Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ол қоритын байлық шамалы. Айбар байдан қалған үйдің алдында әр жерінен ағаш тіреу қойған бастырмасы бар. Сол тіреу бөренелерді қағып әкетпесе, басқа ұрлайтын зат жоқ. Айтпақшы, ең шеткі бөлмеде азық-түлік, азын-аулақ мүлік сақталады. Оның кілтін Әліпбектің өзі ұстайды. Азық-түлік болғанда, интернаттың балаларына көже пісіретін бірер қап қызыл бидайдың ұны, бірер қойдың еті, бір қап қант, шикідей ақтаған ботқалықтары... Бір бума ақ жайма, моншадан кейін балалар ауыстырып киетін бір десте таза жейде-дамбал, тағысын тағылар.

Демалыс күндері интернатта жалғыз қалатын Тұрарға бола мұнда қазан асылмас. Аспаз әйел де демалады. Әліпбектің айтуымен аспаз әйел Тұрарға бір күндік тамақ тастап кетеді. Жарты бөлке нан, үш-төрт түйір қант, бір кесек ащы ірімшік...

Қабылбек екеуі құрғақ тамақты бөліп жеп, қалайы тостағанмен суық суды сіміріп-сіміріп, білтелі шамның жарығымен кітап оқуға кіріскен. Әлгіде ғана тақыл-тұқыл тамақты қомсынып, Ойталдағы апасы асқан еттен құр қалғанына іштей өкініп отырған Қабылбек енді Тұрар Лермонтовты дауыстап оқыған кезде Ойталды да, дәмді етті де лезде ұмытты.

Өлеңді оқып болып, Тұрар кітаптың бетін тарс жапты да, білте шамның әлсіз сәулесімен көмескі көрінген терезеге көзін қадап, мелшиді де қалды. Оң көзінің алдына жалғыз тамшы жас сынаптай үйіріліп келіп, сол қалпы бір түйір гауһарға айналып қалған сияқты еді.

Қабылбек Тұрардың жаңа ғана жарқылдап отырып, кенет жауар бұлттай түнергеніне таң қалса да, үндеген жоқ. Сыныпта екеуі екі жылдан бері бір партада отырып, әбден бір-біріне иісі сіңісіп кеткен. Оқтын-оқтын Тұрардың кенет бұлт бүркеніп қалатынын Қабылбек бұрыннан білетін.

Терезенің ар жағы қап-қараңғы. Мына тыныштықта күздің жаңбыры тырс-тырс тамшылап тұрғаны естіледі. Терезе сырты қап-қараңғы болғанмен Тұрар сол түнектен өз әкесін көреді. «Қапастың қақпасын ашыңдар! Жарық күннің сәулесін көсетіндер! Қаракөз ару мен қара жал арғымақ қайда? Қаракөз ару алыста. Қаражал айғыр – көкорай шалғын жайлауда. Ер-тоқымсыз, жүгенсіз бұлғаңдауын қарашы. Әттең, дүние, дәрмен жоқ. Тас абақты тарс жабық, елегізген шырағдан ғана тілсіз жолдас. Темір есіктің ар жағында етігінің тақасы тақылдап қарауыл ғана жүр. Жападан-жалғыз Рысқұл. Елің қайда? Арқасын азап тескен Тау-Шілмембет қайда? Бор болған боздақтар. Қаракөз Ізбайша қайда? Қарлығаштың аузын ашқан балапандарындай Тұрар мен Түйметай қайда?».

Көкесі дәл қазір дәп осылай деп айтқандай Тұрардың құлағына алыстан талып Рысқұлдың үні келді. Сол үн естілмей қалмасын дегендей бала тыныштық тілеп, дем алмай отырған тәрізді. Алыстағы әкесімен үнсіз сөйлесуге Тұрар осылай әдеттеніп алып еді.

Тілсіз тығырыққа тіреліп отырған екі баланы даладан естілген салдыр-сұлдыр дыбыс селт еткізді. Екеуі де терезеге жабыса қарап қалып еді, қараңғы ауладан ештеңе көрінбеді. Тұрар әлденеге сезіктенгендей босағада жатқан темір шыбықты ала сала далаға атып шықты. Қабылбек қарап отырсын ба, ол да жүгірді. Қойманың алдынан әлдекімдер қараң-құраң еткендей болды.

– Бұл қайсың-ей! – деді Тұрар.

Әлгілер ауланың арғы шетіне апыр-топыр қаша жөнелді. Бойшаң біреуі дуалдың ернеуіне қол артып үлгірді. Аласасы дуалдың биігіне қолы жетпей қайта құлап түсті. Биіктен аунап, ары домалап бара жатқанын Тұрар темір шыбықпен май құйрықтан бір осып үлгірді. Аласа бойлысын Қабылбек ұстап алды.

– Өй, мынау... Серікпісің? – деді Қабылбек дауысы оқыс шығып кетіп. Қолға түскен «тұтқын» бетін жеңімен бүркемелей беріп еді, Тұрар оның қолын қағып жіберді.

– Серік!

– Әй, қайдан адасып жүрсің?

Серікте үн жоқ. Ана екеуі оны сүйреп, қойманың алдына алып барды, баланың басындай қара құлып орнында екен. Тұрардың аяғы жерде жатқан ауыр затқа тірелгендей болды. Еңкейіп қарап еді – сом темір екен.

– Қоя беріңдер мені, әкем ұрсады, – деді Серік жалынып.

– Жәй, қыдырып жүр едік, сендерге келе жатыр едік...

– Е, бізге келе жатсаң, біздің есік анау, қоймада нелерің бар? Қасыңдағы кім?

– Жәй, біздің көршінің баласы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий