпақшы еді, базар қақпасынын алдынан тағы бір соқырды көріп тоқтады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий