Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Алтын мүйіз ақ марал дедің бе? Ойбай, оны біздің ауылдың жігіттері күн бойы қуып әбден қалжыратып, қамап тұрғанда Ұлпанжан айырып алып қалған... Байғұс марал қалжыраған соң көлге күмп беріп түсіп кетіпті. Сол емес пе екен Ұлпанжан?

— Сол болар.

Ұлпанның маралды айырып алып қалғаны рас болатын. Жігіттер көлге түсіп кеткен маралды қалай ұстаудың айласын таба алмай Артықбай шалдың садағын сұратып кісі жіберіпті. Ұлпан әкесіне:«Берме!»—деді де, атына міне сала шауып кетті.

Ол Ұлпанның анда-санда көріп жүретін маралы еді. Қумайтын, ит айтақтамайтын қызға маралдың көзі үйренісіп келе жатқан. Көп жақындатпағанымен секіріп-орғып қашып та кетпейтін. Шілік жапырағын жұлып алып Ұлпаннан көзін айырмай сақ тұрса да қарап тұра беретін.

Ұлпан көлге келсе он бес шамалы салт атты жігіттер көлді айнала қоршап алып ит айтақтап шапқылап жүр екен. Судың суынған кезі, көлге ешкім түсе алмапты.

Ұлпан жігіттерді қуып жіберді.

— Немене, қырық үйлі Күрлеуіт қырық жапырақтан бөліп алайын деп пе едіңдер? Тиюші болмаңдар! Бұл менің маралым! —деді.

Жігіттер ұялып, иттерін ертіп тарасып кетті. Аздан кейін марал да судан шығып, сілкініп алды да, қалың ағаштың арасына кіріп жоқ болды. Күн бойы адам баласынан қуғын керсе де Ұлпаннан бұл жолы да қашқан жоқ, сергек аяңдап жүре берді.

— Жарықтықтың көзі-ай, қап-қара...— деді аңшы Мүсіреп.

— Қара көз, ақ маңдай демейсің бе! — Мұны Есеней өзі қыстырып қалып еді, Ұлпанға тым туралап айтылғандай болып шыққанынан қысылып, түрікпен Мүсірепке бұрылып:

— Сен бөлініп кетпегенде, ақ марал құтылмайтын еді! — дей салды.

— Е, ол маған да кездесті. Жан-жануар болып жаралғанның сұлуы екен. Елу қадам жерден шілік арасынан атылып шығып еді, қумадым.

Ұлпан алғыс көзімен Мүсірептің жүзін бір сипап өтті.

— Мен иттерімді адал жан-жануарға ауыздандырмай жүрмін. Сонша сұлу жаралғанды итке талатып, қанға бояп соғып алуды обалсынамын. Менің құмарым қасқыр мен түлкі ғой...

«Шының ба? Неғып?»—дегендей Ұлпанның аз ғана күлімдеген көздері жарқ етіп Мүсірепке қарай тағы бір серпіліп қалды.

Маралды мақтаған сөздердің Ұлпанға арналып жатқанын серілеу Мүсіреп қолдады да, оны түз тағысындай соғып алуға қарсы екенін аңғартты.

— Ұлпанжан, сенің тілектесің, де бар екен! — деп Артықбай қуанып қалды.— Оның өзін осы ауыл түгел Ұлпанның маралы дейді. Бәрі күзетіп жүреді.

— Ойбай, ақ патсам, тимейін маралыңа, тимейін. Ендігәрі көз тіксем, бесікте жатқан бөбегімді, көрмейін! — деп аңшы Мүсіреп қарғана бастады.

— Екі лағы мен енесі Тұздыкөл маңайында жүреді,— деп, Ұлпан оны да ескертіп қалды.

Есеней марал жайындағы әңгіменің басталып кетуіне қуанса да, аяқталуына наразы болып қоңырайып қалды. Алдымен өз ағайыны Мүсірепке өкпеледі. Маралды қызға теңеп мақтай бермей, итке талатып... қанға бояп... соғып алған обал болады дегені қай сандалғаны? Әдейі мені ыза қылайын деп айтады. Тым болмаса бір кеш қызды айтып маралға теңеп, маралды айтып қызға теңеп ойнап-күліп отыруға болатын еді ғой. Ұлпан да сезден қашайын деп отырған жоқ еді. Екі Мүсіреп кезек-кезек киіп кетіп,сөз аяғын құрдымға апарып жоғалта бергенін көрдің бе!.. Өзім де құдайға шүкір, кеп олақтың бірімін... Айып-қиып, ат жайы, марал жайы сөз болды... Соның бірде-бірін не иіріп, не шиырып әкете алмадым. Ұстала бердім. Тегі, мен сездің өру-өрбітуіне көңіл қоймай, байламын айтып әдеттенген адаммын. Қызға сөздің байламы не керек? Он күн ойлансам да келер бір кеште Ұлпаннан басқа тірі жанға сөз бермей... Ұлпан ыс айтса да қағып алып... біресе күлдіріп... біресе ойландырып... кейде төбесінен шүйілген қырандай... кейде оқтай қадалып... күйдіріп, жандырып... қайтармын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий