Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жас әйел Ұлпан асқан ақылды адам еді. Өз айтарын әуелі Есенейге айтқызып алып, өз байламын әуелі Есенейге байлатып алып жүр. Есеней де «мына қатын былай деп еді» деп Ұлпанның атын шығара сөйлейді. Есеней Ұлпанына риза, Ұлпан Есенейіне риза, жарықшақсыз жарасым тапқан кездері еді.

Есенейлер жұртқа қайтып оралғанда аттар жегулі, ағаш көлеңкесінде қымыз сапырып отыр екен. Ұлпан түсе сала қымызға ұмтылды да, әлдеқандай әдеп түсе қалып:

— Есекесі, тезірек отырыңызшы,— деді.

Есекесі де екі айттырған жоқ. Бәрі де сусап қайтып еді. Бары қымыз, дәрі қымыз ішіліп болған соң, Есеней Шондығұлға келесі тапсырмасын айтты.

— Біз жайлауға бірер күн кешігіп жетерміз. Сен бұрынырақ барып әр ауылды әз орнына реттеп қондыратын болшы,— деді.

— Бұрынғысынша қонатын болар?

— Тап бұрынғыдай емес. Біздің ауыл бұрынғы орнына қонар. Бұрынғы Еменалы аулының орнына бұдан былай мына кісінің ағасының аулы қонатын болады.

— Мүсіреп ағайдың ауылын айтады.

— Иә, сол ауыл. Еменалы Бесбай ауылының ар жағына бұрын мына кісінің ағасының ауылы отыратын шетке қонсын! Мына екі атты жетелей кет те, біздің көшке жеткенде жылқышыға тапсыр. Өзің біздің, жылқыдан таңдаған атыңды мініп кет...

— Қараша ауылың қалай қонушы еді?—деп сұрады Ұлпан.

— Айтқандайын, ол ауыл жылдағысынан көлге қарай бір табан жақынырақ қонсын. Біздің ауыл бір табан шегіне қонар...

Шондығұл Есенеймен қоштасқан соң жолшыбай оның бұйрықтарын да бұлжытпай орындап, жайлауға суыт жүріп кетіп еді. Аз-ақ кешікпей жеткен екен: Еменалы көші жылдағы орнына қарай бұрыла бергенде жетті.

Қасында бір-екі әумесер жігіттері бар, көшін жанамалап салт келе жатқан Еменалыға Шондығұл сәлем берді:

— Көш көлікті болсын!

— Сенен көлік сұрай қоймаспын!

— Дұрыс айтасың, саған беретін көлігім болып көрген жоқ. Ағаңның бұйрығын әкелдім: сен биыл Бесбай ауылының ар жағына қонасың.

— Мен немене, елдің шетіне қонатын Түрікпен болғаным ба?

— Кім болғаныңды ағаңнан сұрарсың.

— Ағаңның бұйрығы дегенше ана жалаң бұт келген тоқалдың бұйрығы деп турасын айтар едің-ау сең Ұлтанқұл болмасаң!

Арғы аталары әлдеқайдан келген кірме Шондығұлға «құл» дегені батып кетті.

— Хан тұқымы деп, ойнастан туған бір кегер-аяқ маймақтың құлы болып жүрген нағыз құл сенсің!— деді Шондығұл.

— Оттама енді!— Еменалы қамшысын оқтайлай бастады.

— Сен-ақ отта!— Шондығұл да сойылының шоқпар басын жерге тік тіреп, сол қолымен сүйеніп алды.— Бұр көшіңді!

Еменалы оған не істей алсын! Есенейдің елшісі түгіл қойшысына қолың тиіп кетсе, ат-тон айып тартасың!

— Бұр көшіңді!— деп Шондығұл тағы жекірді. Жанжал іздеп тұрған сияқты екен...

Еменалы Шондығұлдың ата-бабасынан бастап сыпыра бір боқтады да, көшін бұрып әкетті. Шондығұл да есесін жібергісі келмеді. Жеңген адамның айғайына салып, баптап боқтағысы келді:

— Мен бар-ау... сенің бар-ау, әй... іркіт құятын ескі мес сияқты қатыныңның бар-ау... әкесінің бар-ау... тап-тап бар-ау...

Шондығұл «бар-ау, бар-ауын» айтып болғанша, Еменалы ұзап кетті. Қағылатын мық шеге қағылмай қалды...

Еменалыдан басқа ешкіммен ұрыс-керіс болған жоқ. Өзге ауылдар Шондығұл әрі отыр десе, әрі жылжып, бері отыр десе, бері жылжып, жазғы ақ үйлерін тіге бастады. Есенейдің өз қоңсылары да тақыр-таза, тыр жалаңаш емес екен қоңыр-ала, боз-ала ауыл болып қонып жатыр. Кәдуілгідей желі тартып, бие байлапты. Ол ауылда да түйе бақырады, айғыр оқыранады, қой маңырайды. Қай ауылдан болса да қуаныш дауыстары естіледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий